Cемей19°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.81 578.59 6.51

«Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында энергетикалық инфрақұрылым нысандарындағы жабдықтардың тозуы 40%-ға дейін төмендейді

28-05-2025, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесіне арналды.

2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезең тұрақты өтті. Жылыту кезеңінде ірі технологиялық бұзушылықтар байқалмады. Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов хабарлады.

Оның айтуынша, 2024 жылы қабылданған шаралар энергия көздері бойынша жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды 2023 жылғы көлемнен 44%-ға, яғни, 327 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берген. Сол сияқты жылу желілерін жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 28%-ға, яғни, 148 млрд теңгеге дейін артқан. Нәтижесінде, жөндеу кестесіне сәйкес электр стансаларында 10 энергия блогы, 55 қазандық пен 45 турбинаға, ал электр желілерінде 21 мың шақырым электр тарату желілері мен 423 қосалқы стансаға жөндеу жүргізілген. 542 шақырым жылу желілері реконструкцияланған.

Өткен күзгі-қысқы кезеңде энергия көздерінің отын қоймаларында 5,4 млн тонна көмір және 141 мың тонна мазут жинақталды. Оған қосымша жеңілдікпен берілетін 270 мың тонна әлеуметтік мазут қоры ұйымдастырылып, энергетика орталықтарына арзан бағамен таратылған.

«Мемлекет басшысының энергетикалық бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Жылу энергетикасы туралы» жаңа Заң қабылданды. Оның аясында келесідей негізгі түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Ендігі жерде мемлекеттік энергетикалық бақылау Кәсіпкерлік кодексінің талаптарынан тыс жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде былтыр 472 тексеру жүргізіліп, 168 млн теңгеге айыппұл салынды. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылу желілері мен қазандықтарды бақылау функциялары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен алынып, Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне берілді. Еліміздің энергетика нысандарына өндірістік-энергетикалық бақылау институты енгізілді, ол заңнама талаптарының бұзылуын анықтауға және алдын алуға тікелей бағытталған. Энергетикалық ұйымдардың бірінші басшыларын, техникалық басшыларын (бас инженерлерін), еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтері (бөлімдерінің) басшыларын тағайындау енді техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасын білу бойынша біліктілік тексеруден өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Яғни, аталған басшыларды біздің Комитетте емтихан тапсырмай, қызметке тағайындауға болмайды», — деді ол.

Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске де  толықтырулар енгізілді. Онда энергия кәсіпорындары бірінші басшыларының да жауапкершілігі көзделген. Оларға жөндеу мерзімдерін бұзғаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, қысқы кезеңде отынның нормативтік қорын сақтамағаны үшін 100 АЕК-тен 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Оған қосымша үлкен кәсіпорындарға Әзірлік паспортын алмағаны үшін және электр желілерін бүлдіргені үшін айыппұл мөлшері ұлғайтылды. Мысалы ол бұрын 300 АЕК болса, қазір 1500 АЕК-ке, яғни 5,5 млн теңгеге жетті.

«Аталған шаралар жылыту маусымының тұрақты өтуіне және еліміздің энергетикалық кәсіпорындарының сенімді жұмысын қамтамасыз етуге тікелей әсер етті. 2024 жылы электр жүктемесінің максимумы 17 203 МВт-ты құрады, бұл алдыңғы жылғы деңгейден 3%-ға артық. Соның ішінде келесі көрсеткіштерді атап өткім келеді. Жылу желілерінің температуралық кестесін сақтамау жағдайларының саны 215-тен 65-ке дейін 3 есеге қысқарды. Электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар 782 жағдайға дейін, яғни, 27%-ға төмендеді. Осы көрсетілген технологиялық бұзушылықтар бойынша біздің министрліктің энергетикалық қадағалау комитеті құзыреті шеңберінде тиісті тергеулер жүргізіп, осындай жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін ұсынымдар берді. Жылыту маусымының қорытындысы бойынша 9 жылу-электр орталығы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, 3 ЖЭО «сарыдан» «жасыл» аймаққа көшті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», — деді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Өз баяндамасында Сұңғат Қуатұлы 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес, биыл электр стансаларында 10 энергия блогына, 63 қазандық пен 39 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланғанын айтты. Бүгінгі күні 4 энергоблок, 19 қазандық және 10 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1 энергоблок, 2 қазандық және 1 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 44 қазандықты күрделі жөндеу жоспарда бар. Басқа турбиналар мен қазандықтар ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы қысқы маусымға 100% дайындалмақ. Электр желілері мен қосалқы стансаларда да кестеге сәйкес жұмыстар жүріп жатыр.

«Энергетикалық көздер бойынша жоғарыда аталған жөндеу жұмыстарына биыл 373 млрд теңге жоспарланған, бұл өткен жылғы деңгейден 14%-ға жоғары. Алдын ала берілген өтінімдерге сәйкес, Үкімет резервінен 25,4 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы 323 шақырым жылу желілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау үшін 89,7 млрд теңге инвестиция көзделген. Оның ішінде, 75,7 млрд теңге бюджет қаражаты болса, кәсіпорындардың тарифтік сметасы шеңберінде 14 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жаңа ұлттық жобасы шеңберінде осы жылы 129 шақырым жылу желілерін жаңғырту үшін жалпы сомасы 98,7 млрд теңгеге инвестиция тарту жоспарлануда. Сонымен қатар бүгінгі таңда жылу желілерін реконструкциялау мен жаңғыртудың 56 жобасын жүзеге асыру үшін 103,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыруға қосымша қажеттілік бар. Атап айтқанда, бұрын басталған 28 жобаны аяқтау үшін 37,3 млрд теңге және биыл күрделі жөндеуден өткізу мақсатындағы тағы 28 жаңа жоба үшін 66 млрд теңге қажет», — деді ол.

Оның айтуынша, Ұлттық жоба аясында алдағы бес жылда 77,5 мың шақырым электрмен жабдықтау және 1,6 мың шақырым жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту көзделген. Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жөнінде шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Ұлттық жобаға қатысатын субъектілер, инженерлік желілер мен генерациялау нысандарын жаңғырту көлемі айқындалған. Қазіргі кезде Мәжілісте тиісті заңнамалық өзгерістер қаралуда.

«Биылғы қаңтар айынан бастап министрлік алаңында техникалық оператор ретінде айқындалған «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ-мен және табиғи монополиялар субъектілері өкілдерімен бірлесіп, электр және жылумен жабдықтау жөніндегі пилоттық жобалар қаралуда. Бүгінгі күні 200 млрд теңгеге дейін электр-жылу жабдықтау жобалары айқындалды. Қазір тиісті қаржылық институттар қаржыландыру жолдарын қарастырып жатыр. Бұл ретте генерация секторы бойынша жобаларды іске асыру бюджет қаражаты есебінен субсидия тартпай-ақ электр қуаты нарығының қолданыстағы тетіктері шеңберінде жүзеге асырылатынын атап өту қажет. Ұлттық жобаны іске асыру қорытындысы бойынша генерация нысандары мен электр, жылу желілерінің тозуын орта есеппен 40%-ға дейін төмендету және отандық тауар өндірушілерді қолдау жоспарлануда», — деді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Алдағы жылыту маусымы тұрақты өтуі үшін Энергетика министрлігі техникалық және ұйымдастырушылық іс-шараларды жүзеге асыруда. Оның барысын Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті қадағалайды. Келесі күзгі-қысқы кезеңге энергетикалық кәсіпорындарды сапалы дайындау бойынша жұмыстар жалғаса бермек.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив