Ақсай құрбандарына ескерткіш орнатылды
Тарихта 1931-1933 жылдар аралығында кеңестік империяның озбыр саясатының кесірінен қазақ даласын жайлаған ашаршылықтың зардабы қандай болғаны бәрімізге белгілі. «Асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын» деген Қазақстанның сол кездегі басшысы Голощекиннің зұлым ұстанымы ұлтымызды ұмытылмастай нәубетке ұшыратты. «Ет тапсыру» науқанымен ұрандатып, қарапайым жұрттың алдындағы ақ, адал малын күштеп тартып алудың ақыры халықтың жаппай бас көтеруіне ұласты.
Ақиқаты сан дерекке толы сондай қарсылықтың қатарында «Абыралы көтерілісі» деген атпен тарихта қалған қанды оқиға да тұр. Қайнар ауылынан (бұрынғы Абыралы ауданының орталығы) арыда жатқан Ақсай жерінде болған көтеріліс жайында «Википедия» анықтамалығындағы деректерге зер салған жанның төбе құйқасы шымырлайды.
Наразылық қалай басталды?
«1931 жылы қаңтар айында БК (б)П ОК мен өлкелік комитетінің, Қазақ АКСР-ыүкіметінің шешіміне сәйкес бүкіл республикасы бойынша өкіметке мал тапсыру жоспарының 70%-і сол жылдың 1-тоқсанында орындалуы талап етілді.[1] Жоспар бойынша Абыралы ауданының шаруалары әуелі 8745 тонна, кейін түзетілген есеп бойынша 3379 тонна ет өткізуге тиісті болды. Бірақ бүкілауданы халқының қолындағы малды түгел өткізген күнде де шаруалар бұл жоспарды орындай алмайтын еді. Олардың басы артық малы осыған дейін-ақ ортаға және өкіметке тартып алынған болатын. Соған қарамастан ауданы мекемелер бұл науқанды іске асыруға қызу кірісіп кетті. Осының нәтижесінде 1931 жылы 12 ақпанда аудандағы барлық ауылдарда қарсылық әрекеттері басталды. Ауданның шығыс жағындағы 2, 3, 5, 7, 12 және 14 ауылдардың Қосқан Бітебаев, Түскей Смағұлов т.б. бастаған 700-дей адамы аудан орталығы — Қайнарға шабуыл жасады. Қайнарды қорғап тұрған қарулы отряд оған тойтарыс берген соң, олар ауылдарға тарап, ұсақ топтарға бөлініп, маусым айына дейін қарсылық әрекетін тоқтатқан жоқ. 1931 жылы маусымда ОГПУ әскерлерінің күшімен олардың бәрі тұтқындалып, жауапқа тартылды. Ауданның солтүстік-батыс жағындағы 4-6-ауылда Ысқақ Кемпірбаев бастаған 300-ден астам шаруалар (қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы “Бақты”, “Еңбек”, “Прогресс” ауылдарының жерінде) қарсылығы тегеурінді сипатта өтіп, кеңестік әскерге бір айға дейін берілмеді. Ауданнан шыққан коммунарлар отрядын (20 адам) тұтқынға алып, үкіметке зорлық-зомбылық саясатын тоқтату жөнінде талап қойған олар елден тартып алынған мал мен астықты халыққа қайтартып бергізді. Бірақ Қарқаралыдан, Семейден келген ОГПУ-дың тұрақты әскери бөлімдеріне төтеп бере алмай жеңіліске ұшыраған көтерілісшілердің көпшілігі қаза тапты. Көтеріліс басшысы Ы. Кемпірбаев және басқалары тұтқынға алыңды. 1931 жылы күзде Абыралы көтерілісіне қатысқан 500-ден астам адам жауапқа тартылды. Тек Кемпірбаевтың жасағында болғандардан 274 адам сотталып, 85 адам атылды».
«Туған жерге тағзым» бастамасымен жүзеге асқан іс
Қойнауында әлі талай шерлі шындық тұнып жатқан Ақсай жерінің кейінгі ұрпақ үшін тарихи маңызы айрықша. Өйткені, жоғарыда айтылған сол кездегі ауылдардың барлығы дерлік осы төңірекке қоныстанған екен. Алдындағы азын-аулық төрт түлігінен өзге күнкөрісі жоқ жазықсыз жұрт онысынан айырылса, қалай қамсыз отырсын?! Азаматтары амалсыздан атқа қонған осынау тегеурінді қарсылық ел аузында «Қамбар көтерілісі» деген атпен де айтылып, бүгінгі күнге жетті. Дегенмен, жұртын сақтау үшін жан алысып, жан беріскен сол алапат айқас болған тұсқа ескерткіш белгі орнатудың өте қажет екендігі де біліне бастап еді. Бұл бір жағынан тарихи тағылымы зор іс болса, екінші жағынан кеңестік озбыр саясаттың қандай болғанын ұрпақ жадында жаңғыртуға жол ашатын қадам болатын.
Міне, сол көптен бері айтылып жүрген бабалар алдындағы перзенттік борышты орындаудың орайы келді. «Қамбар баба» қорының ұйымдастыруымен және ел азаматтарының ат салысуымен Ақсай биігінің лайықталған жерінде көтеріліс құрбандарына арнайы жасалған ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің ашылуына орай Семей, Абыралы өңірінен бөлек Қарқаралы (Қарағанды облысы), Екібастұз (Палодар облысы) Созақ (Түркістан облысы) аудандарындағы аталас ұрпақтары бір кісідей жиналды. Түркістаннан келген Сатулла қажы Ақсай құрбандарының рухына бағыштап, құран оқып, тағзым жасады.
Ескерткіш лентасын қию рәсімін «Қамбар баба» қорының басшысы Жандос Қасымжанұлы орындап, жиылған қауымға шынайы тебіренісін жеткізді. Алғашқы лекте сөз алған осы қордың белсенді мүшесі, Абай облыстық мәслихатының депутаты Марат Құрманбай бұл істің «Туған жерге тағзым» бастамасымен жүзеге асқанын атап өтті.
Бұдан кейін сөз алған Құдайберген Советханұлы, Мақсан ақсақал, Азамат Амантайұлы, Тілеуғазы Хасенұлы, Мақсат Советханұлы тағы да басқа ел азаматтары сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Шара соңында С. Кәріпбаев «Ақсай шері» толғанысын оқып, сол бір ауыр жылдардағы бабалар ерлігін жырмен суреттеп жеткізді.
Айтулы оқиға соңында Қайнар ауылындағы мешіт қатымханасында арнайы ас беріліп, 1931 жылы болған наразылық құрбандарының рухына құран бағышталып, ас берілді.