Сертификаттарды беруді цифрландыру нәтижесінде 20 миллиард теңгеге жуық қаражат көлеңкелі экономикадан шығарылды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сауда саласын цифрлық трансформациялау барысы мен даму болашағы қаралды. Жиында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун сауда саласын цифрландыруды дамыту мәселелері жайында баяндады.
Ол қазіргі таңда сауда саласында әртүрлі мемлекеттік органдар көрсететін мемлекеттік қызметтің 66 түрі бар екенін атап өтті. 2024 жылдың қорытындысында 17 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Қызметтердің барлығы 100% онлайн форматта көрсетіледі.
«Цифрландыру алдында министрлік реинжиниринг процестеріне қатысты жұмыстар жүргізеді. Мысал ретінде «электронды сертификат» кейсін айтуға болады. Ұзақ уақыт бойы бұл салада «сұр» сертификаттар тіркеусіз және нақты өлшемсіз жаппай шығарылды, сондай-ақ құжаттардың түпнұсқалығын тексеру үшін бірыңғай деректер базасы болмады. 2024 жылы реинжиниринг іске асырылғаннан кейін процесс толығымен цифрландырылды. Нәтижесінде «Техникалық реттеу» жүйесінде сертификаттарды міндетті түрде тіркеу енгізіліп, жалпыға қолжетімді QR арқылы заңдылықты тексеру мүмкіндігі іске асты. Нәтижесінде берілген сертификаттар саны 2 миллионға дейін ұлғайды және 20 миллиард теңгеге жуық қаражат көлеңкелі экономикадан шығарылды», — деп атап өтті цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун.
Сондай-ақ ол қазақстандық компанияларды халықаралық сауда алаңдарына шығу кезінде қолдауға бағытталған «Экспорттаушыларды жеделдету» кейсінің реинжинирингі жайында да айтты. Ол бұрын бұл процесте құжаттар қолмен өңделіп, нақты талаптар мен мерзімдері көрсетілмегенін, осылайша өтінімдердің күйін қадағалау мүмкін болмағанын атап өтті. Бұл экспорттық белсенділікті бәсеңдетіп, бизнестің сенімін төмендетіп келген еді. Ал реинжиниринг нәтижесінде жасанды интеллект қолдана отырып хабарламаларды интеграцияланған жүйеге біріктіретін және құжаттарды автоматты түрде тексеретін орталықтандырылған цифрлық платформа іске қосылады. Бұл өтінімдерді өңдеудің тиімділігін 60%-ға арттырады. Сол сияқты вице-министр сауда саласын автоматтандыру бойынша түрлі шешімдер әзірлейтін компаниялар 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашқанын хабарлады.
«Astana Hub экожүйесінде сауда секторының стартаптары қарқынды дамып келеді. Онда жұмыс істеп тұрған компаниялар онлайн және офлайн сатылымдарды автоматтандыруға, тауар қалдықтарын басқаруға, сатып алушылардың мінез-құлқын сараптауға, сондай-ақ логистика мен маркетплейстерге арналған сервистер үшін түрлі шешімдер әзірлеуде. 2024 жылдың аяғында бұл саладағы компаниялар 65 миллиард теңгеден астам табыс тауып, 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Сауданы цифрландыру саласындағы шешімдердің бірі – BEKSAR платформасы, бұл – сатуды, аналитиканы, тұтынушыларды және қаржылық басқаруды автоматтандыру жүйесі. Оған Қазақстан бойынша 4,6 мыңнан астам сауда орындары біріктірілген, олардың жалпы айналымы 1 триллион теңгеден асады. Жоба – Astana Hub пен Google for Startups Silkway Accelerator екеуінің бірлескен акселерациялық бағдарламасының өнімі, масштабталатын технологиялық стартаптарды қолдаудың негізгі құралдарының бірі», — деді Дмитрий Мун.
Оның айтуынша, Silkway Accelerator аясында пайда болған тағы бір тиімді шешім – кәсіпкерлерге арналған Prometei SuperApp қолданбасы. Ол – Wildberries, Ozon және Kaspi сияқты маркетплейстер арқылы жеке қоймаларсыз және тауарларды алдын ала сатып алуды қажет етпейтін, онлайн сатылымдарды бірден іске қосуға көмектесетін құрал. Платформа Ресей мен Қазақстанның 200 брендінің бір 1 миллионға дейін өнімін сертификаттармен қоса сатып алушыға жеткізуге мүмкіндік береді. Өнімдерді автоматты түрде жүктеу және теңгерім’дерді жаңарту пайдаланушылар уақытын 60%-ға дейін үнемдейді. Вице-министр, сондай-ақ, сауда саласын дамыту және цифрландырудағы заманауи жаһандық трендтерді шолып шықты.
«Үнді тәжірибесі ашық электрондық коммерция экожүйесін сәтті жүзеге асырады. Шағын бизнес пен сатып алушылар ірі нарықтарда тікелей өзара әрекеттеседі. Оңтүстік Кореяның шағын және орта бизнесті қолдаудың, оның ішінде электронды коммерция құралдарын қолдану тетіктерін де атап_өткен жөн. Компанияларға шетелдік сатып алушыларды табуға, келіссөздер жүргізуге және онлайн режимінде экспорттық мәмілелерді рәсімдеуге мүмкіндік беретін платформа енгізілді. Жаһандық онлайн сауда көлемі 2030 жылы 70-75 триллион долларға жетеді деп болжануда», — деді ол.
Осылайша министрлік сауда секторын дамыту, және цифрландыру бойынша келесі шараларды жүзеге асыруды ұсынып отыр. Олар – электрондық коммерция саласындағы сатушыларға KYC (Know Your Customer) тексеру талаптарын енгізу. Бұл сатушылардың жеке басын және заңды мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Одан соң, «қауіпсіз мәміле» аясында тауарлар мен қызметтер тек расталғаннан кейін ғана_берілетін, ал қаражат уақытша шотта сақталатын (мысалы, эскроу шотында) электрондық сауда механизмін енгізу. Сондай-ақ реинжиниринг аясында берілген ұсыныстарды ескере отырып, сынақ зертханаларының аккредитация процесін цифрландыруды жеделдету.