Заң мен Тәртіп: «Таза Қазақстан» акциясы аясында 4 660 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды
Жыл басынан бері аумақтарды көгалдандыру қағидаларын сақтау және ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілерінің алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерекше маңызға ие.
Аталған акция бойынша Абай облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мейрбек Нүрекенов мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505 және 434-2-баптарына сәйкес жалпы саны 4 660 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 4 129 азаматқа ескерту берілді.
Атап айтқанда, 505-бап бойынша 4 292 хаттама толтырылып, оның 4 129-ына ескерту жасалып, 163 құқықбұзушыға айыппұл салынды. Ал 434-2-бап бойынша 368 хаттама рәсімделді.
«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңның 57-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша 25 хабарлама жолданды. Қазіргі таңда Семей қаласы, Бесқарағай, Көкпекті, Бородулиха, Жаңасемей және Ақсуат аудандарында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Соған қарамастан, Семей қаласы аумағында рұқсат етілмеген 2 қоқыс орны әлі күнге дейін жойылмаған.
Қорытындылай келе, экологиялық құқықбұзушылық – бұл тек заң бұзу ғана емес, ол қоршаған ортаға, халық денсаулығына және болашақ ұрпаққа төнетін қауіп. Сондықтан әрбір азамат табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтауы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.