Cемей12°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
539.55 627.55 6.7

Президент Жолдауын жүзеге асыру: Қазақстандағы әлеуметік саясаттың жүйелі шаралары мен нәтижелері

Бүгін, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау аясында әлеуметтік сала мен еңбек нарығын сапалы трансформациялауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Үкіметтің басты назары Жолдаудың негізгі қағидаттарын іс жүзіне асыруға бағытталған. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік қолдаудың проактивті және атаулы моделіне көшу жүзеге асырылып жатыр, барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктері бар инклюзивті орта қалыптастырылуда. Экономикалық өсуге жәрдемдесу мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және сапалы жұмыс орындарын құру жөніндегі шаралар кешені жүзеге асырылуда. «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуде, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуде және сындарлы әлеуметтік әріптестікті дамытуда көрініс табады.

Мемлекет басшысының Жолдауында және өзге де тапсырмаларында қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы толығырақ Primeminister.kz сайтындағы шолудан оқыңыз.

Әлеуметтік қолдаудың трансформациясы: атаулы бағыт, проактивтілік және цифрландыру

Мемлекет жыл сайын шамамен 4,5 млн адамды төлемдермен қамти отырып, өзінің әлеуметтік міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындап отыр. Биылғы 7 айда жоспарланған 6 трлн теңгенің 3,4 трлн теңгесі төленді. Оның ішінде:

  • 2,5 млн зейнеткердің 2,5 трлн теңге сомасында зейнетақысы;

  • жалпы сомасы 382 млрд теңге болатын 542 мың азаматқа арналған мүгедектігі жөніндегі және 195 мың отбасыға арналған асыраушысын жоғалтқанына байланысты жәрдемақы;

  • 613 мыңнан астам көпбалалы отбасыға және 243 мың марапатталған аналарға арналған 354,5 млрд теңге төлемдер;

  • 200 мыңнан астам отбасыға арналған бала тууына және бала күтіміне қатысты берілетін 61,8 млрд теңге жәрдемақы;

  • 102 млрд теңге көлемінде өзгедей де төлемдер.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік қолдаудың атаулы бағыты күшейтілді. Негізгі өзгеріс санаттарға бөлу қағидатынан нақты қажеттілік критерийлеріне көшу туралы болды. Ол үшін әр отбасының әл-ауқатын объективті бағалауға мүмкіндік беретін скорингтік модель жасалды. Жаңа тәсілдер ендігісі Шымкент пен Қарағанды облысында сынақтан өткізілуде.

«Біз мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қысқартпаймыз. Аталған өзгерістер зейнетақыға, мүгедектік бойынша, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыға және республикалық бюджеттен төленетін басқа да төлемдер сияқты мемлекеттік кепілдіктерге еш әсер етпейді. Біз жергілікті деңгейде көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың атаулылығы мен ашықтығын күшейтеміз», — деп түсіндірді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау кезінде енді медианалық табыс көрсеткіші қолданылады, сондай-ақ отбасының кірістері ғана емес, шығыстары да ескеріледі. АӘК-ке осы жеті айда 18,6 млрд теңге төленген, оны 48 мың мұқтаж отбасы алды. Еңбекке қабілетті азаматтар үшін көмек әлеуметтік келісімшарт талаптарында көрсетіледі: биыл оны алушы 8,3 мың адам отбасылық табысын арттыру үшін жұмысқа орналастырылды.

Атаулы және белсенді көмектің технологиялық негізі – «Бірыңғай цифрлық платформа және Отбасы картасы». Оның мақсаты – бюрократия мен адами факторды болдырмау үшін әлеуметтік көмектің барлық түрлеріне арналған бірыңғай «сандық терезе» құру. Платформа әртүрлі мемлекеттік жүйелердегі деректерді талдайды және қай отбасының қолдауға мұқтаж екенін өз бетінше анықтайды.

Жүйеге бүгінде 128 Отбасын қолдау орталығының қызметі кіріктірілген, ал жұмысқа білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, полиция және пробация қызметі салаларынан 32 мыңнан астам мобильді топ мамандары жұмылдырылған. Осы цифрлық экожүйенің арқасында өмірлік қиын жағдайға тап болған 4 мың отбасы қазірдің өзінде толық кешенді қолдауға ие болып отыр.

Инклюзивті орта қалыптастыру: қолжетімділік, сапа және тең мүмкіндіктер

Инклюзивті ортаны қалыптастыру жөніндегі жұмыс – Мемлекет басшысының Жолдауда белгілеген Әділ Қазақстан қағидатын іс жүзінде асыруға бағытталған әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Осы мақсатта мүгедектігі бар адамдарды қоғам өміріне толыққанды интеграциялауға бағытталған 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылуда.

Мұндағы негізгі құрал – «Әлеуметтік қызметтер порталы», ол маркетплейс ретінде жұмыс істеп, мүгедектігі бар адамдарға оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығын береді. Бүгінде портал арқылы 345 мыңға жуық техникалық оңалту құралдары (ОТҚ) ұсынылды, бұл жалпы қажеттіліктің 72,5%-ын жабады. Портал толығымен жаңғыртылды: нашар көретіндерге арналған нұсқа жасалды, санаторийлердің қолжетімділігі туралы деректерді қарауға болады, медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) бөлімдеріне онлайн-тіркелуге мүмкіндік бар, ал жақын арада инватакси қызметтерін жеткізушіні таңдау функциясы пайда болмақ, оны биыл 18,6 мың азамат пайдаланып үлгерді. ОТҚ-мен қамтамасыз ету тетігі де өзгеруде: олар уақытша және тегін пайдалануға берілетін болады, ал олардың жағдайын әлеуметтік-техникалық сараптама қызметі тексеріп отырмақ. Мұндай құралдардың құнын өтеуге кепілдік берілген соманы есептеу кезінде объективті болу үшін енді электрондық маркетплейстер мен Порталдан алынған мәліметтер ескерілетін болады. Сондай-ақ, жеке көмекшілердің санаттары кеңейтілді: енді олардың қатарына егде жастағы ерлі-зайыптылардың бірі кіреді, бұл ретте көмектің жеделдігін қамтамасыз ету үшін олардың қамқорындағы адаммен бір елді мекенде тұру шарты енгізілді.

Сонымен қатар кедергісіз орта құруға қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін «Интерактивті қолжетімділік картасы» жобасы жұмыс істейді. 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша картада 23 мыңнан астам бейімделген нысан белгіленді, бұл жалпы санның 55%-ын құрайды. Бақылаудың тиімділігі әлеуметтік инспекторлар жұмысының нәтижелерімен расталады: биыл 279 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 586 бұзушылық анықталды, 265 ұйғарым шығарылып, 45 млн теңгеге айыппұл салынды.

Медициналық-санитариялық сараптама саласында да проактивті жұмыс форматы енгізілді. Оған 60 тәуелсіз сарапшы дәрігер тартылып, 36,5 мың іс қаралды. Аурудың 30-дан астам нозологиялық нысандары бойынша мүгедектікті белгілеудің сырттай форматы енгізілді, ал ампутация немесе Даун синдромы сияқты қайтымсыз өзгерістері бар жекелеген нозологиялар бойынша автоматты режимде 31 сараптама жүргізілді.

«Жыл соңына дейін біз жасанды интеллектіні қолдана отырып, өмір сүру жағдайының шектелуін бағалайтын балдық жүйеге негізделген пилоттық жобаны іске қосамыз. Бүкіл ел бойынша мүгедектік пен кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылуды бағалау бірдей көрсеткіштер болған кезде адами фактордың және сарапшылардың субъективті пікірінсіз автоматты түрде белгіленетін бірыңғай стандарт енгізіледі», — деп хабарлады Светлана Жақыпова.

Президенттің тапсырмасы бойынша Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында заманауи жабдықтармен жабдықталған төрт жаңа әлеуметтік оңалту орталығы ашылды. Олардың қызметтерімен 2 мыңнан астам адам қамтылған.

Әлеуметтік инновацияларға қолдау көрсетілуде: Астанада ITMLab жобасының қорытынды кезеңі өтті, оның аясында 18 команда мүгедектігі бар жандардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша әзірлемелерін ұсынды, олардың алтауы 1 млн теңгеден гранттар алды. Бұл бастама инвесторлар мен бизнестің қызығушылығын тудырып, олар болашағы зор стартаптарға әріптестік жасауды ұсынды.

Қызметтер сапасын арттыру үшін жүйелі деңгейде лицензиялау енгізілді, бүгінгі таңда 572 орталық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия алды. Бұл жосықсыз жеткізушілерді шеттетіп, негізсіз қаржыландыру мәселесін шешуге мүмкіндік берді, ал алаяқтықтың анықталған фактілері бойынша барлық материалдар тиісті органдарға жіберілді. Әлеуметтік қорғау жүйесінде барлығы 12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді, олардың 11 мыңы оқудан өткен.

Жұмыспен қамтуды ынталандыру және еңбек нарығын дамыту: жаңа жұмыс орындары және цифрлық шешімдер

Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 3,3 млн азаматты жұмыспен қамтуды тапсырды, бүгінде бұл жоспар 73%-ға орындалды. Жыл басынан бері 480 мыңға жуық адам жұмыс тапса, оның 134 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды. Бұл ретте биылдан бастап еңбек шартын жасасу және әлеуметтік төлемдерді аудару міндетті шарт болмақ. Сапалы жұмыс орындарының саны да артып келеді: бүгінде экономикада олардың саны 2,6 млн-ды құрайды, ал жоспар бойынша 2029 жылға қарай 3,8 млн-ға жеткізу көзделген.

Платформалар арқылы жұмыспен қамтуды ресімдеуге ерекше көңіл бөлінуде, олар – тапсырыс жеткізушілер (курьерлер), такси жүргізушілері және басқа да қызмет көрсету саласының қызметкерлері. Қазірдің өзінде 2024-2025 жылдары әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде өздерін қорғауды қамтамасыз ете отырып, 2,5 млрд теңгеден астам әлеуметтік төлемдер аударған 87 адамның қызметі рәсімделді. 

Халықтың осал топтарына қолдау көрсету жұмыстары жалғасуда. Елімізде мүгедектігі бар 119 мың адам еңбек етеді, олардың орташа жалақысы 266 991 теңгені құрады. Жұмыспен қамту бағдарламаларына 273,2 мың жас тартылды, нәтижесінде 80 мыңға жуығы жұмысқа орналастырылып, 38 мыңы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.

Кәсіпкерлік бастаманы дамыту үшін әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 4 мыңнан астам грант берілді. Қаражаттың көп бөлігі технологиялық құрал-жабдықтар алуға және қосалқы шаруашылықты дамытуға жұмсалады. Сонымен қатар өткен жылы талдау нәтижесі 20% жағдайда қаражаттың тиімсіз пайдаланылғанын көрсетті: 1,3 мыңнан астам грант алушы зейнетақы жарналарын аудармаған, ал оның 500-ден астамы тиесілі сомадан аз болған. Осыған байланысты бақылау күшейтіліп, бюджетке қаражатты қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде 1100-ден астам алушы міндетті зейнетақы жарналарын аудара бастады.

Сондай-ақ жұмыс орындарын субсидиялау қағидалары қайта қаралды: «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары «Жастар практикасына» біріктірілді, жұмыс берушілерге қатысушыларды кейіннен тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша талаптар күшейтілді.

Жұмыс орындарының ашылуын бақылау үшін «Инновациялық жобалар навигаторы» қолданылады. Жүйе 224 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарымен инвестициялық 1 424 жобаны бақылайды. Бүгінгі таңда 918 жоба белсенді кезеңде, онда 33,6 мың жұмыс орны құрылған.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі барлық жұмысты жетілген цифрлық экожүйемен қамтамасыз етіледі. Enbek.kz платформасында ЖИ көмекші 50 мыңнан астам бос жұмыс орнын өңдеді, ал 678 мыңнан астам адам курстарды таңдауға жасанды интеллект көмектесетін Skills Enbek платформасында оқудан өтті.

Өндірістегі еңбек құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету: профилактикалық бақылау және әлеуметтік диалог

Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау тұрақты мемлекеттік бақылау арқылы қамтамасыз етіледі. Есепті кезеңде мемлекеттік еңбек инспекциясы 3 514 тексеру жүргізіп, оның барысында 4 132 құқық бұзушылық анықталды және оларды жою туралы 2 287 нұсқама берілді. Нәтижесінде 277 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 3,4 мың қызметкерге 1,1 млрд теңге жалақы берешегі төленді. Осы кезеңде барлығы 28,4 мың қызметкердің құқықтары қорғалды.

Өндірістік жарақаттар бойынша статистика тұрақты оң үрдісті көрсетіп отыр. 2025 жылдың 7 айында өндірісте жарақат алғандар саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға (719 адам), ал қаза тапқандар саны 14,7%-ға(93 адам) төмендеді.

Профилактикалық бақылау құралдарының бірі – «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы», ол 94,8 мың кәсіпорынға мониторинг жүргізеді. Әрбір проблемалық кәсіпорын бойынша мақсатты іс-шаралары бар кесте құрастырылады, соның нәтижесінде «қызыл аймақтағы» кәсіпорындар саны жыл басынан бері 8,9%-ға (1 715-тен 1 562-ге дейін) азайды.

Сонымен қатар кәсіби тәуекелдерді бағалау бойынша қызмет көрсететін ұйымдар санын оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Қажетті құрал-жабдықтары мен білікті мамандары жоқ компаниялар тізілімнен шығарылды, нәтижесінде олардың саны 162-ден 66-ға дейін қысқарды.

Әлеуметтік әріптестіктің көпдеңгейлі жүйесі де дамуын жалғастыруда. Елімізде бас келісім, 17 салалық және 200 өңірлік келісімдер, сондай-ақ 169 мыңнан астам ұжымдық шарт қолданылады.

Еңбек заңнамасы да жетілдірілуде. Парламент Мәжілісінің қарауына ең төменгі жалақы туралы ХЕҰ конвенциясын ратификациялау туралы заң жобасы енгізілді. Сондай-ақ негізгі салаларда еңбек қауіпсіздігі жөніндегі міндетті өндірістік кеңестер құру, техникалық инспекторлардың құқықтық мәртебесін бекіту, жоспардан тыс тексерулер жүргізу негіздерін кеңейту және еңбек қатынастарын декларациялау бойынша міндеттемелер белгілеу сияқты жаңа нормалар ұсынылып отыр.

Еңбекақы төлеудің тиімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығындағы еңбек ресурстарын нормалау жүйесі әзірленді. Оны қолдану ауылдық елді мекендерді дамытуға, ауылға жастарды тартып, халықтың көшіп кетуін азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ мемлекеттік сектор ұйымдары үшін еңбекті нормалаудың бірыңғай жүйесі құрылды.

Көші-қон процестерін реттеу және өңірлік даму

Еліміздің еңбек күші басым аймақтарынан жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары енгізілді. Аталған саясаттың негізгі құралы – «Экономикалық ұтқырлық сертификаты», оның аясында тұрғын үй сатып алуға шамамен 4,5 млн теңге көлеміндегі қаржылай көмек берілді. Бұл қолдау шарасын Соңғы үш жылда жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге қоныс аударған 6 мың отбасының жартысынан астамы пайдаланды.

Қабылдаушы өңірлерде де жеке мобилді қолдау жүйесі жұмыс істейді, оның қызметтерін биыл 6 мыңнан астам адам пайдаланды. Қоныс аударушылар үшін басқа да маңызды жеңілдіктер қарастырылған: конкурстан тыс тәртіпте 5 жылға дейінгі мерзімге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алу құқығы және материалдық көмекті есепке алу үшін ашық шоттардан қаражат өндіріп алуға тыйым салу. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін оған енді электронды форматта өтініш беруге болады.

Бір мезгілде отандастарды қолдау бойынша жұмыс жалғасуда: жаңа тетік жүзеге асырылған сәттен бастап 13 мың этникалық қазақ «қандас» мәртебесіне ие болды.

Ішкі көші-қонды ынталандыру жөніндегі бұл шаралар ішкі еңбек нарығын қорғау жөніндегі дәйекті саясатпен толықтырылады. Соңғы бес жылда шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 25 мыңнан 17 мың адамға дейін қысқарды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив