Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
494.75 586.77 6.38

Еңбек министрлігінде өңірлердегі еңбек инспекцияларының тиімділік рейтингі таныстырылды

Бүгін, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев атқарушылық тәртіп және аумақтық департаменттердің жұмысы мәселелері бойынша аппараттық кеңес өткізді. Күн тәртібіндегі негізгі тақырып – 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірлердегі еңбек инспекциялары қызметінің тиімділік бойынша рейтингінің таныстырылымы болды.

Бағалау нәтижелері туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов баяндады. Ол аумақтық департаменттердің рейтингі алғаш рет жүргізілгенін атап өтті. Оның басты мақсаты – өңірлердегі жүйелі проблемаларды анықтау және көрсеткіштерді формальды орындаудан жұмыскерлердің құқықтарын нақты қорғауға көшуді қамтамасыз ету.

«Бағалау бес негізгі бағыт бойынша топтастырылған 31 көрсеткіш негізінде жүргізілді: Министрліктің даму жоспарын орындау, Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру, заңнаманың сақталуын бақылау, талдау жұмысының сапасы және басқарушылық тәртіп. Мұндай тәсіл құрғақ статистикадан арылып, процестердің нақты басқарылуына назар аударуға мүмкіндік берді», – деп хабарлады Мейрамбек Ахметов.

Ұсынылған деректерге сәйкес, департаменттердің қызметі тиімділік шкаласы бойынша бағаланды. Жоғары тиімді санатқа Павлодар, Түркістан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының департаменттері кірді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы жүргізілген талдау өңірлер жұмысындағы бірізділік пен бірыңғай әдістемелік тәсілдердің жоқтығын анықтағанын баса айтты.

«Алдағы кезеңдегі біздің міндетіміз – өңірлер арасындағы жұмыс жасаудағы алшақтықты қысқарту, теңгерімсіздіктерді жою және бақылаудың бірыңғай вертикалін құру. Рейтинг – бұл жазалау құралы емес, салмақты басқарушылық шешімдер қабылдауға арналған тетік», – деп түйіндеді спикер.

Сондай-ақ кеңес барысында нормативтік құқықтық актілерді дайындау сапасына қатысты мәселелер қаралды. Әкімшілік және Заң департаменттерінің директорлары еңбек заңнамасына түзетулерді және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін қоса алғанда, 2026 жылға жоспарланған заң жобалау жұмыстарының ағымдағы мәртебесі туралы баяндады.

Бұдан басқа, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Асаиновтың өткен жылғы жұмыс қорытындылары туралы есебі тыңдалды.

Кеңес қорытындысы бойынша Министр Асқарбек Ертаев еңбекті қорғау саласындағы талдау жұмысын күшейту және заң жобалау жұмыстары жоспарларының уақтылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив