Cемей7°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
457.09 508.42 5.67

Жолдаудағы басымдықтар — жастарға жаңа мүмкіндік: «Bir Tolqynda» диалогтік алаңында Президент Жолдауының негізгі бастамалары талқыланды

Бүгін, 11:18

2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау, ең төменгі жалақыны 100 мың теңгеге дейін көтеру және қалалардың цифрлық моделін әзірлеу — Мемлекет басшысының Жолдауындағы маңызды бастамалардың қатарында. Семей медицина университетінде өткен «Bir Tolqynda» диалогтік алаңында жастар осы ұсыныстардың ел дамуына, халықтың тұрмыс сапасына және қоғамның болашағына ықпалын талқылады. Кездесуге «Жастар Рухы» жастар қанаты Абай облыстық филиалының төрағасы Темірлан Бақтияров пен Alikhan Bokeikhan University «Әлеуметтікгуманитарлық ғылымдар» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Аман Рахметуллин қатысты. Аман Рахметуллин Жолдаудағы инфрақұрылымдық жаңғыру мен құқықтық реформалардың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу және қалалардың цифрлық сыңарын қалыптастыру мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар.

«Елдің дамуы жаңа нысандар салумен ғана шектелмейді. Қаланың инфрақұрылымын цифрлық модель арқылы басқару ресурстарды тиімді жоспарлауға, ал заңнаманы жаңарту азаматтар мен бизнес үшін түсінікті әрі тұрақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы — бұл өзгерістер нақты қажеттіліктерге жауап беруі керек», — деді саясаттанушы. 

Ал Темірлан Бақтияров жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуы мен еңбекке жауапкершілікпен қарауының маңызын атап өтті. Ол «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен жастардың азаматтық белсенділігіне назар аударды.

«Таза Қазақстан» — тек қоршаған ортаны тазарту емес, ортақ кеңістікке деген жауапкершілікті қалыптастыру. Әр адам өз ауласына, көшесіне, қаласына жанашырлықпен қараса, бұл мәдениет қоғамның ортақ құндылығына айналады. Біз жуырда «Таза Қазақстан» идеясын насихаттауға бағытталған ROAD эстафетасын өткізіп, жастардың экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дәріптеуге атсалысуына мүмкіндік жасадық. Осындай бастамалар жастарды ортақ іске жұмылдырып, елге деген жанашырлықты нақты іспен көрсетуге жол ашады», — деді Темірлан Бақтияров.

Жолдаудағы әлеуметтік бастамалардың бірі — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көтеру. Бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның табысын арттыруға ықпал етуге тиіс.  Кездесу барысында студенттер құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту, жалақы мәселесі, цифрлық технологиялар және экологиялық мәдениет жөнінде пікір алмасты. Ашық диалог жастарға ел дамуының басым бағыттарын талқылап, өзекті сұрақтарын сарапшыларға қоюға мүмкіндік берді.


 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив