Cемей17°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
538.2 629.64 6.34

Мәулен Әшімбаев: Сенат Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді

Бүгін, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жүктеген міндеттерге сәйкес Сенаттың жұмыс жоспарын талқылады және Палатаның алдағы отырысының күн тәртібін бекітті.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын негізге ала отырып, Сенат қызметінің басым бағыттарына назар аударды. Соған сәйкес Палата депутаттары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына және басқа да стратегиялық бағыттарға қатысты маңызды реформаларды іске асыруға баса мән беруге тиіс.

«Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Сол арқылы Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды міндеттерді белгілеп берді. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері айрықша мәнге ие. Сондай-ақ оларды іске асыру жолындағы нақты шаралар айқындалды. Мемлекет басшысының барлық бастамасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Сондықтан тиісті заңдарды уақтылы әзірлеп, қабылдауымыз керек. Жолдауда көтерілген мәселелер мен тапсырмаларды ескере отырып, ІV сессияға арналған Сенаттың негізгі іс-шаралар жоспарын да пысықтап алуымыз қажет», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Палата Спикері стратегиялық бағыттар бойынша іске асырылатын шаралар топтамасына кеңірек тоқталды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының цифрландыру жөніндегі тапсырмалары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану сияқты мәселелер сөз болды. Одан бөлек, Банктер туралы заңды, Цифрлық және Құрылыс кодекстерін уақтылы қабылдау қажет екені айтылды. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев әріптестерін Alatau City қаласының арнайы мәртебесі туралы заңды әзірлеу, «Мемлекеттік мүлік туралы» заңды жаңарту, парламенттік реформаны іске асыру және басқа да маңызды бағыттар бойынша белсенділік танытуға шақырды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлы мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық мақсатты белгілеп берді. Осы бағытта Парламенттің алдында тиісті заңнамалық база құру міндеті тұр. Соның аясында біз Цифрлық кодекстің сапалы қаралуын және уақтылы қабылдануын қамтамасыз етуіміз қажет. Одан бөлек, жыл аяғына дейін Құрылыс кодексі мен Банктер туралы заң қабылдауымыз керек. Сондай-ақ Alatau City-ді дамытуға арналған арнайы заң қабылдау тапсырылды. Жолдауда Мемлекет басшысы инвестициялар тарту жүйесін қайта қарау, мемлекеттік секторды реформалау және парламенттік реформа жүргізу қажет екенін де атап өтті. Қоршаған ортаны қорғау және суды үнемдеу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Алдағы уақытта тиісті заңнамаларды қабылдау үшін осы бағыттарда нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар депутаттар жаз кезінде өңірлерге жасаған сапарларын қорытындылап, мәслихаттардағы әріптестерімен және азаматтармен кездесулердің нәтижесінде анықталған өзекті мәселелерді талқылады. Сенаторлар атап өткендей, тұрғындарды алаңдатқан түйткілдер Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар алдында көтеріледі. Сондай-ақ олар заңдарды қарау барысында назарға алынады.

Бюро отырысында Сенаттың іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар да сөз болды. Бұл ретте Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезіне дайындық барысына ерекше тоқталды. Ауқымды халықаралық Форум Мемлекет басшысының қатысуымен 17-18 қыркүйекте Астанада өтеді. Съезд аясында алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Өркениеттер Альянсымен бірлесіп арнайы сессия ұйымдастырылмақ.

Одан бөлек, Бюро мүшелері Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Соған сәйкес алдағы бейсенбіде Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды.

Аталған заң инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру, жаңа технологиялар енгізу және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.

Сондай-ақ Бюро мүшелері бұған дейін Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Сенаттың Комитеттеріне бөліп берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив