Үздік әлеуметтік қызметкерлер мен жобалардың республикалық байқауына қатысуға 160-тан астам өтінім түсті

Республикалық «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» конкурсына қатысуға бүгінгі күнге дейін 163 өтінім келіп түсті, өтінімдерді қабылдау қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Ең көп өтінім «Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері» номинациясы бойынша – 76. Қазіргі таңда конкурсқа ең белсенді қатысушылар – 23 өтінім жолдаған Шығыс Қазақстан облысының үміткерлері.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастамашы болған бұл конкурс әлеуметтік сала мамандарының белсенділігін және инновациялық бастамаларын анықтап, көтермелеуді, сондай-ақ олардың кәсіби беделін арттыруды мақсат етеді.
Әлеуметтік қызметкер мамандығы – қоғамдағы ең ізгі әрі маңызы зор мамандықтардың бірі. Бұл сала мамандары күн сайын өмірдің қиын жағдайына тап болған жандарға көмек көрсетеді: жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға үйде қызмет көрсетеді, отбасыларға қолдау білдіреді, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтарда жұмыс істейді, елдің әл-ауқаты үшін баға жетпес үлес қосады. Елімізде жарияланған Еңбек адамы жылы аясында бұл конкурс әлеуметтік қызметкерлердің қоғамдағы еңбегінің маңыздылығын айқындап, олардың жанқиярлық қызметіне қоғам назарын аударуды көздейді.
Өтінімдер https://qamqor.enbek.kz/ онлайн платформасы арқылы қабылдануда және ағымдағы жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады. Бүгінгі күні өтінімдер келесі номинациялар бойынша бөлінді:
«Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері» – 76 өтінім;
«Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері» – 41 өтінім;
«Үздік әлеуметтік жоба» – 14 өтінім;
«Еңбек ұтқырлығы орталығының (мансап орталығының) үздік қызметкері» – 15 өтінім;
«Медициналық-әлеуметтік сараптама саласының үздік қызметкері» – 8 өтінім;
«Үздік әлеуметтік педагог» – 5 өтінім;
«Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор» – 4 өтінім.
Конкурс екі кезеңде өткізіледі: өңірлік және республикалық. Өңірлік іріктеу аяқталғаннан кейін, ағымдағы жылдың 1 – 5 қазан аралығында онлайн-платформада республикалық кезеңге өткен номинанттар үшін ашық халықтық онлайн-дауыс беру өтеді.
Республикалық кезеңдегі әділқазылар алқасының құрамына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері және әлеуметтік сала сарапшылары енеді. Бұл – процестің ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шара.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 24 қазанда, Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында Астана қаласында өтеді.