Жаңа инвестициялық саясаттан әлеуметтік жаңғыртуға дейін: Серік Жұманғарин Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы баяндады

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. Құжатты Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
Жоспар 8 бағыт бойынша 87 іс-шарадан тұрады, оның ішінде 68-і Үкіметтікі. Олар:
1) инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту;
2) өнеркәсіптік негізді нығайту;
3) ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа серпіні;
4) көлік-логистикалық және туристік әлеуетті жүзеге асыру;
5) ТКШ және су инфрақұрылымын жаңғырту;
6) кәсіпкерлік экономиканы дамытудың қозғаушы күші;
7) адами капиталды дамыту;
8) парламенттік реформа жүргізу.
Ұсынылған Жалпыұлттық жоспар жобасының шаралары ұлттық экономиканың орнықтылығын арттыруға, экономиканың негізгі салаларын цифрлық және мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
«Сіздің қарауыңызға Мемлекет басшысының биылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы енгізіледі. Құжатта көзделген барлық бағыттар мен іс-шараларға толығырақ тоқтала кетуге рұқсат етіңіз. Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту блогы бойынша перспективалық салаларды және еңбек өнімділігінің әлеуетін ескере отырып, Инвестицияларды тарту жүйесін жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленетін болады. Инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті ретінде қайта құрылады. 2026 жылдың қаңтарына дейін «Банктер туралы» Заң қабылданады. Оның негізгі міндеті нарыққа жаңа қатысушыларды тарту және банктердің еркін өтімділігін айналымға, атап айтқанда, экономиканың нақты секторына бағыттауды қамтамасыз ету. Экономиканың жоғары технологиялық секторларына Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция құйылады. Ол үшін Ұлттық банк тиісті бағдарламаны әзірлейді», — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, келер жылдың ортасында «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң шеңберінде басқарудың ерекше режимі арқылы Alatau city-де жаңа іскерлік белсенділік пен инновациялар орталығы құрылады. Бұл қаланың бірегей қаржылық моделі болады, яғни, ол криптоактивтерді пайдалана отырып төлем жүргізу мүмкіндігі бар крипто-фиат арналарын енгізу жолымен жүзеге асырылады.
Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жеделдету үшін Ұлттық банкпен бірлесіп, Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру жоспарлануда. Жүзеге асырылып жатқан бақылау және оның деңгейін төмендету жөніндегі шаралар кешені өндірісті ұлғайту, баға белгілеуді мониторингілеу мен бақылау, сондай-ақ басқа да реттеуші шаралар арқылы инфляцияны бәсеңдету мақсатында қайта қаралатын болады.
Өнеркәсіптік негізді нығайту блогы бойынша сирек кездесетін және басқа да аса тапшы материалдарды өңдеуге арналған өнімдерді шығару бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Геологиялық деректерді цифрландыру жұмыстары жалғасады. Қазіргі уақытта олардың 60%-ы цифрландырылған. Жұмысты толық аяқтау 2026 жылдың соңына қарай жоспарланып отыр. Сонымен қатар геологиялық деректерді толық қамту үшін жасанды интеллектті қолдану арқылы Big Data ақпараттық жүйесін құру жұмыстары басталды. Бұдан басқа көмірсутек шикізатын терең өңдеу бойынша флагмандық жобалар пулы қалыптастырылады
«Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шеңберінде 1 трлн теңгеге 5 инвестициялық келісім жасалды. Сондай-ақ «Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестицияларға тапсырыс» жобасы жүзеге асырылуда. 2025–2027 жылдар аралығындағы үш жылдық кезеңде осы бастама шеңберінде жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге 200-ден астам жоба қаржыландырылатын болады. Осы жылдың соңына дейін Мал шаруашылығындағы агробизнесті дамытудың кешенді жоспары қабылданады, оның шеңберінде 5%-дық жеңілдетілген кредит беру бағытын және кредиттік өнімдер желісін кеңейту жоспарлануда. «Даму» қоры агробизнестің қарыздарына 80%-ға дейін кепілдік беретін болады. Бұдан басқа жасанды интеллектіні қолдана отырып, Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы әзірленеді. Ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатындағы жерлерді беруге арналған конкурстар электронды түрде комиссияның қатысуынсыз өткізіледі», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында.
Вице-премьер өз баяндамасында көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мақсатында мықты инфрақұрылымдық негізді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Соған сәйкес, «Бақты-Аягөз» жаңа теміржол учаскелері, «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолы және осылар сияқты маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады. 2026 жылы Smart Cargo кедендік және логистикалық қызметтер көрсетілетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізіліп, ҚТЖ базасында ұлттық әуе жүк тасымалдау компаниясы іске қосылады. Қабылданған барлық шараларды ескере отырып, Қазақстан арқылы жүк тасымалдау көлемі 2 есеге ұлғаяды деп күтілуде. Ал туризм саласында Алматы тау кластерін дамытуға баса назар аударылады. Нәтижесінде тау шаңғысы курорттарының өткізу қабілеті күніне 6 мыңнан 24 мың адамға дейін өсіп, 4 есеге артады. Курорттық аймақтарды кеңейту және жабдықтау бойынша шараларды жүзеге асыру ішкі туризмді дамытуға қосымша серпін береді.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін реформалау цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, оның ішінде энергия тиімділігін арттыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Іске қосуға жоспарланған Бірыңғай ұлттық платформа құрылыстың барлық кезеңінде жан-жақты есепке алуды, жоспарлауды және мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері суды үнемдеу технологияларын және суды ұқыпты пайдалануға қойылатын талаптарды заңнамалық тұрғыдан бекітуді көздейді. Бұдан басқа 18 су қоймасы мен 14,5 мың шақырым ирригациялық каналдарды реконструкциялау және 9 жаңа су қоймасының құрылысы бойынша жұмыстар жалғасады. Су саясатын ұзақ мерзімді жоспарлау құралы ретінде Ұлттық су балансы қалыптастырылады», — деді ол.
Серік Жұманғариннің айтуынша, кәсіпкерлік блогы бойынша экономиканы ырықтандыру және квазимемлекеттік секторды реформалау шараларына назар аударылып отыр. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында жасанды интеллектіні қолдана отырып, реттеуді жаңартудың негізгі алаңына айналатын «Реттеуші интеллект орталығы» құрылады. Салықтық әкімшілендіру салық төлеушілердің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект пен басқа да озық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Даму институттары өз қызметін нақты салалық мамандануымен және инвестициялауға арналған мандатымен жүзеге асырады. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мемлекеттің экономикаға қатысу шеңберін айқындау бөлігінде қайта қаралады.
«Әлеуметтік блокта білім беру, денсаулық сақтау және спорттың қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде осы жылдың соңына дейін барлық жоспарланған бүкіл кезеңдегі 217 мектепті пайдалануға беру көзделуде. Бұдан басқа 115 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны салынып, Шымкентте және Түркістан облысында 2 перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Ел ішіндегі және шетелден келетін қонақтар үшін Көші-қон ағындарын есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесі енгізіледі. Әлеуметтік салада «ақша азаматтарға» қағидаты енгізіліп, елдің барлық облыстарында осал санаттағы азаматтар үшін әлеуметтік төлемдердің мөлшері унификацияланады. «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жалғасады. Парламенттік реформа жүргізу шеңберінде жалпыұлттық референдум өткізу бойынша ұйымдастырушылық мәселелер, сондай-ақ еліміздің конституциялық заңнамасына ықтимал түзетулер пысықталатын болады. Үкімет Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының барлық бағыттарын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етеді. Ұсынылған жобаны қолдауды сұраймын», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі.
Дауыс беру барысында жалпыұлттық жоспар жобасы бірауыздан қолдау тапты. Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірлесіп, Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын Президент Әкімшілігіне енгізу тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасарлары ережелерге сәйкес Жоспардың жүзеге асырылуын бақылауды және үйлестіруді қамтамасыз етеді.