Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
464.53 543.73 6.15

Мәжіліс топырақты қорғау және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері жөніндегі заң жобаларын қарайды

Бүгін, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.

Палатаға бірінші оқылымда «Топырақты қорғау туралы» жаңа заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді қарау ұсынылады. Құжатты топырақты тиімді басқару және қорғау, оның құнарлылығын сақтау және арттыру, сондай-ақ жердің тозуын болдырмау үшін құқықтық негіз құру мақсатымен депутаттар әзірледі. Заң жобасы топырақты регенерациялау тетігіне көшу шарттарын көздейді, оны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде қорғау ерекшеліктерін регламенттейді. Бұдан бөлек, топырақты су басудан, батпақтанудан, қайта тұзданудан, сарқылудан, құрғаудан және тығыздалудан қорғау, сондай-ақ тозған топырақты қалпына келтіру және басқа да нормалар жөніндегі талаптар белгіленеді.

Сондай-ақ бірінші оқылымда Мәжіліс жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша депутаттар бастамашы болған түзетулерді қарайды. Заң жобасы автожолдарда және мемлекеттік органдардың, жедел медициналық жәрдем қызметтерінің, тұрақты түрде жолаушы мен багаж тасымалдайтын тасымалдаушылардың көлік құралдарында орнатылатын техникалық құралдарды пайдалана отырып, ереженің бұзылуын анықтауға, тіркеуге, қауіпсіз жол қозғалысын бақылауды күшейтуге бағытталған. Құжат жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарының қызметіне мемлекеттік бақылау енгізеді, олардың жұмысына рұқсат беру тәртібін белгілейді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін оқу ұйымдарының тізілімін құру ұсынылады. Бұл ақпараттық жүйе арқылы материалдық базаның болуын, оқытушылардың біліктілігін және оқу топтарын бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, медициналық теріс негіздемелері бар жүргізушілердің көлікті басқаруына жол бермеу үшін медициналық деректерді Ішкі істер министрлігінің автоматтандырылған базасына интеграциялау көзделіп отыр.

Күн тәртібінің жобасына аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерді бірінші оқылымда қарау енгізілді. Негізгі заң және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілген ілеспе заң жобасын депутаттар саланы дамыту және биоалуандықты сақтау мақсатымен әзірледі. Атап айтқанда, құжаттың нормалары мемлекеттік табиғи қорықтарда жануарлар өсімін молайтуды дамытуға, аң аулау талаптарын қатаңдатуға және аңшылық мерзімдерін нақтылауға, сондай-ақ биологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін жануарлар санын реттеуге бағытталған. Ілеспе заң жобасының ережелерінде жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл санкцияларын қатаңдату, сондай-ақ жабайы жануарлар мен өсімдіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын заңсыз сатып алуды, өткізуді, тасымалдауды және сақтауды жарнамалағаны үшін, соның ішінде БАҚ-та және интернетте көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Сонымен қатар белгіленген тәртіпті бұза отырып таңбаланған не таңбаланбаған ақбөкендердің дериваттарын (мүйіздерін) сақтау мен сатуға қатысты жауапкершілік енгізіледі.

Алдағы сәрсенбіде Мәжіліс 2025 жылғы 16 маусымда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді де қарайды. Газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтынуға қатысты заңнамалық өзгерістерді екінші оқылымда талқылайды.

Қорытынды әзірлеу үшін Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер, Сингапур Республикасымен арадағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім, Жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенция және оның электрондық жүкқұжатқа қатысты қосымша хаттамасы жұмысқа қабылданады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив