Абай облысында Ақтоғай металлургиялық кешенінің іргетасы қаланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда мен Ақтоғай арасында ұйымдастырылған телекөпір арқылы Абай облысының Аягөз ауданындағы Ақтоғай металлургиялық кешенінің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, ірі өндіріс орнының құрылысын бастауға рұқсат берді.
Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Шара барысында KAZ Minerals Management басқарма төрағасы Айжан Балабатырова Ақтоғайдан телекөпір арқылы сөз сөйледі.
Жобаны KAZ Minerals тобы жүзеге асырады, ал қытайлық NFC компаниясы – инженерлік серіктес. Бастамаға шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция салынады, сондай-ақ оның аясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
2030 жылы алғашқы мыс катодын алу жоспарланып отыр. Зауытта мыстан бөлек, алтын, күміс және басқа да ілеспе өнімдер шығарылады.
Металлургиялық кешенді орналастыру үшін 2213 гектар жер учаскесі бөлінді. Жоба аясында облыста өндірілетін мыс шикізатын терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығару көзделген. Осылайша, кен өндіруден бастап оны өңдеу мен катодты мыс шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасады.
Жаңа кәсіпорынның құрылысы жергілікті өндіріс орындарын кооперацияға тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, қосымша сервистік қызметтердің қалыптасуына мүмкіндік береді.



