Абай облысының кітапханашысы «Жыл кітапханашысы» атанды

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева Қазақстан кітапханалары Одағының шешімімен «Жыл кітапханашысы – 2025» номинациясына ие болды.
Марапат Шымкент қаласында өткен «Қазақстан кітапханалары: кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект және цифрландыру» тақырыбындағы көшпелі отырыс аясында салтанатты түрде табысталды.
Отырыста Гүлмира Мұратқызы «Жергілікті қаламгерлер шығармашылығы – кітапханалар қорын толықтыру көзі ретінде» тақырыбында баяндама жасап, Абай кітапханасының іс-тәжірибесімен бөлісті. Облысқа қарасты кітапханалардың кітап қорларын толықтыру шаралары бойынша жүзеге асырып жатқан жоба туралы баяндады.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында бүгінде 400 мыңға жуық кітап қоры бар. Оның ішінде 5 мыңнан аса кітапты сирек басылымдар қоры құрайды. Кітаптардың 1500-ге жуық данасы цифрландырылып, пайдаланушыларға ұсынылған. 20 мыңға тарта тұрақты оқырман жыл сайын кітапхананың қызметін пайдаланады. Бүгінде кітапхана қызметкерлері «Абай жолы» кітапханасы, «Алаш» сынды ірі жобаларды жүзеге асырып, ұлттық мұрамызды насихаттауға елеулі үлес қосып отыр.
Ерекше атап өтерлігі, кітапхана биылғы мамыр айында «Рухани қазына – 2025» фестивалі аясында «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» номинациясын жеңіп алып, 1 млн теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды.