Абай облысында ұстаздар күні мерекесі қарсаңында «Ұстазға алғыс!» апталығы өтеді

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде «Ұстазға алғыс!» апталығы өтеді. Апталықтың мақсаты – ұстаз еңбегіне құрмет білдіру, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру және жас ұрпаққа ұстаз тұлғасын үлгі ету.
Абай облысында бұл күндері аудандық/қалалық білім бөлімдері, мектептер мен колледждерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ұстаздарға құрмет көрсетіледі.
Қазіргі таңда Абай облысында 16 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Облыста тұңғыш рет Алма Шукежанова «Еңбек Ері» құрметті атағына, Наталья Тегай «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылып, облысымызда 19 маман мектеп директоры болып тағайындалды.
Биылғы Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деп атап көрсеткендей, мұғалім – қоғам дамуы мен ұрпақ болашағының кепілі. Осыған орай ұйымдастырылып отырған апталық аясында орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, барлық білім беру ұйымына сондай-ақ мемлекеттік және ұлттық компанияларға өз қызметкерлерінің білім мен тәрбие берген ұстаздарын арнайы шақырып, мерекелік іс-шаралар өткізу ұсынылады.
Бұл бастама ұстаз еңбегін лайықты бағалауға, қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған. Апталық аясында әлеуметтік желілерде #ҰстазғаАлғыс #Ұстазыңдықұттықта хэштегімен арнайы челлендж іске қосылады.