Енді студенттер дипломдық жұмысын ЖИ арқылы жаза алмайды

Мәжілісте «Қазақстан Республикасында жасанды интеллектіні дамыту» тақырыбында өткен парламенттік тыңдау аясында жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған бірқатар жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде ұсынылған маңызды жобалардың бірі – Шәкәрім университетінде AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында әзірленген AI Check жасанды интеллект агенті. Жобаны Шәкәрім университетінің 3-курс студенті Ахмет Қуанышбекұлы таныстырды.
AI Check – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін академиялық тексеру жүйесі. Оның басты мақсаты – студенттік және дипломдық жұмыстардың түпнұсқалығын анықтау, яғни жұмысты адамның өзі жазды ма, әлде жасанды интеллект көмегімен дайындалды ма – соны айқындау.
Жүйе тексеруді төрт негізгі бағыт бойынша жүргізеді:
-
мәтін құрылымы,
-
логика,
-
грамматикалық қателер,
-
адами қабілет.
Мысалы, жүйе белгілі бір жұмыс бойынша «адами үлестің» пайызын анықтайды. Егер жұмыс студенттің өз қолымен жазылса, көрсеткіш орта есеппен 75–80%-ды құрайды. Ал жасанды интеллект генерациялаған мәтіндерде бұл деңгей айтарлықтай төмен болады.
Жүйе генерацияланған сөйлемдерді тану үшін арнайы тілдік белгілер мен фразаларды анықтайды. Айталық, «біріншіден», «екіншіден», «сонымен қатар», «таким образом», «следовательно» сияқты құрылымдардың шамадан тыс жиі кездесуі мәтіннің ЖИ көмегімен жазылғанын білдіреді.
Жүйе үш тілде жұмыс істейді және оны әзірлеуге тоғыз ай уақыт кеткен. Қазіргі таңда AI Check Шәкәрім университетінде табысты қолданылып келеді. Алдағы уақытта бұл жүйені еліміздің барлық жоғары оқу орындарына енгізу жоспарланып отыр.