«Ұшқыр ойлы, дара Дидахмет»: Ұлттық кітапханада Дидахмет Әшімханұлын еске алу кеші өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында жазушы, аудармашы, публицист Дидахмет Әшімханұлының туғанына 75 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті.
Кеш барысында қаламгердің екі томдық публицистика жинағының тұсауы кесілді. Жинаққа автордың қырық жылға жуық уақытта мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары мен сұхбаттары енгізілген. Аталған еңбектер ұлттың тілі, салт-дәстүрі туралы ойлы пікірлермен ерекшеленеді.
Жинақ жас қаламгерлер мен журналистерге арналған.
Еске алу шарасына белгілі ақын-жазушылар, әдебиетші ғалымдар мен оқырмандар қатысты. Жиынға қатысушылар қаламгердің шығармашылық мұрасы мен өмір жолы туралы естеліктерімен бөлісіп, оның қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосқан зор үлесін атап өтті.
Кеш аясында мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған суретшілер байқауының үздік туындыларынан көрме қойылып, көпшіліктің назарына ұсынылды.