Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай1°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-4°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау-3°С
  • Курчатов10°С
  • Көкпекті-4°С
  • Үржар-0°С
537.77 622.95 6.65

Сенат Төрағасы Италия Президентімен кездесті

30-09-2025, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелламен кездесті. Онда тараптар екі ел ынтымақтастығын арттырудың маңызын және парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселесін талқылады.

Сенат Төрағасы Италия делегациясына ілтипат білдіріп, екі мемлекет арасында ынтымақтастық орнағалы бері өзара сенімді саяси диалог қалыптасқанын, сондай-ақ, сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынас табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да кеңейе түскені сөз болды. Кездесуде бұл тарихи сапар Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық байланысты арттыруға тың серпін беретіні айтылды.

«Қазақстан-Италия ынтымақтастығы үшін кейінгі жылдар өте нәтижелі болды. Бұл ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың былтыр қаңтар айында Италияға жасаған ресми сапары мен Италия Премьер-Министрі Джорджа Мелонидің биылғы мамырда Астанаға сапары нәтижелі болғанын атап өткен жөн. Мұндай байланыстар, сондай-ақ, Сіздің бүгінгі сапарыңыз мемлекетаралық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жоғары қарқынын әрі қарай нығайта түседі деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев пен Серджо Маттарелла «Қазақстан-Италия» достық топтары аясында заңнамалық тәжірибе алмасу және өзара іс-қимылмен бірге парламентаралық байланыстарды нығайту тетіктеріне де назар аударды.

Сонымен қатар тараптар Италияның Орталық Азиямен ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Нақты айтқанда, кездесуде Астанада өткен «Орталық Азия-Италия» бірінші саммиті, оның нәтижесінде қол жеткізілген келіссөздер түрлі салада көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға жол ашқаны әңгімеге арқау болды.

Сенат Төрағасы рухани дипломатияны дамытудың маңызына да мән берді. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі көздеген мақсаттарға жету жолында Италияның рухани лидерлері үлкен үлес қосып келе жатқанын айтып, ризашылығын білдірді. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Рим Папасы Францисктің Қазақстанға алғашқы апостолдық сапары Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін айтулы оқиға болды.

Өз кезегінде Италия Президенті Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерге жоғары баға беріп, екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив