Облыстағы туризм саласының өзекті мәселелері талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауында туризм саласына ерекше мән берген болатын.
Бүгін Семейде облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен туризм саласының өзекті мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған облыстық басқармалар, кәсіпкерлер палатасы, туристік компаниялар мен демалыс орындарының өкілдері қатысты.
Жиында облыстық туризм басқармасының басшысы Марат Қабақов өңірдегі туризм, Алакөл туристік аймағын дамыту жоспарлары туралы баяндады.
Қазіргі таңда Абай облысында туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп, Алакөл жағалауын абаттандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Көл жағалауындағы инфрақұрылымды нығайту үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, арбатты жөндеу, жаңа қоғамдық кеңістік құру, көшелерді орташа жөндеу, пирстер орнату және жағалауды санитарлық тазалау жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, жалпы құны 8,4 млрд теңге болатын жобалар жоспарға енгізілді. Олардың қатарында жаңа электр желісі, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, тазарту құрылыстары, құтқару станциясы мен өрт сөндіру депосының құрылысы бар.
Кездесу барысында Абай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры
Мақсат Сүйчінов, «S.G. travel» туристтік оператор компаниясының директоры Айман Жакупова, «Ерасыл» демалыс базасының директоры Ерасыл Диқанбаев және тағы да басқа демалыс үйлерінің иелері өңір туризмін дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, Алтын адам табылған Елеке сазы, тарихи орындар көп шоғырланған Абай ауданы, Курчатов қаласында ғылыми туризмді жетілдіру, жолдар мен интернет желісін жақсарту, ақпараттық белгілерді орнату, гидтерді даярлау және қызмет сапасын арттыру, балалар туризмін дамыту, кәсіпкерлерді қолдау, экологиялық туризмді өркендетуге байланысты ойларын ортаға салды.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы кездесуде көтерген мәселелер мен ұсыныстардың барлығы ескерілетінін атап өтті.