Абай облысында «Заң мен тәртіп» жас ораторлар байқауы өтті
Абай облысында колледж студенттері арасында «Заң мен тәртіп» атты жас ораторлар байқауы ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен құқықтық сананы қалыптастыру, шешендік өнер арқылы қоғам назарын осы мәселеге аудару болды
Байқау Абай облысының ішкі саясат басқармасының тапсырысы негізінде «Тәуелсіз зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ облыстық білім басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің қолдауымен өтті.
«Тәуелсіз зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанар Қабидоллақызы жастардың белсенділігіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары болып, өз ойларын еркін жеткізе білді.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің студенті Назерке Кадекова ие болды. Екінші орын Д. Қалматаев атындағы мемлекеттік жоғары медицина колледжінің студенті Сәрсен Жанеркеге, ал үшінші орын Көлік колледжінің студенті Дүйсенғазы Ұланға табысталды.
Жеңімпаз атанған Назерке Кадекова байқаудан алған әсерімен бөлісіп, қоғамда «Заң мен тәртіптің» маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар жеті студент «Классикалық риторика» номинациясымен марапатталды. Барлық жеңімпаздар мен финалистерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.