Ұлттық кітапханада Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толуына арналған конференция өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, композитор Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толуына арналған конференция өтті.
Аталған жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы, Ертіс ауданының әкімі Нығман Мүтәләпұлы және зерттеуші-ғалымдар, университет профессорлары қатысты.
Мәлік Нұржанұлы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, Иса Байзақовтың немересі Құралай Байзақоваға табыстады. Нығман Мүтәләпұлы елдің ыстық ықыласын білдіріп, ақын немерелеріне құрмет көрсетті. Кеш модераторы Бауыржан Жақып қаламгер жайында тың деректер келтіріп, баяндама оқып, Жазушылар одағы атынан сый-сыяпатын ұсынды.
Конференция ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген ақын мұрасын дәріптеуге бағытталды. Кеш барысында Иса Байзақовтың «Поэмы» (орыс тілінде), М. Байзақованың «Порыв вдохновенный», «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Иса Байзақов» кітаптары таныстырылды. Ол тек ақын ғана емес, қазақтың ән-күй өнерін зерттеп, қазақ театрының қалыптасуына үлес қосқан, ұлттық құндылықтарды насихаттаған ерекше тұлға.
Кездесу барысында ақынның әдебиеттегі өзіндік орны, қаламгерлік қыр-сыры жайында зерттеуші-ғалымдар, әдебиетшілер, автордың немерелері әдемі әңгіме өрбітті.