Қорғаныс министрлігі бөлім командирлерінің педагогикалық және психологиялық біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырды

SARBAZ+ пилоттық жобасы аясында Алматы облысында орналасқан Қазақстан Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне қарасты 78460 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметшілермен жұмыс жүргізетін офицерлер мен сержанттарға арналған қарқынды трансформациялық курстар өткізілді.
Әскери бөлімнің таңдалуы кездейсоқ емес. Себебі дәл осы жерде мерзімді әскери қызметті жаңғыртуға, сарбаздардың жеке және кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған SARBAZ+ жобасы жүзеге асырылуда. Биылғы күзде шақырылған сарбаздар желілік технологиялар, радиобайланыс және дрон операторлығы бойынша білім алып, арнайы сертификатқа ие болады. Мұндай қолданбалы және техникалық дағдылармен қаруланған әскери қызметшілер әскери борышын өтеген соң да еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болатыны сөзсіз.
Жеке құраммен тәрбие жұмысын жүргізетін әскери қызметшілер де жоғары деңгей болуы тиіс. Осы мақсатта 78460 әскери бөлімінің базасында сарбаздармен жұмысты тиімді жүргізуге бағытталған психологиялық-педагогикалық дағдыларды жетілдіру бойынша тренингтер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
– Офицерлер мен сержанттарға арналған оқу бағдарламасын Құрлық әскерлері әскери институтының және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқытушылары бірлесе әзірледі. Олар сабақ кестесі, типтік жағдайларға арналған кейстер, командирлердің әрекет алгоритмдері мен тексеру парақтары (чек-лист) сынды оқу-әдістемелік материалдар жиынтығын дайындады, – деп нақтылап өтті Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басқарма бастығы подполковник Арман Қалышев.
Курстар барысында әскери жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және өзге де салалық ұйымдардың психология, педагогика және тәрбие жұмысы саласындағы сарапшылары мен мамандары да дәріс оқыды. Жалпы оқу курстарының ұзақтығы 36 академиялық сағатты құрады.