Облыстық әкімдікте кеңейтілген аппараттық кеңес өтті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Абай облысындағы эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайдың жай-күйі, күзгі дала жұмыстарын жүргізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің өңірде іске асырылу барысы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің облыста жүзеге асырылуы туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков баяндады.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Абай облысында сақтандырылғандардың үлесі 83,9% құрап отыр. Бұл көрсеткішпен өңір республика бойынша төртінші орында тұр.
Облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды ұйымдастыру және іске асыру жөніндегі штаб құрылған.
Жиында аймақ басшысы аудан және қала әкімдеріне азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бағытындағы жұмысты күшейтуді, денсаулығына байланысты мәселелері бар тұрғындарға мүгедектік рәсімдеу тәртібін түсіндіруді, шетелден төлем алатын зейнеткерлермен және шетелде оқып жатқан студенттердің ата-аналарымен жұмыс жүргізуді тапсырды.
Абай облысындағы эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайдың жай-күйі туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев және Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев баяндады.
Облыс аумағында эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жануарлар арасында қауіпті аурулардың таралуын болдырмау бағытында тиісті жұмыстар жүргізуде. Жыл сайын эпизоотиялық мониторинг деректері мен мал басының санына сүйене отырып, ветеринариялық алдын алу және диагностикалық іс-шаралар жоспары бекітіледі.
2025 жылы ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлардың қауіпті ауруларына қарсы 7,5 млн профилактикалық екпе жүргізу жоспарланған.
Облыстық ветеринариялық қызмет құрамында қараусыз қалған жануарларды аулау бойынша 14 арнайы топ құрылған. Оның ішінде 4 топ Семей және Курчатов қалаларында, ал қалған 10 топ аудан орталықтарында жұмыс жүргізуде.
Аймақ басшысы жиында ветеринарлық алдын алу шараларын жүргізуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.