Абай облысының ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер министрмен кездесті
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Семей қаласында жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Жиынға облыс әкімі Берік Уәли, өңірдегі шаруашылық жетекшілері, кәсіпорын басшылары қатысты.
Абай облысы – ауыл шаруашылығын дамытуда зор әлеуетке ие өңір. Өңірде 11 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 221 млрд теңгеге жетіп, республика бойынша төртінші орынды иеленді. Нақты көлем индексі 102,9 пайызды құрады. Жалпы жиналатын егіс көлемі 782,1 мың гектар болса, оның 80 пайызы орылып, 265,2 мың тонна астық бастырылды. Сонымен қатар 96,6 мың тонна картоп пен 101,6 мың тонна көкөніс жиналды.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу кәсіпорындарын дамыту және ет комбинаты құрылысының барысы сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Жиынға келген шаруашылық жетекшілері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, министрлік өкілдеріне ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Министр агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына қатысты нақты шараларға, мемлекеттік бағдарламаларға жан жақты тоқталды.