Мәжіліс депутаттары Өңірлік парламенттік саммит пен туберкулезге қарсы халықаралық конференцияға қатысты

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева бастаған депутаттар тобы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне арналған туберкулезге қарсы іс-қимыл жөніндегі Өңірлік парламенттік саммитке, сондай-ақ «Туберкулезсіз Орталық Азия: ұлттық жетістіктерден өңірлік көшбасшылыққа» атты халықаралық конференцияға қатысты.
Global TB Caucus ұйымы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және осы министрлікке қарасты Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығымен бірлесіп ұйымдастырған форумда Парламент өкілдері, халықаралық сарапшылар, денсаулық сақтау саласының мамандары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Жаһандық қор, STOP TB серіктестігі, жетекші зерттеушілер мен азаматтық қоғам белсенділері бас қосты. Жиында туберкулезді жою жолындағы жаһандық және өңірлік сын-қатерлер, ауруды диагностикалау мен емдеудің жаңа тәсілдері, соның ішінде цифрлық технологиялар мен инновацияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Форум сөз сөйлеген Палата вице-спикері Дания Еспаева Қазақстанның туберкулезге қарсы күрес жолында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізгенін және бұл бағыттағы халықаралық күш-жігерге белсенді түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
– Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі туберкулезбен ауыратын азаматтарға тегін арнайы медициналық көмек көрсетуді кепілдендіреді. Туберкулезді диагностикалау, фтизиатрия саласындағы инновацияларымыз бен тұрақты бюджеттік қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшуіміз тек елеулі нәтижелерге қол жеткізуге ғана емес, сондай-ақ өңір үшін үлгі болуға мүмкіндік берді, – деп атап өтті депутат.
Дания Еспаеваның айтуынша, соңғы алты жылда елде туберкулезбен сырқаттану деңгейі 27%-ға, ал аурушаңдық көрсеткіші 32%-ға төмендеген. 2024 жылы бұл көрсеткіш тағы 4%-ға қысқарды. Мұндай нәтижелерге жүйелі мемлекеттік саясаттың, заманауи диагностикалық әдістерді енгізудің және тұрақты қаржыландырудың арқасында қол жеткізілді.
Вице-спикер сондай-ақ туберкулездің қоғамдық денсаулық сақтау үшін әлі де басты қауіптердің бірі болып қала беретінін атап өтіп, бұл дертпен күресте ұлттық және өңірлік деңгейде үйлестірілген бірлескен әрекеттердің маңыздылығына назар аударды.
- Парламенттер бірлесіп жұмыс істеп, туберкулезге қарсы күрес шараларын ұлттық жоспарлар мен стратегияларға бірінші кезекте енгізуі керек және бұл жұмыстарға жеткілікті қаржы бөлінуі маңызды. Барлық адамдарға, әсіресе көмекке мұқтаж топтарға заңнамалық тұрғыдан жоғары сапалы диагностиканың, емдеудің және алдын алудың қолжетімділігін кеңейту қажет, әсіресе осал топтарға қатысты. Сондай-ақ, жаңа әрі тиімді әдістерді, заманауи дәрі-дәрмектер мен технологияларды қолдануды дамыту маңызды, – деді вице-спикер.
Форум аясында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты және Global TB Caucus ұйымының вице-төрағасы Гүлдара Нұрым 2500 Парламент мүшесін біріктіретін бұл ұйымның туберкулезге қарсы күрестегі саяси ерік ең күшті құрал екенін атап өтті. Ол парламент мүшелерінің өңірдегі әрбір тұрғынға уақытылы диагностика, заманауи емдеу және алдын алу шараларын қамтамасыз етуді өз жауапкершілігіне алуы керектігін айтты. Оның сөзінше, тек тұрақты заңнамалық қолдау мен бірлескен күш-жігер арқылы ғана Орталық Азияда туберкулезді жою мүмкін болады.
Саммиттің іс-шараларына Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова, Ирина Смирнова және Нұргүл Тау қатысты.
Талқылаулар нәтижесінде қатысушылар 2026-2028 жылдарға арналған туберкулезге қарсы күресті жеделдету жөніндегі өңірлік резолюцияны қабылдады.