«Абай облысы – лудоманиясыз аймақ» атты облыстық форум өтті
Абай облысының әкімдігі мен облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп ұйымдастырған форумның басты мақсаты – қоғамда құмар ойындарының зиянына қарсы иммунитет қалыптастыру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және лудоманияның алдын алу бағытында бірлескен іс-қимылдарды күшейту.
Форум аясында экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары тұрғындарға құмар ойындарына қатысты құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес берді.
Шара барысында «Суреттер/плакаттар», «Өлеңдер мен ұрандар, мемдер», «Көркем оқу шеберлері», «Эссе/блог-пост», «Фотобайқау», «Комикстер мен сторибордтар», «Музыкалық байқау» сияқты бірнеше номинация жеңімпаздары марапатталды.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли жиынның аса өзекті мәселеге арналғанын атап өтіп, қауіпті кеселге жол бермеуге атсалысып келе жатқан Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне алғысын жеткізді.
Облыс әкімі іс-шара барысында зор талабы үшін Семей қаласындағы №10 мектептің 2-сынып оқушылары Жанель мен Анель Жиенбековаларға арнайы сыйлық табыс етті. Олар байқау тақырыбына сәйкес бейнеролик жариялаған екен.
Форумда «Дариға-ай» жастар театрының «Шәй ішейікші» атты театрландырылған қойылымы көрсетіліп, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училище ұжымы мен Әміре Қашаубаев мемлекеттік филармониясының әртістері концерттік бағдарлама ұсынды.