Абай облысында 65 жаңа медицина нысаны салынып жатыр

Абай облысында ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Ұлттық пилоттық жоба аясында 2023–2025 жылдары өңірде 65 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде 62 нысанның құрылысы аяқталып, қабылдау-тапсыру рәсімдері жүргізілген.
Басқарма басшысының айтуынша, Жаңасемей ауданында 14 жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Бұл жобалар ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, сапасын жақсартуға бағытталған.
Сондай-ақ соңғы екі жылда өңірдегі 25 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін тағы 16 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуі жоспарланып отыр.