Нұрғиса Тілендиев атындағы Республикалық дирижерлер конкурсы өтіп жатыр

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында композитор, күйші, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай өтіп жатқан республикалық дирижерлер конкурсының алғашқы кезеңі аяқталды. Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Филармония директоры Ақан Абдуалиев ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Онда министр байқаудың маңызына тоқталып, жас таланттарға сәттілік тілеп, іс-шараның жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.
Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы 23 үміткер қатысты. Белгілі өнер қайраткерлері мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева бастаған қазылар алқасы қатысушылардың білім-білігіне ерекше назар аударды. Әр үміткер бірінші кезеңде бір күй және бір ән бойынша бақ сынады. Ал үшінші шығарманы билет арқылы орындады. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 8 дирижер келесі кезеңге өтті.
Конкурс барысында қазылардың жоғары бағасына қарамастан Шымкент опера және балет театрының бас дирижері және көркемдік жетекшісі Мәди Өмірзақов пен Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының, Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің дирижері Қуаныш Исмаилов замандастарына жол беріп, екінші кезеңде өнер көрсетуден бас тартты. Жас мөлшерлері конкурсқа сай келгенімен, екеуі де дирижерлық өнердің қыр-сырын меңгерген кәсіби маман иелері. Қос таланттың батылдықтары үшін қазылар алқасының мүшелері екеуіне Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында жеке шығармашылық кештерін өткізуге арнайы жолдама тарту етті.
Айта кетсек, байқаудың барлық кезеңінде қатысушылар композитордың өзі негізін қалаған Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетеді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 10 қазан күні өтетін Гала-концерт кезінде ұйымдастырылады.