Көкпекті ауданында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған саябақ ашылды
Көкпекті ауданында көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан Ауған соғысы ардагерлерінің саябағын жаңа орынға көшіру мәселесі шешімін тапты. Бұған дейін аудан тұрғындары мен ардагерлер бірнеше рет саябақтың орналасқан жерін өзгерту туралы ұсыныс білдірген болатын. Себебі, бұрынғы саябақ аудан орталығынан алыс, орталық көшеден 500 метр қашықтықта орналасып, тұрғындар үшін қолайсыздық тудыратын.
Әсіресе жыл сайын 15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні өткізілетін еске алу шаралары кезінде қалың қардың салдарынан бұл жерге жету тұрғындарға едәуір қиындық келтіретін.
Осы мәселені ескере отырып, биыл Ауған соғысы ардагерлерінің және аудан тұрғындарының өтініші бойынша аудан орталығындағы Жеңіс саябағында жаңа арнайы орын дайындалды. Саябаққа ескерткіш тақта орнатылып, онда сол сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің есімдері қашалып жазылды.
Жаңа саябақ аумағы толық абаттандырылып, айналасына жарық шамдары қойылып, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы жағдай жасалды.
Қазіргі таңда Көкпекті ауданында “Көкпекті аудандық Ауғанстандағы соғыс ардагерлері ұйымы” атты қоғамдық бірлестік белсенді жұмыс атқаруда.
Бұл игі іс – аудан халқының өткенге деген құрметін білдіріп қана қоймай, жас ұрпаққа ел тарихын танытып, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.