Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Туризм басқармасының басшысы Марат Кабақов өңірде туризмді дамыту перспективалары туралы баяндады. Негізгі назар киелі, экотуристік және технотуристік бағыттарды дамытуға аударылуда. Бұл бағыттар отандық қана емес, шетелдік саяхатшыларды да тартуға мүмкіндік береді.
- Абай облысында туризмнің түрлі бағыттарын — соның ішінде сакралды (киелі), экотуризм және технотуризмді дамытуға зор әлеует бар. Бұл бағыттар өңірдің мәдени және табиғи байлығын айқындап қана қоймай, инвесторлар тартуға және туристік ағынды арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Киелі туризмге мәдени-танымдық және ауылдық бағыттар кіреді. Мұндай нысандар Абай және Ақсуат аудандарында шоғырланған, – деді Марат Қабақов.
Спикердің айтуынша, Семей – Қарауыл (Абай ауданы) бағыты бойында 19 мәдени-тарихи нысан орналасқан.
- Олардың қатарында «Абай–Шәкәрім» мемориалдық кешені, Жидебай қорығы, Қоңыр әулие үңгірі, «Еңлік-Кебек» кесенесі және қазақ халқының тарихы мен рухани мұрасымен байланысты өзге де киелі орындар бар. Дегенмен, қонақүйлер мен демалуға арналған орындардың жетіспеушілігі әзірге басты мәселелердің бірі болып отыр. Инфрақұрылымның жоқтығы туристердің мәдени нысандар маңында ұзақ уақыт болуына мүмкіндік бермейді. Бұл мәселені шешу мақсатында инвестор тартылып, Абайдың мемориалдық үй-мұражайы жанынан визит-орталық, кафе және қонақүй салу жоспарлануда. Жобаға шамамен 1 миллиард теңге инвестиция салынады, - деп атап өтті басқарма басшысы.
Өңірде экотуризмді дамыту бағытында да үлкен әлеует бар. Табиғи көрікті орындардың ішінде қарағайлы орман мен Тарбағатай ұлттық паркін ерекше атап өтуге болады.
– Семей қаласының іргесінде, қала шекарасынан басталатын 650 мың гектардан астам аумақты алып жатқан қарағайлы орманда оннан астам жануар түрі мекендейді. Мұнда экологиялық соқпақтар төселіп, инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық байқалуда. Бұл Семей үшін экотуризмді тұрақты табыс көзіне және өңірдің тартымдылығын арттыратын салаға айналдыруға зор мүмкіндік. Сонымен қатар, соңғы жылдары ерекше назар технотуризмге аударылуда. Бұл бағыт өңірдің бірегей тарихи және ғылыми нысандарымен тығыз байланысты. Атап айтқанда, облыс аумағында бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны орналасқан. Бұл аймақ ғылым мен технология тарихына қызығушылық танытатын шетелдік туристер мен зерттеушілердің назарын аударады, - деді спикер.
Марат Қабақовтың айтуынша, туризмнің әртүрлі бағыттарын дамыту арқылы Абай облысы өзіндік туристік брендін қалыптастырып, өңірдің тартымдылығын арттыра алады. Бұл өз кезегінде ел ішіндегі және шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруға ықпал етпек.