Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай1°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-4°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау-3°С
  • Курчатов10°С
  • Көкпекті-4°С
  • Үржар-0°С
539.06 623.75 6.63

Айдарбек Сапаров: Қазақстанның аграрлық секторы жаңа даму белесіне көтерілді

Бүгін, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.

Оған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты.

Әңгіме барысында өңірдің аграрлық тыныс-тіршілігі және мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары талқыланды.

Осы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы барлық негізгі салалар бойынша тұрақты өсім көрсетуде.

Жалпы өнім көлемі 255,7 млрд теңгені құрап, нақты өнім көлемінің индексі 109,3% болды — бұл республика бойынша ең үздік көрсеткіш.

Өсімдік шаруашылығындағы өсім — 13%, мал шаруашылығында — 6,7% жетті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, мұндай нәтижелерге Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйелі қолдауының, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асырудың және шаруалардың бірлескен еңбегінің арқасында қол жеткізілді.

Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысының тапсырмаларын дәйекті жүзеге асыру агроөнеркәсіптік кешен үшін 2025 жылды бетбұрыс кезеңіне айналдырғанын, бұл қаржыландыру көлемі мен технологиялық жаңару және экспорт өсімінің қарқыны тұрғысынан айқын көрінетінін атап өтті.

Биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алғаш рет 1 трлн теңгеге жуық жеңілдетілген қаржыға қол жеткізді — бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда он есе көп.

Нәтижесінде фермерлер өндірістік процестерді алдын ала жоспарлау мүмкіндігіне ие болды — келесі жылғы көктемгі егіс жұмыстарына қаржыландыруға өтінім қабылдау 1 қазанда басталды.

Алғаш рет ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру көлемі 250 млрд теңгеге жетті.

Бұл шаруашылықтардың жаңаруын айтарлықтай жеделдетіп, машина-трактор паркі ескіруін 80%-дан 70%-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді.

Мемлекеттік қолдаудың ең сұранысқа ие бағыттарының бірі — «Даму» қорының кепілдігі болды.

Жыл басынан бері қор жалпы сомасы 230 млрд теңгеге 1 300 кепілдік беріп, несиенің 85%-на дейінгі бөлігін қамтыды.

Бұл шара көптеген фермерлерге кепілзатының жетіспеушілігіне қарамастан, несие алуға жол ашты.

Саланы технологияландыру дамудың басты бағыты болып қала береді.

Ағымдағы жылы минералдық тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есеге — 600 мың тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін өсті, ал элиталық тұқым үлесі 7,1%-дан 11,2%-ға артты.

Министрдің айтуынша, бұл фермерлердің ауыл шаруашылығын ғылыми және тиімді тәсілдермен жүргізуге көшкенін көрсетеді.

Биыл елде егіс құрылымын ауқымды әртараптандыру қолға алынды.

Бидай егісі 900 мың гектарға қысқарып, ал майлы дақылдардың алқабы 1 млн гектардан астам ұлғайды.

Атап айтқанда, күнбағыс 500 мың гектар, зығыр 380 мың гектар, бұршақ дақылдары 280 мың гектар, картоп 12,5 мың гектарға артық егілді.

Осы маусымдық кезеңде Қазақстан 13,4 млн тонна астық экспорттады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 47%-ға көп.

Бұл — соңғы жиырма жылдағы ең жоғары көрсеткіш, ал экспорт ауқымы 45 елді қамтиды.

«Мұндай нәтижелер шаруалардың қажырлы еңбегі мен мемлекет тарапынан қолға алынған тиімді экспорттық саясаттың жемісі», — деді Айдарбек Сапаров.

Министр сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының сүтті мал шаруашылығын дамыту тәжірибесін тарату бағдарламасының тиімділігін атап өтті.

Егер 2019 жылы Қазақстанда небәрі 19 заманауи сүт фермасы болса, бүгінде 69 сүт фермасы пайдалануға берілді, ал тағы 47-сі бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Барлық жобаларды іске асыру жылына қосымша 600 мың тонна сүт өндіруге және импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Осы жылы жалпы көлемі 50 млрд теңгені құрайтын мал шаруашылығы субъектілерінің айналым қаражатын 5% мөлшерлемемен несиелеуға арналған жаңа тетік енгізілді.

Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама аясында тауарлы шаруашылықтар мен құс фабрикаларына арналған инвестициялық несиелер мен айналым қаражатын қаржыландыруды қоса алғанда, кредиттік құралдарды кеңейту көзделген.

Мұндай кәсіпорындар үшін «Даму» қорының несиенің 80%-на дейінгі бөлігін қамтитын кепілдік тетігі қолжетімді болмақ.

Сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасына ұқсас тәсілмен қайта өңдеу кәсіпорындарын несиелеу жалғасуда.

Бұл мақсаттарға үстіміздегі жылы 44 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 23,9 млрд теңгеге 62 жоба қаржыландырылды.

Қазіргі уақытта қазақстандық өнімдерді шетелге экспорттау көлемін арттыру және отандық брендтердің сыртқы нарықтағы деңгейін нығайтуға бағытталған Аграрлық экспорттық жоспар әзірленуде.

Кездесу барысында шаруалар мен бизнес өкілдері субсидиялау, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында несиелеу бағыттарын кеңейту, мал шаруашылығын дамыту және басқа да өзекті мәселелерді көтерді.

Министр барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беріп, фермерлердің ұсыныстары қолданыстағы бағдарламаларды пысықтау кезінде ескерілетінін атап өтті.

«Қазақстанның агробизнесі тиімділік пен технологиялық тұрғыдан жаңа деңгейді бағындырып келеді.

Бүгінде мемлекеттік қолдау тек көмек құралы ғана емес, саланың стратегиялық дамуының негізіне айналуда.

Біз оның нәтижесін көріп отырмыз — өндіріс, экспорт және ауыл тұрғындарының табысы өсіп келеді.

Бұл — аграрлық сектордағы жүйелі жаңғырудың бастауы ғана», — деп қорытындылады Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ, министр жұмыс сапары аясында азаматтарды қабылдап, бірқатар мәселелер бойынша Министрліктің салалық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив