Cемей2°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
525.28 607.85 6.47

Геология секторында инвестиция көлемі жыл сайын өсіп келеді – Өнеркәсіп министрлігі

Бүгін, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында геология саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің, сондай-ақ Ұлттық геологиялық қызметінің басшылары баяндама жасады.

Өз кезегінде өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкімет отырысында жер қойнауын пайдалану және геологиялық барлау саласындағы ахуал туралы баяндады. Ол қазір ел бойынша 103-тен астам түрлі пайдалы қазба және 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынғанын, сондай-ақ, қолданыста 2,9 мыңнан астам лицензия және 250-ге жуық қатты пайдалы қазбалар бойынша келісім-шарт бар екенін хабарлады.

«Мемлекет Басшысы өз Жолдауында геология саласын цифрлық жүйеге көшіру арқылы жаңа деңгейге жеткізу қажеттігін ерекше атап өтті. Осы міндеттерді жүйелі жүзеге асыру арқасында бүгінде сала жаңғыртудан өтуде. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет 5 кен орыны мемлекеттік есепке алынды. Олар – Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр кен орындары. Қор көлемі 98 тонна алтынға, 36 мың тонна мысқа, 11 миллион тонна марганецке және 1,3 миллион тонна фосфоритке артты. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда елдің геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде шамамен 2 млн шаршы шақырым аумақ зерттеліп отыр. Перспективті учаскелерді ерте анықтау және барлау тиімділігін арттыру мақсатында зерттеу жұмыстары неғұрлым нақты масштабта, яғни бір де елу мың (1:50 000) масштабында жүргізілмек. Аталған тәсіл бойынша 2026-2028 жылдары 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттелетін болады. Одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырымнан қамтылады», — деді Иран Шархан.

Жұмысты жеделдету үшін 20 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге Үкімет резервінен 240 млн теңге бөлініп, геологиялық түсірудің жаңа стандарттары бекітілгені атап өтілді. Аталған жұмыстарды Ұлттық геологиялық қызмет, «ЦентрГеолСъемка» ЖШС, Сатпаев атындағы Ғылыми‑технологиялық институт және тәжірибелі мамандардан құралған консорциум бірлесіп жүзеге асыруда. Жұмыс барысында «Тау‑Кен Самұрық» қатысуымен әуе-геофизикалық, геохимиялық және цифрлық технологиялар қолданылатын болады. Келесі жылға кешенді зерттеу мен сейсмо-барлауға шамамен 44 миллиард теңге қарастырылған.

«Бүгінде Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасын енгізу нәтижесінде сала ашық, басқарылатын және қолжетімді бола түсуде. Аталған платформада өтінім беруден бастап, лицензия алуға дейінгі толық цифрлық цикл қарастырылған. Жалпы платформада 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, электронды аукциондар мен бонустарды онлайн төлеуге мүмкіндік беретін "электронды әмиян" сервисі іске қосылған. Биыл жүйеде 94%, яғни бес жарым мыңнан астам келісімшарт пен лицензия цифрландырылды, 730-ға жуық лицензия берілді, 4 аукцион өткізіліп, бонустан 45 миллард теңге бюджетке түсті. Сонымен қатар, енді лицензиялар мен келісімшарттар бойынша есептердің 89%-ы онлайн қабылданады. Осының арқасында міндеттердің орындалуы автоматты түрде бақыланып, тексерудің тиімділігі артты. Қазір Бірыңғай платформа арқылы 66 мыңнан астам геологиялық есепті онлайн алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар бастапқы геологиялық ақпаратты да цифрландыру жүргізілуде. Бүгінде оның 73%-ы электронды форматқа ауыстырылды, жыл соңына дейін 97%-ға жетпек. Ал толық цифрландыруды келесі жылы аяқтау көзделіп отыр», — деді Иран Шархан.

Оның айтуынша, көп көлемдегі деректерді жинақтап, талдау үшін жасанды интеллект қолданатын Big Data жобасы жүзеге асырылуда екен, ол Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесіне негізделген. Қазір пилоттық кезең аяқталып, жоба ресми түрде басталған және оны 2028 жылы толығымен аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде барлық геологиялық деректер цифрландырылып, бір жүйеге келмек. Жоба жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қаржысы есебінен жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ геологиялық талдау сапасын арттыру мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» базасында жаңа заманауи зертханалық кешен құрылып, ғылыми-технологиялық орталық ретінде қызмет атқаратын болады. Ол жобада зертханадан бөлек қор сақтау және керн қоймасы ғимараттары да қарастырылған. Бұл елімізде бірыңғай геологиялық деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде құрылыс жұмыстарына Астана қаласынан 4 гектар жер учаскесі бөлінді. Жоба құны – 14 млрд теңге. Зертханалық кешенді 2028 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарлануда.

«Жүргізіліп жатқан реформалар саланың ашықтығы мен тартымдылығын арттырып, инвестиция көлемінің жыл сайын өсуіне ықпал етуде. Бүгінгі таңда ірі инвестициялар геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыруда табысты, тәжірибесі мол "Тау-Кен Самұрық" Ұлттық тау-кен компаниясы арқылы тартылып жатыр. Компания Fortescue, Esan сияқты ірі халықаралық серіктестерді тартып, 21 бірлескен кәсіпорын құрды. 72 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды және 8 кен орны зерттеліп, мемлекеттік балансқа алынды. Қазіргі уақытта 5 пилоттық жоба – Жосабай, Құйрықтыкөл, Қаратас, Нұра-Талды, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерінде жұмыстар жүргізілуде. 2028 жылы бұл жобалар бойынша қорларды JORC стандартына сай есепке қою жоспарлануда. Осыған орай мемлекет мүддесін қорғау үшін "Тау-Кен Самұрыққа" жер қойнауын пайдалану бойынша басым құқық беру қарастырылуда», — деді Иран Шархан.

Вице-министр саланы реформалау жалпы оң нәтиже беріп отырғанын айтады. Осыған байланысты заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Қазірде Жер қойнауын пайдалану кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжілісте қаралуда екен. Заң жобасы саланы әрі қарай дамытуға бағытталған негізгі жаңашылдықтарды қамтиды. Олар – жер қойнауын цифрлық пайдалану қағидаттарын бекіту, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне басым құқық беру, жасырын өндіру үшін жауапкершілікті күшейту, аукциондардан түскен бонустардың бір бөлігін геологиялық зерттеулерге бағыттау.

Заң жобасының Мәжілістегі бірінші оқылымы он екінші қарашаға жоспарланды. Министрлік сала тұрақтылығын нығайту мақсатында минералдық ресурстарды тиімді, сенімді және ашық басқаруды әрі қарай жалғастыратын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив