Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
469.49 552.59 6.24

Жұлдызбек Жұманбайға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді

Бүгін, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен белгілі актер, талантты режиссер Жұлдызбек Жұманбай «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Мемлекеттік награданы Абай облысының әкімі Берік Уәли табыстады.

Жұлдызбек Айтқалиұлы 1982 жылы Абай ауданының Кеңгербай би ауылында дүниеге келген. 1999–2002 жылдары М. Төлебаев атындағы музыка колледжінің «Актер» бөлімін тәмамдап, 2002–2006 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Эстрадалық миниатюра» мамандығы бойынша білім алды.

2012–2014 жылдары «Болашақ» бағдарламасымен ГИТИС-те «Режиссер» мамандығы бойынша магистр дәрежесін қорғады.

Еңбек жолында ол Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында режиссер, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында көркемдік жетекші, сондай-ақ Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында бас режиссер қызметтерін атқарды. Оның қойылымдары еліміздің әр өңірінде сахналанып, көрермен ықыласына бөленіп келеді.

Көпшілікке Жұлдызбек Жұманбайды кеңінен танытқан – «Қызыл орамалды шынарым» қойылымындағы Ілияс рөлі. Ол Ғ. Мүсірепов театры сахнасында 8 жыл актер ретінде өнер көрсетіп, көптеген бейнені шебер сомдады.

«Мен бұрын мұндай марапат тек таныстықпен беріледі деп ойлайтынмын. Алайда адал еңбек еткен адамға атақ пен абырой өздігінен келетінін түсіндім. Бұл – күтпеген, бірақ зор жауапкершілік жүктейтін марапат», – дейді режиссер.

Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлік қойылымдары қатарында Қара сөздер желісімен «Қара», Ромео мен Джульетта желісімен «Бір сен үшін тудым», «Ревизор», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Жолсыз жаза», «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Жусан иісі», «Қар қызы», «Маһшар түндегі махаббат», «Бопай ханым», «Райымбек, Райымбек», «Жармақ» және басқа да 30-ға жуық спектакль бар.

Марапаттары:

  • «Алтын сақа» – «Үздік режиссер» (2017)
  • «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі» (2022)
  • Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-2025» сыйлығы – «Жылдың үздік режиссері»

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив