АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ
Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.
Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.
Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.
ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (ЖЕЛТОҚСАН АЙЫ БОЙЫНША)
Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.
Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:
1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов
2) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров
3) Талғат Батырұлы Мұратов
4) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов
5) Қанат Серікқанұлы Әділбай
6) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев
7) Болат Таңсыкбайұлы Әбдірәлиев
Аутсайдерлер:
8) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев
9) Асхат Сайдахметұлы Смаилов
10) Айдар Маратұлы Ибраев
1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі.
Бірінші орында, 1957,3 баллмен Семей қаласының әкімі - Нұрбол Нұрсағатов тұр. Қала әкімі өз парақшасына Астана қаласындағы «Жайдарман» ойындарында үздік өнер көрсеткен семейлік «Қыздар емес» командасын жеңістерімен құттықтап, «Семей жұртшылығының атынан, жалынды жастардың атынан шынайы алғысымды білдіремін», деп салып қойыпты. Әкім желтоқсан айында қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша Абай облыстық «Amanat» партиясының филиалында қабылдады. Қабылдауға қалалық әкімдіктің дербес бөлім басшылары мен қала әкімінің бас инспекторлары қатысқан. Биылғы жылы Семейде алғаш рет суретшілердің «Менің қалам» қалалық вернисаж-конкурсы ұйымдастырылды. Ол конкурс осы желтоқсан айында өтті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының тұрғындарымен кездескен болатын. Ол кездесуде Нұрбол Нұрсағатов өңір басшысы мен қала тұрғындарының алдында атқарылып жатқан жұмыстар мен келесі жылға арналған жоспарлар туралы баяндама жасады. 20 желтоқсан орталық алаңда жаңа жылдық бас шыршаның шамдары жағылды. Қаланың бас шыршасысының биіктігі - 19 метр. Шыршаға 10 метрден 200 дана жарықдиодты гирляндалар және 100- ден аса ойыншықтар ілініп, аяз ата мен ақшақардың мүсіндері қойылған екен. Қалалық мәдениет сарайында Энергетиктер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Қала әкімі әр шағын ауданнан келген сала мамандарын «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик», «Электр энергетика саласына қосқан үлесі үшін» медалдарымен марапаттады. Қаланың сол жағалауына да шырша қойылды. Бір қызығы Нұрбол Төлегенұлы өз парақшасына Жүсіпбек Аймауытовтың романынан Семей қаласы туралы жазылған үзінді жолдарын салып қойыпты. Қалалық әкімдік «Ең үздік жаңа жылдық безендіру» байқауын ұйымдастырды. Жүлделі орын иелері Семей қаласының әкімінің құрмет дипломдарымен және ақшалай сыйлықтарына ие болды. Қаланың дамуына үлкен үлес қосып жүрген белсенді жастармен кездесті. Кездесу әкімге ұнаған сияқты. «Жастардың ұсынып отырған бастамалары тіпті ерекше, сағаттап әңгімелеуге болады»,- деп жазып қойыпты. Сондай-ақ ерекше форматта бүлдіршіндерге арналған қала әкімінің шыршасы ұйымдастырылды. Әкім «Айтылды-орындалды», - деп Шығыс оң жақ 10-11 саяжай массивтеріне жаңа трансформаторлық қосалқы станциясы орнатылғанын жазды. Сонымен қатар, желтоқсан айында 31 отбасыға жаңа үйлердің кілттерін табыстады.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
2. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.
Семей қаласының әкімінен кейінгі екінші орынға 1738,8 баллмен Жарма ауданының әкімі Жарқынбек Борашұлы жайғасты. Аудан әкімі Қаратөбе және Бірлікшіл, Суықбұлақ, Әуезов кенттері мен Қарасу, Шалабай және тағы да басқа ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар тарапынан байланыс сапасы, денсаулық сақтау нысандарының жағдайы, электр желісі сынды бірқатар әлеуметтік маңызы бар мәселелер алаңдатады. «Жарма ауданының негізгі бағыты ауыл шаруашылық саласы» деп сала қызметкерлерінің құрметіне арнап, ауыл шаруашылық күнін атап өтті. Желтоқсан айының 10-ы күні сайлау өтіп, Жарма ауданының бірқатар ауылдарының әкімі ауысты. Сонымен қатар, Шар қаласының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық облыс әкімі Нұрлан Тельманұлы Ұранхаевтың бастамасымен «Семей – Шар» бағытында жолаушылар тасымалы үшін теміржол қатынасы ашылды. Тәуелсіздік күні қарсаңында аудан орталығы Қалбатау ауылында жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлердің кілттері 30 жанұяға салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар, желтоқсан айында Қалбатау ауылындағы аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығына облыстық бюджет есебінен 23 миллион тенгеге алынған арнайы автокөлік табыс етілді. Жарма ауданында шырша жағу рәсімі 25 желтоқсан күні өтті. Ал 26 желтоқсан Жарқынбек Борашұлы аудандық қоғамдық кеңестің қорытынды отырысына қатысып, ауданның алдағы жылғы әлеуметтік, экономикалық даму көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Аудан әкімі басқа әкімдерден өзгеше, жаңа жылдық шырша мерекесін тек бүлдіршіндерге ғана емес, аға буын өкілдеріне де өткізген. Онда Шар қаласына ерекше еңбектері сіңген аға-буын өкілдеріне төсбелгілер мен алғыс хаттар табыс етті.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
3. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.
Үздік үштікті 1198,7 баллмен тәмамдайтын - Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Батырұлы. Әкім аудан орталығының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында 11 ай ішінде атқарылған жұмыстармен бөлісіп, 2024 жылға арналған жоспарлармен таныстырды. Аудан әкімі бұл айда Беген, Қарабас, Өндіріс ауылдары мен Дөңгелек орман шаруашылығына және т.б. елді мекендерге барып, тұрғындармен кездесті. Аудандық «Біздің №1» жастар форумына қатысты. Онда аудан экономикасын, мәдениетін, денсаулық сақтау саласын, ауылшаруашылығын және тағы да басқа салаларын дамытуға үлес қосқан жастарды марапаттап, сыйлықтар табыстады. Аудан орталығы Бесқарағай ауылдық округінде су мәселесі көптен шешілмей келе жатқан мәселердің бірі болатын. Осы орайда, 2022 жылы 263 млн. теңге бөлініп, Бесқарағай ауылында су құбырының құрылысы жобасы әзірленіп тиісті жұмыстар басталды. Желдің қатты соғуына байланысты ауданның бірнеше білім ордаларының шатырлары зардап шекті, саябақтар мен тұрғын үйлердің қоршаулары қираған болатын. Соған сәйкес Талғат Батырұлы оқиға орнына барып, тиісті шаралар қабылдады. Бесқарағай ауданының балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне 17 орындық жаңа үлгідегі шағын автобус берілді. 26 желтоқсан 100 балаға арналған Аудан әкімінің шыршасы өтті. Балалардың жаңа жылдық сыйлықтарын атап өтпеске болмайды. Тәтті сыйлықтардан бөлек, әр балаға ұлттық аспап домбыра сыйлады. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудан әкімдігінің аппарат қызметкерлері, спорт саласының майталмандары және жұмыспен қамту салаларының қызметкерлері «Ел алғысы» медалімен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, аудан әкімі «Балалар қуанса, әлем қуанады!»,-деп аудандық ауруханада ем қабылдап жатқан бүлдіршіннің көңілдерін аулап, жаңа жыл қарсаңында әзірленген сыйлықтарды табыстады. Және сыйлықтарды тек балалар ғана емес, ем қабылдап жатқан аудан тұрғындарына да үлестірді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
4. Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы – Абай ауданының әкімі.
Төртінші орында 1088,5 баллмен Абай ауданының әкімі Мейіржан Серікбосынұлы. Әкімнің желтоқсан айында атқарылған жұмыстарын көру үшін парақшасына шолу жасадық. Әкім тұрғындарға жеке қабылдауын өткізген. 7 желтоқсандағы қабылдауына 6 адам келсе, 21 желтоқсан күні 4 адам келген. Қабылдауға келген тұрғындардың санын барлық әкімдер жаза бермейді. Желтоқсан айында әкімнің қолы ұзарды десе де болады, өйткені, «Абай облысы әкімі аппараты» ММ бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімімен Абай ауданы әкімінің тағы бір орынбасары тағайындалды. Мектеп оқушыларына арналған шағын автобус берілді. Әр сала бойынша ауданның дамуына қосқан орасан үлесі үшін «Абай ауданының құрметті азаматы» атағы мен төсбелгісі бірқатар азаматтарға берілді. Құндызды және Қарауыл ауылдарында 8 пәтердің кілттері табысталды. Абай ауданының көпбалалы, аз қамтылған отбасының балаларына арналған жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Әкім шыршада балалармен би билеп, әрқайсысына сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табыстады. Сонымен қатар, сайлау процесін іске асыруда өнегелі еңбек етіп, оны өткізуге елеулі үлес қосқан қызметкерлер марапатқа ие болды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.
5. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі.
Бесінші орынға 1067,5 баллмен Аягөз ауданының әкімі Қанат Серікқанұлы тұрақтады. Аудан әкімі желтоқсан айын жеке қабылдауына келген адамдардың мәселелерін шешуден бастады. Жалпы, әкім қабылдаудан кейін, тұрғындардың мәселелері бойынша оқиға орнына шығатынын байқадық. Бірақ коментарийге тұрғындар: «Көз бояушылық. Проблемамен барған кезде "Сіздерсіз де жұмыс жетеді" деп шығарып жіберген» деп пікір жазып жіберген. Бұл рас па, жалған ақпарат па? Білмейміз. Әйтеуір Қанат Серікқанұлы басқа әкімдер сияқты назалы тұрғындардың жазған пікірлерін өшіріп тастамайды. Сол себепті Аягөз ауданы әкімінің парақшасы шынайы десек болады. Аягөз қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы заңсыз орналасқан металл гараждарды алу жұмыстары жүргізілген. «Басым бөлігінің тиісті құжаты жоқ, бірақ иелері оларды барлық жолмен қалдыруға тырысуда» деп жазыпты өз парақшасында әкім. Басты жаңалық – Аягөзде Қазақстан-Қытай бағытына жаңа теміржол құрылысы басталды. Әкім тек тұрғындарды ғана емес, ауылдық округ әкімдерін де қабылдайды. Қабылдау барысында ауылдық округтегі маңызды мәселелерді тыңдап, алдағы уақытта ауылдарды көркейту бойынша атқарылатын жұмыс жоспарларын талқылаған екен. Енді бұл қабылдаулар әрі қарай жалғасын табады. Округ әкімдері енді аудан әкімінің қабылдауына келіп, алдағы жоспарларын баяндайтын болады. Көпбалалы отбасынан шыққан балаларға жаңа жылдық шырша мерекесін өткізді. Сонымен қатар, жаңа жыл мерекесіне орай аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлерін, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесін, аудан әкімдігінің кіші қызметкерлерін қабылдап, мерекемен құттықтады.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
6. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы.
Алтыншы орында 705,9 баллмен Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ақылбек Башимбаев. Ол аудан орталығының көшелерін аралап, ауылдарға барып мәселелерге байланысты жауапты мамандарға тапсырма берген. Жанай, Қарамойыл, Аманкелді ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Басқа әкімдер сияқты кеңейтілген аппарат мәжілісін өткізді. Ақжар ауылында Тәуелсіздік күні қарсаңында 40 отбасына жаңа баспаналардың кілттері табысталды. Басты жаңалық – Мақаншы ауылы қайтадан аудан орталығы мәртебесіне ие болды. Енді Абай облысында 10 аудан, 2 қала бар. Жаңадан құрылған тағы бір аудан - Жаңа Семей ауданы. Бұл қатарымызға тағы екі әкім қосылатынын білдіреді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
7. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.
Жетінші орында 693,6 баллмен Курчатов қаласының әкімі Болат Тансықбайұлы. Әкім жылу және су сапасы мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізген. Тұрғындар тарапынан кейбір үйлердегі температураның төмендеуіне және шағымдардың көбеюіне байланысты «пәтерлерде шынымен суық екенін, терезелерде мұздың пайда болғанын, көп жағдайда тозғандықтан жылу жоғалғанын байқадым» деп жазыпты. Сол себепті, қаладағы қазандықтарға барып, мәселенің басын ашып, жылудың дұрыс болмауы сапасыз көмірден екендігі белгілі болды. Әкім енді тек сапалы көмірмен қолдану керек деген шешім шығарғанын жазды. Кейін, тұрғындар алдында есеп беру кездесуін өткізіп, 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
8. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.
Сегізінші орында әкімдік парақшасында белсенділігі жетпей қалған Көкпекті ауданының әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы. Оның балл саны 553,4.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
9. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.
Тоғызыншы орында желтоқсан айында парақшасына үш құттықтау салған Ақсуат ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы. 466,2 балл әкімдік парақшасы үшін берілді.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.
10. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.
Соңғы орынға өз парақшасында да, әкімдік парақшасында да белсенділік жоқ Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы жайғасты. Әкімнің балл саны 437,7. Айдар Маратұлы аутсайдерлер қатарынан шыға алар емес.
*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.