Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

7-07-2023, 10:00 018.kz

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (МАУСЫМ АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Айдар Маратұлы Ибраев

3) Нұржан Оразбекұлы Әбдікәрімов

Орташа рейтинг:

4) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров

5) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев

6) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев

7) Талғат Батырұлы Мұратов

Аутсайдерлер:

8) Сейілбек Абиұрұлы Ысқақов

9) Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитов 

10) Асхат Сайдахметұлы Смаилов 

1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі. 

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы 2751,3 баллмен 2023 жылдың маусым айының рейтингінде көш бастады. Қала әкімі маусым айының басын соңғы қоңырау мерекесіне барудан бастады. Ол Шәкәрім атындағы мектеп-гимназиясында болып, ұстаздар мен оқушыларды, мектеп түлектерін құттықтап, мектеп бітіретін түлектерге ақ жол тіледі. Сондай-ақ, Семейде 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні жоғары деңгейде аталып өтті. Балаларға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып, «Қарағайлы» шағын ауданынан халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 27 отбасыға пәтер кілттері табыс етілді. Артынша азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Новобаженово ауылында 7470 гектар алқапқа дақылдар егу жұмыстары жүргізілді. Семейде аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары басталды. «Мектепке жол» бағдарламасы аясында қаладағы білім ордаларына баратын барлық көшелерге жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда №18, 25, 27 орта мектептерге апаратын көшелерге жарықтандырулар жүргізілді. Жарқын ауылында жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. 4 маусым күні 1000-нан аса адам Мемлекеттік Әнұранды шырқады. Сондай-ақ, тұңғыш рет «Семей дауысы» байқауы өтті. Достық ауылдық округінде биылғы жылы егіс алқаптарына 700 га майлы дақылдар, 200 га бидай, 400 га көп жылдық шөп егілді. Қала әкімі жылыту маусымына дайындық бойынша көшпелі кеңес өткізді. Семей қаласында жолдарға орташа жөндеу жұмыстары басталды. Ағымдағы жылы Водный кентінде мектеп құрылысы басталады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде, құрылысқа қажетті қоршаулар орнатылды. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Орман өртін сөндіруге жұмылдырылған құтқарушылар ауыз сумен және тамақпен толықтай қамтамасыз етілді. Эвакуациялық пункттегі балаларға жазғы лагерь ұйымдастырылды. Семейде ағымдағы жылы жерасты өткелдеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қала әкімі атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Семейде жол белгілері салына бастады. Жазық ауылына жергілікті халықтың сұрауы бойынша қала әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың тапсырмасымен балалар ойын алаңы қолданысқа берілді. Семейде жол жиегіндегі қоршауларды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Қала әкімі жылыту маусымына дайындық бойынша көшпелі кеңес өткізді. Заря ауданында көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен шағын және орта бизнес объектілері, мектептер, сондай-ақ жалпықалалық жағажайы бар жағалау аймағы салынады. Семейде көп қабатты тұрғын үйлердің қабырғаларында қабырға суреттері салынуда. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

2. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы 1788,6 баллмен ағымдағы жылдың маусым айының рейтингінде үздік үштіктің қатарына кірді. Жаңадан тағайындалған аудан әкімі лауазымындағы бірінші жұмыс күнін орман өртінен қаза тапқан орманшылардың отбасыларымен кездесіп, көңіл айтудан бастады. Артынша аудан орталығындағы бірнеше әлеуметтік және құрылыс нысандарын аралады. Абай, Ә. Бөкейхан, Н. Островский атындағы мектептерінде болып, мектеп автобустарын жаңарту, ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты өзекті мәселелермен танысты. Және де аудандық орталық емхана жұмысын көріп, денсаулық сақтау саласындағы сұрақтарды тыңдап, емхананың жай-күйін бақылады. Сондай-ақ құрылыс әлі жүріп жатқан Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. «Семей орманы» МОТР Бородулиха филиалында болып, қызметкерлердің өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Бақы және Дмитриевка ауылдарындағы бірнеше нысанды аралап, Ауыл станциясындағы орманшылықта болды. «Қарбай» атындағы орталық мешітте болып, ауданның бас имамымен аймақтағы діни ахуал жайында сұхбаттасты. Новопокровка және Белағаш ауылдық округтерінде болып, екі мектеп, ауылдық емхана, «Семейгидрогеология» ЖШС және шаруа қожалықтары мен жылыжай ұстап отырған кәсіпкерлердің жұмыстарын тыңдап, өтініштері мен ұсыныстарын бақылауға алды. Новодворовка және Подборный ауылдарындағы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, су құбырлары құрылысының, фельдшерлік-акушерлік пункттің, Ивановка орта мектебінің жұмыстарымен танысты. Новодворовка ауылдық округіндегі жергілікті «Жұмағулов», «Алмакос плюс» шаруа қожалықтары және «Бекет-Агро» ЖШС қызметімен танысып, округтің клубында ауыл активімен кездесіп ағымдағы сұрақтар мен жоспарларды талқылады. Азаматтарды жеке сұрақтары бойынша бірнеше кезектен тыс қабылдау өткізіп, олардың әрбір мәселесін басшылыққа алды. Бородулиха ауылының барлық көшелеріндегі жолдарды грейдерлеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Қазақстан, Борков, Абай көшелерінде жол грейдерлеу жүргізілді. Жолдарды грейдерлеу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Петропавловка және Зубаир ауылдық округтерін аралап, халықпен кездесті. Шаруа қожалықтары және әлеуметтік нысандармен танысып, Байтанат шекара бекетінде болды. Сондай-ақ, Переменовка ауылдық округіне барып, Ремки, Андроновка ауылдарындағы шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Округтегі бүгінгі таңда негізгі сұрақ Андроновка ауылындағы құлаған су жинау мұнарасының жағдайы. Ол бойынша бүгінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Тұрғындармен кездесуде айтылған барлық мәселелерді жеке бақылауға алды. Новая Шульба, Жерновка, Таврия, Құнарлы, Красный Яр, Андреевка ауылдық округтерін аралап, халықпен кездесу өткізді. Новая Шульба ауылдық округінде «Красный Партизан», «Лазарев и К», «Алекс» сияқты шаруа қожалықтары мен мектеп, емхана, балалар үйі сияқты әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Ай соңында аудан орталығы Бородулиха ауылдық округ әкімінің атқарған жұмысы туралы есебін тыңдап, тұрғындармен кездесу өткізді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

3. Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы – Абай ауданының әкімі.

Абай ауданының әкімі Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы 1518,3 баллмен ағымдағы жылдың маусым айының рейтингінде үздік үштікті түйіндеп тұр. Ол маусым айын жалпы білім беретін «Қарауыл гимназиясында» өткізілген соңғы қоңырау салтанатына қатысудан бастады. Сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы ұлағатты ұстаздарды және білім нәрімен сусындаған, алтын ұя мектебінің табалдырығынан үлкен өмірге қадам басқалы отырған мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, ақ жол тіледі. Артынша жұмыс кестесіне сәйкес аудан тұрғындарына қабылдау жүргізді. Қарауыл және Кеңгірбай би ауылдарында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысын қадағалады. Кеңгірбай би ауылында қос пәтерлі 2 тұрғын үй, Қарауыл ауылында қос пәтерлі 11 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы аудан бойынша жиыны қос пәтерлі 21 тұрғын үй салынып, 42 отбасы баспаналы болады деп жоспарлануда. Мемлекеттік рәміздер күніне орай ауданның мемлекеттік қызметшілерімен бірге Мемлекеттік әнұранды шырқады. Аудандық мәдениет үйінде қаламы қарымды журналист, сазгер, сахна шебері, ақын, драматург Мейрамбек Жанболатұлының туғанына 85 жыл толуына орай өткізілген «Шыңғыстаудың ән-күйлері» атты бірнеше ғасырлық ән-күй мектебі өкілдерінің туындылары жинақ-кітабының (антологиясының) тұсаукесер салтанатына қатысты. Облыстық маңызы бар Аягөз-Қарауыл-Р23-Семей-Қайнар жолының 174-184 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Тоқтамыс ауылдық округін интернетпен қамтамасыз ету мақсатында, антенна-бағандық құрылғысын орнату жұмыстары басталды. Саржал ауылында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында екі пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы басталды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.

Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 1226,4 баллмен рейтингте төртінші орынға жайғасты. Ол маусым айын аудан орталығындағы бірнеше нысандарды аралап, жауапты мердігерлермен кездесіп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысудан бастады. Ағымдағы жылы «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында 4 елді мекендегі 6 көшенің жолдарын орташа жөндеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстарын кестеге сәйкес тамыз айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. «Омбы – Майқапшағай» халықаралық маңызы бар жолды қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «China Xing - Xing Group Co Ltd» компаниясының өкілдері Рен Бинг және бас инжинер Янг Хаовенмен кездесті. Бұл жоба аудан аумағынан өтетіндіктен үлкен маңызға ие. Себебі осы жоба барысында Қалбатау ауылының Қабанбай және Абай көшелерін орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Жоғарыда аталған көшелерді жөндеу ағымдағы жылдың тамыз - қыркүйек айларына жоспарланған. Екі жақты кездесу нәтижесі бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында әлеуметтік меморандум жасалды. Аудандағы іске асырылып жатқан құрылыс жұмыстары, абаттандыру және жобалық жұмыстардың орындалу барысы туралы жиын өткізді. Сондай-ақ, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың мәселелерін басшылыққа алды. Шар қаласының тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ, қайта жарақтаудан өтіп, іске қосылған «Шарцем» цемент зауытының еңбеккерлерімен және Алматы-Өскемен бағытындағы республикалық маңызға ие автокөлік жолының Қалбатау ауылы мен Жарма кенті аралығындағы жол бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «Sina Midas Stroy» ЖШС өкілдерімен кездесті. Әуезов, Жарма, Жаңғызтөбе, Суықбұлақ кенті, Қарасу, Бірлік, Шалабай, Бірлікшіл, Қаратөбе, Ақжал, Қабанбұлақ, Белтерек, 8 март, Қызылағаш, Жарық, Қапай Батыр, Ортабұлақ, Божығұр, Үшбиік, Аршалы, Шуақ, Терістаңбалы, Ұзынжал, Новотаубинка, Жайма ауылдарының халқымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Айдың соңында аудан әкімдігінің кезекті отырысын өткізді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

5. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.

Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 1168,9 баллмен рейтингтің ортасына тұрақтады. Маусым айын Ажа ауылына барудан бастап, ондағы «Соңғы қоңырау» шарасына қатысты. Шара барысында мектеп оқушыларын, ұстаздарды оқу жылын сәтті аяқталуымен құттықтап бірқатар ұстаздарды марапаттады. Жақын арада бұл ауылда балабақша ашылады, бүгінгі күні ғимаратты жөңдеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, қазіргі таңда Ажа ауылына таза ауыз су тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Биылғы жылы аталған ауылдың орталық көшесіне орташа жөңдеу жұмыстары жүргізіледі. Көкпекті ауылының Ұлы Дала Елі алаңында тұрақты негізде ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Көкпекті-Қалбатау аралығындағы автомобиль жолына жөңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан қытайлық мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жұмыс жоспарларын талқылады. Аудандық емхананың тазалық және абаттандыру жұмыстарымен және су жинағыш резервуарында орын алған мәселемен танысты. Аудандық мәдениет үйінде кезекті рет азаматтарды тұрақты негізде жеке мәселелері бойынша қабылдады. Аудан орталығындағы тұрғындардың сұранысы бойынша дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне қосымша кіру орны қарастырылды. Теректі-Шүғылбай ауылдарына барып, онда аталған ауылдар арасындағы автомобиль жолына жасалып жатқан орташа жөңдеу жұмыстарымен танысты. Аудандық ауруханада «Гемодиализ» орталығы ашылып, ресми түрде орталық өз жұмысын бастады. Халықаралық М-38 жолының жөңдеу жұмыстарымен айналысып жүрген қытайлық «Синьсин» компаниясының өкілдерін қабылдап, аудандағы жол мәселесін талқылады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.

Курчатов қаласының әкімі Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы 1036,6 баллмен рейтингте алтыншы орынға жайғасты. Жаңадан тағайындалған әкім азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаудан бастады. Тәуелсіздік, 31, 33 және Абай, 43 үйлері тұрғындарымен кездесіп, термомодернизациялау бағдарламасын талқылауға ұсынды. Тұрғындар қаланы абаттандыру және көп қабатты тұрғын үйлердің үй ішілік жүйесінің жағдайына қатысты проблемалық мәселелер туралы өз пікірлерін білдірді. Көтерілген мәселелердің барлығын әкім жеке бақылауына алды. Сондай-ақ, аудандағы бірқатар басқарма мен бөлім басшыларын қабылдап, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Курчатов қалалық емханасының жұмысымен танысып, тіркеу бөлімі мен жақында жөндеу жұмыстары жүргізілген қабаттарды тексерді. Бірқатар білім беру ошақтарын аралап, қаланы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, қоқыс мәселесіне ден қойып, контейнерлер мен қоқыс жәшіктерін жаңарту бойынша жұмыстарды қолға алды. Қалалық мешіт пен Қасиетті Қазан православие шіркеуінде болып, дін өкілдерімен қаладағы діни ахуалды талқылады. Қалалық мәдениет үйінің жұмысымен танысып, мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңартылатыны жөнінде айтты. Сонымен қатар, қаладағы бірқатар мәдени, кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандардағы мәселелерді бақылауға алды. Облыстық мәслихат депутаты, «ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС Семей бөлімшесінің директоры Владимир Владимирович Бабиченкомен кездесіп, темір жолдар мен Дегелең станциясын аралады. Консервацияланған вокзал ғимаратын қарап, оның жұмысын қайтадан бастау туралы шешім қабылданды. Қалалықтарды қатты толғандыратын мәселелердің бірі – ересектерге арналған жеке жағажайдың болмауы. Қазіргі таңда неғұрлым ең қауіпсіз орын таңдап алынып, абаттандыру жүргізілуде.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс:желідегі белсенділікті одан әрі арттыру және SMM құрамына қазақ тілді жетік меңгерген маман алу ұсынылады. 

7. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 1024,0 баллмен рейтингте жетінші орында тұр. Ол маусым айын WhatsApp мессенджерінде және әлеуметтік желілерде Бесқарағай ауданы Долонь ауылының тұрғындары арасында Ертіс өзенінің бойынан алтын кенді өндіру үшін ҚХР азаматтары келгені туралы ақпарат тарала бастауына байланысты Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбековпен және арнайы құрылған жұмыс тобымен бірге ауыл тұрғындарымен кездесуден бастады. Кездесу барысында ауыл тұрғындарына толығымен түсіндірме жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, «Ertis Mining» ЖШС-нің директоры ауыл тұрғындарын мазалаған сұрақтарына жауап берді. Алдағы уақытта Долон ауылында, Ертіс өзенінің жағасында ешқандай завод құрылысы болмайтындығын түсіндіріліп, ауыл тұрғындарына алдағы уақытта тек ресми ақпараттарға сену қажеттілігі айтылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген жаңа үйлердің аумағына жол салу, сондай-ақ демеушілер есебінен салынған жаңа мешіт орналасқан Корнева көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Аудан әкімі аталған нысанға барып жұмыс барысын тексеріп, жұмысты сапалы мерзіміне сай аяқтауды тапсырды.Бірнеше жылдан бері апаттық жағдайда тұрған «Айналайын» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізіп, олардың көтерген мәселелі сұрақтарын басшылыққа алды. Аудан орталығы Бесқарағай ауылында дәстүрлі түрде ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен жәрмеңке ұйымдастырылды .Қарабас, Өндіріс, Дөңгелек, Беген, Жандос, Қарағайлы, Бұқабай, Башкөл, Ерназар, Қоянбай ауылдарының халқымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Аудандық мәслихаттың кезекті lV-ші сессия отырысына қатысып, өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөніндегі есебін берді. Аудандық Мәдениет үйіне барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, анықталған кемшіліктерге байланысты бөлім басшысына және Мәдениет үйінің директорына бірқатар тапсырмалар берді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

8. Ысқақов Сеилбек Абұирұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Аягөз ауданының әкімі Ысқақов Сеилбек Абұирұлы 979,5 баллмен сегізінші орынға жайғасты. Маусым айын Қазақ мектеп лицейіндегі «Соңғы қоңырау» мерекесіне қатысудан бастап, мектеп бітіруші жас түлектер мен оқушыларға ақ жол тіледі. Сондай-ақ, ауданаралық көпсалалы ауруханада болып, мереке қарсаңында өмірге сәби әкелген аналарды және ауруханада емделіп жатқан балаларды мерекелерімен құттықтап, аналарға гүл, бүлдіршіндерге естелік сыйлықтарын табыстады. Артынша іс-сапармен Ақтоғай кенті, Қопа, Тарлаулы, Байқошқар, Баршатас, Ақшатау, Майлин, Қарағаш, Сарыарқа ауылдық округтерінде болып, кент, ауылдық округтердің қауымдастық мүшелерімен, ақсақалдармен кездесіп, олардың ауыз су тарту, көшелерге жарық бағандарын орнату, ауылшаруашылық жерлерін қайтару, ауылдың ішкі жолдарын жөндеу сынды мәселелеріне жауап берді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай Аягөз қаласының ең биік нүктесінде орналасқан «Битан тау» аллеясында ту көтеру рәсімі өтіп, бір мезетте еліміздің Әнұраны шырқалды. Абай бульварындағы жол жөндеу жұмыстарының іске асуын қадағалап қайтты. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалының директоры Д.У. Шарипов, «Фронт-офистер қызметін ұйымдастыру басқармасының басшысы Н.М. Мейрамбекова, «Арғанат» ЖШС басшысы А.Ш. Мустафин, Аягөз аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы М.К. Жумабековтың қатысуымен қалада автодром ашу мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, Аягөз қаласындағы абаттандыру жұмыстарын қадағалап, бірқатар көшелерді аралады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

9. Тоқсеитов Нұржан Тлеужанұлы – Үржар ауданының әкімі.

Үржар ауданының әкімі Тоқсеитов Нұржан Тлеужанұлы 806,4 баллмен тоғызыншы орынға тұрақтады. Маусым айының басында Абылайхан атындағы орта мектебінде болып, ата-аналарды, ұстаздар мен мектеп бітіруші оқушыларды соңғы қоңырау мерекесімен және балаларды қорғау күнімен құттықтады. Бірқатар аппараттық жиналыстар өткізіп, күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде жауапты сала басшыларына тапсырмалар берді. Мақаншы ауылдық округі әкімшілігі ғимаратында ауыл тұрғындарын қабылдап, сауалдарына заң аясында жауап берді. Бөлім басшысыларын қабылдап, биылғы жылға жоспарланған құрылыс нысандарының жұмысы мен Алакөл жағалауындағы атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады. Сондай-ақ,«Ашық әкімдік» кеңсесінде аудан тұрғындарын қабылдап, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Алакөл жағалауына барып, атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалады. Көкөзек ауылдық округінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру және атқарылған нақты жұмыстарды жариялау ұсынылады.

10. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.

Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 397,6 баллмен көш соңына жайғасты. Аудан әкімі маусым айында өзінің ресми парақшасына кәсіби мерекелермен құттықтаудан басқа өзінің жұмысы туралы мүлде жазба жарияламаған. Әйтседе аудан әкімдігінің парақшасынан саусақпен санарлық жазбалар кездесті. Оның ішінде аудан әкімінің маусым айының 5 жұлдызында аппарат мәжілісін өткізгендігі туралы жазылған. Сондай-ақ, «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер және спорт фестиваліне дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілгені баяндалады. Аудан әкімі облыстың құрылуына арнап 8 маусым күні көшет отырғызды. Аудан орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 14 маусым күні Ақсуат ауылында «Ақсуат антитеррор – 2023» терроризмге қарсы жедел тактикалық жаттығуы өткізілді. Аудан әкімінің орынбасарлары кейбір ауылдық округтер мен нысандарды аралап, олардың мәселесімен танысты.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу үшін SMM командасын қайта құру және оларды арнайы курстан өткізу ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив