Семейде Шығармашылық орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр
Семей қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында бірқатар маңызды нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан Шығармашылық, Медиа, Көрме және Теннис орталықтарының құрылыс алаңдарында болды.
Шығармашылық орталығының құрылысы Шымкент қаласының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 3939 шаршы метрді құрайды. Орталық 150 адамға арналған. Оның құрылымы оқу, жалпы мектептік және әкімшілік-шаруашылық блоктарынан құралған. Оқу бөлімі музыкалық, хореографиялық және бейнелеу өнері бағыттарына бөлінеді.
Мұнда балалардың сапалы білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан жетілуіне барлық жағдай жасалатын болады.
Нысанда қазіргі таңда металл конструкцияларын дәнекерлеу, екінші қабатта монолитті учаскелерді орындау жұмыстары жалғасуда. Мердігерлердің айтуынша, құрылыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Нысан келесі жылы жазда пайдалануға беріледі.
Ғимараттың құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы нысанның уақтылы әрі сапалы салынуы маңызды екенін атап өтті.



