Cемей12°С
Ауа-райы
  • Абай-33°С
  • Аягөз-39°С
  • Ақсуат-33°С
  • Бородулиха-26°С
  • Қалбатау-31°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-33°С
  • Үржар-30°С
441.66 475.14 4.86

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

9-03-2023, 12:00 018.kz

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (АҚПАН АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров

3) Талғат Батырұлы Мұратов

Орташа рейтинг:

4) Нұржан Оразбекұлы Әбдікәрімов

5) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев

6) Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитов

7) Асхат Сайдахметұлы Смаилов

Аутсайдерлер:

8) Ахметқали Ахашұлы Нұрғожин

9) Сейілбек Абиұрұлы Ысқақов

10) Олег Васильевич Чугунков

1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі. 

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов 2067,4 баллмен 2023 жылдың ақпан айының рейтингінде көш бастады. Әкімдіктің ақпан айындағы жұмысы тіл туралы заңды сақтау мақсатында жарнамалық белгілер мен плакаттарды бақылаудан басталды. Мониторинг барысында бірқатар заңсыз ілінген жарнамалық баннерлер мен конструкцияларға бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қаланың көркін бұзып тұрған, жыртылған, ескірген постерлер алынып тасталды. Нұрбол Төлегенұлы Юность, Ұшақтар, Комсомол, Кирпичный, Жоламан, Суық бұлақ, Бобровка, Мұрат, Шығыс, Восход, Водный кенттерінің белсенділерімен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ, облыс орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан Қайнар, Алғабас, Абыралы, Айнабұлақ, Көкентау, Жиенәлі, Достық, Ертіс, Приречное, Новобаженова, Озерки, Талица ауылдары мен Шаған және Шүлбі кенттерінің тұрғындарымен кездесіп, олардың көтерген проблемалық сұрақтарының барлығын назарға алды. Шаһар басшысы аулаларын су басқан Би Боранбай және Широкая көшелеріндегі жер үйлерді аралап, орын алған апатты жағдайды жедел шеше білді. Орталық саябақ, Жеңіс алаңы, Жамақаев көшесінде қоғамдық кеңістіктерді қолданысқа беру туралы көшпелі кеңес өткізді. Тұрғындардың өтініші негізінде, Мұрат саяжайындағы су колонкаларын іске қосып, РСУ-1 ауданындағы барлық қоқыстар мен қалдықтар ҚТҚ полигонына шығарылды. Су басу қаупі бар аудандарды аралап, алдын-алу шаралары бойынша құзырлы органдарға бірқатар міндеттер жүктеді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: Facebook парақшасын белсенді жүргізу ұсынылады.

2. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі. 

Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 1718,9 баллмен ағымдағы жылдың ақпан айының рейтингінде үздік үштіктің қатарына кірді. Жарқынбек Борашұлы ақпан айын аудандық төтенше жағдай жөніндегі комиссияның отырысын өткізуден бастады. Артынша Шар қаласына жұмыс сапарымен барып, қала әкімі мен жауапты бөлім және мекеме басшыларына қала көшелерін қардан тазарту тұрғысында нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды да аралап, олардың жылыту маусымын еңсеру барыстарын қадағалады. Ұлы Отан соғысы жылдары 397 неміс басқыншыларының көзін құртқан жармалық сұр мерген, Халық қаһарманы Төлеуғали Әбдібековке мүсін қою туралы арнайы комиссияның алғашқы отырысын өткізді. Көктемгі су тасқынының алдын-алу бойынша атқарылып жатқан шараларды бақылау мақсатында Әуезов кенті мен Шалабай, Қаратөбе, Кеңтарлау, Әди, Үшбиік, Аршалы, Қапанбұлақ, Ақжал ауылдарына барды. Шалабай ауылдағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу мәселесін назарға алып, Ортабұлақ су қоймасына барды. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін жиі ұйымдастыруды жолға қойды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: Facebook парақшасында жарияланатын жазбалардың, барлығына қолжетімді болуын қадағалау ұсынылады.

3. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі. 

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 1395,7 баллмен ағымдағы жылдың ақпан айының рейтингінде үздік үштікті түйіндеп тұр. Ақпан айын тағайындаулармен бастаған Талғат Батырұлы халықпен кездесуді Малая-Владимировка ауылынан бастап, ары қарай Қарабаш, Қара-Мырза, Канонерка, Жыланды, Старая-Крепость, Стеклянка, Глуховка, Бірлік, Белокаменка, Грачи, Лесной, Жетіжар, Кривинка, Бозтал, Долон, Мостик, Бөдене ауылдарында жалғасты. Су басу қауіпі бар орындарды аралап, оның алдын алу бойынша тиісті шараларды жүргізу бойынша арнайы жоспар әзірледі. Бағаны тұрақтандыру мақсатында Семей қаласынының «Северный» базарында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Бесқарағай ауданының ет, сүт өнімдері саудаланып, оған алғаш рет облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысты. Аудан әкімі тілдерді оқыту орталығының Мемлекеттік тілді дамыту курсына жазылды. Алдағы уақытта барлық дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері аталған курсқа жазылып, Мемлекеттік тілді білу деңгейін шыңдайтын болады. ​ ​ ​ ​

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: ресми парақшасындағы «подписки» бөлімін зерделеу және оқырмандардың қалдырған пікіріне кері байланыс орнату ұсынылады.

4. Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы – Абай ауданының әкімі.

Абай ауданының әкімі Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы 1275,5 баллмен рейтингте төртінші орынға жайғасты. Ақпан айын азаматтарға жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізуден бастаған әкім, аудан орталығында бағаны тұрақтандыру үшін жәрмеңке өткізуді қолға алды. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «Серік» мал сою алаңына барып, тиісті бөлімдерге лаборатория ашу бойынша тапсырма берді. Облыстық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға жауапты «Дерикар» ЖШС мен қоқыс төгуге жауапты «Риза» кәсіпорнына барып, техникалардың жағдайымен танысты. Нұржан Оразбекұлы ауданда жүн өңдеу өндірісінің көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Елді-мекендерге іссапарын Кеңгірбай би ауылынан бастап, ары қарай Медеу, Құндызды, Көкбай, Тоқтамыс, Саржал, Орда, Архат, Бөрілі, Қасқабұлақ ауылдарында жалғасты. Сондай-ақ, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Тақыр өзенінің жағдайымен танысты.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: оқырмандардың қалдырған пікіріне кері байланыс орнату ұсынылады.

5. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі. Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 1035,6 баллмен рейтингтің ортасына тұрақтады. Аудан басшысы ақпан айын кеңейтілген аппарат отырысын өткізуден бастады. Қардың қалың түсуіне байланысты қар шығару жұмыстарын жедел ұйымдастыруды қолға алды. Аудан халқының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында «QUIZ» зияткерлік ойынын өткізіп, тұрғындармен бірге қатысты. Көкпекті орта мектебіне барып, білім бөлімінің басшысына мектеп шатырын жөндеуге, терезелерін ауыстыруға, акт залға жаңа орындықтар алуға сметалық құжаттар әзірлеуді тапсырды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмысымен танысып, мекеме басшыларына балалардың болашағы үшін лайықты жағдай қарастырылуы қажет екенін ескертті. Теректі, Преображенка, Шұғылбай, Қойгелді Аухадиев, Үкілі қыз ауылдарына барып, көктемгі су тасқынының алдын-алу бойынша атқарылып жатқан шаралармен танысты. Биғаш ауылындағы негізгі мектепті орта мектепке ауыстыруды тапсырды. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына аудан орталығындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде бокс үйірмесіне қатысатын балаларға ринг сатып алу үшін ұсыным әзірлеуді және Көкпекті ауылындағы көшелерді кеңейту мәселелерін қарауды жүктеді. Көкжайық ауылындағы дәрігерлік амбулаториядағы маман жетіспеу мәселесін шешті. Сондай-ақ, аудан әкімі жұмыс сапарымен Ақ ой, Шәріптоғай, Ажа, Мамай, Үлкен Бөкен ауылдарында болып, жергілікті мәселелермен танысты.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитов – Үржар ауданының әкімі. 

Үржар ауданының әкімі Тоқсеитов Нұржан Тлеужанұлы 906,1 баллмен рейтингте алтыншы орынға жайғасты. Аудан басшысы ақпан айын Келдімұрат, Көктерек ауылдарының тұрғындарымен кездесуден бастады. Ары қарай халықпен кездесулер Ақшоқы, Қарабұта, Мақаншы, Қабанбай, Қарабұлақ, Бақты, Қаратал, Барқытбел, Бестерек ауылдарында жалғасты. Жергілікті тұрғындардың мәселесін тыңдап, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Су тасқынының алдын-алу бойынша жұмыстар атқарып, көпірлер мен арықтарды, көшелерді жаппай қардан тазарту жұмыстарын белсенді жүргізді. Егінсу, Бестерек, Үржар ауылдарында өткен  ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып, нарықтағы бағаларды бақылады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

7. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.

Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 780,4 баллмен рейтингте жетінші орында тұр. Аудан әкімі ақпан айын Сәтбаев, Ырғызбай, Кіндікті, Қызылкесік, Үштөбе ауылының тұрғындарымен кездесуден бастады. Алдағы үш жылда Үштөбеде дәрігерлік амбулатория салу, Қызылкесіктегі балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу, Кіндіктіден Алғабасқа ауыз су тарту, Жәнтікейден 150 орындық клуб, Көктүбектен 80 орындық мектеп салу жоспарлануда. Қарғыба ауылындағы көшені жарықтандыру мәселесін назарға алды. Сондай-ақ, ақпан айында бірқатар аппараттық жиындар өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. Осы айда белсенді қарқын байқалады. Аудан әкімінің жұмыстарынан видеодайджестер пайда бола бастады. Егер осы қалыптан таймаса, үздіктер қатарынан көрінуі ықтимал. Тек қар тазалау жұмыстарының бір салған суреттерін, екінші рет қайталап салмаса болғаны. *Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: Instagram және Facebook желісіндегі ресми парақшадағы белсенділікті арттыру және әкімдіктің парақшасындағы пікірлерге тұрақты негізде кері байланыс орнату ұсынылады.

8. Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Бородулиха ауданының әкімі Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы 662,7 баллмен сегізінші орынға жайғасты. Аудан басшысы ақпан айын Таврия, Красный Яр, Құнарлы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесуден бастады. Аталған ауылдарда көше шамдарын орнату мәселесі бір жолға қойылады деп жоспарлануда. Ақпан айында бірқатар аппараттық кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Су тасқынының алдын алу бойынша бірқатар елді-мекенді аралады. Н. Островский орта мектебіндегі автобус мәселесі шешілетін болды. Сондай-ақ, ауылдық округтердегі кездесулердің бірінде әлі күнге дейін мемлекеттік Елтаңбаның жаңартылмағандығын байқауға болады. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

9. Ысқақов Сеилбек Абұирұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Аягөз ауданының әкімі Ысқақов Сеилбек Абұирұлы 510,8 баллмен тоғызыншы орынға тұрақтады. Аудан басшысы ақпан айын ҚМДБ Абай өңірі бойынша бас имамы Асқар Әбітайұлымен кездесуден бастады. Артынша кент, ауылдық округ әкімдерімен жиын өткізіп, қардан тазалау, көктемгі су тасқынының алдын алу мәселесін талқылады. Халықпен кездесулерді Қосағаш, Баршатас ауылдарынан бастап, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Бірқатар аппараттық жиындар өткізіп, ауданда атқарылатын шаруалар мен су тасқынының алдын алу бойынша жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Ақпан айында аудан басшысының желіні пайдалану белсенділігі бәсеңдегені байқалды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: Instagram және Facebook желісіндегі ресми парақшадағы белсенділікті арттыру ұсынылады.

10. Чугунков Олег Васильевич – Курчатов қаласының әкімі.

Курчатов қаласының әкімі Чугунков Олег Васильевич 429,9 баллмен әдеттегідей көш соңына жайғасты. Аутсайдер әкім ақпан айын азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаудан бастады. Мемлекеттік қызметшілер арасында шаңғы жарысын өткізді. Қаланың білім беру мекемелерінің материалдық-техникасын жарақтандыру және оларды жаңарту мәселесін назарға алды. Сондай-ақ, су тасқынының алдын алу бойынша бірқатар нақты шаралар қабылдады. Ақпан айында қала әкімінде сәл белсенділік байқалды. Осы қалыптан таймаса, алдағы айларда аутсайдерлер қатарынан шығу ықтималдығы жоғары.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласының әкіміне ұсыныс: желіде жарияланатын жазбалардың сапасын арттыру мақсатында SMM мамандарды арнайы медиа және мобилография курстарынан өткізу ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив