Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай-33°С
  • Аягөз-39°С
  • Ақсуат-33°С
  • Бородулиха-26°С
  • Қалбатау-31°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-33°С
  • Үржар-30°С
441.58 480 4.86

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

8-11-2022, 17:00 Думан Кенжеғазыұлы

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды. 

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, облыстағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі өткізілді. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты «Абай Ақпарат» редакциясының ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (ҚАЗАН АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

 

Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров

3) Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитов

Орташа рейтинг:

4) Талғат Батырұлы Мұратов

5) Нұржан Оразбекұлы Әбдікәрімов

6) Сейілбек Абиұрұлы Ысқақов

7) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев

Аутсайдерлер:

8) Ахметқали Ахашұлы Нұрғожин

9) Олег Васильевич Чугунков

10) Асхат Сайдахметұлы Смаилов

1. Нұрбол Нұрсағатов – Семей қаласының әкімі. 

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов 3250,1 баллмен жалпы рейтингте көш бастады. Тағайындалғанына көп болмаған әкім WhatsApp мессенджерінде жедел желі нөмерін іске қосып, халықпен кері байланыс орнатудың озық үлгісін көрсетті. Әлеуметтік желілерге салалық бөлім басшыларының ұялы телефон нөмерін ашық жариялап, әр Жұма сайын әкімдіктің ресми парақшасы арқылы тікелей эфирге шығатынын хабарлады. Сондай-ақ, direct пен мессенджерге келген сұрақтарға қала әкімінің өзі жауап қалдыратыны анықталды. Жарияланған посттардың астында қалдырылған пікірлерге жауаптар мен барлық қажетті ақпараттар беріледі. Семей қаласының әкімін желіде белгілеу кезінде аталған проблемалық мәселеге де дер кезінде назар аударылады. Ол қысқа мерзім ішінде бірқатар мәселені шешіп үлгерді. Оның ішінде: «Қарағайлы» ықшам ауданындағы жарық мәселесі, Жарқын ауылындағы жол мәселесі, рұқсат етілмеген заңсыз қоқыс полигондары (50 қоқыс полигонының көзі жойылды), жол қауіпсіздік ережелерінің сақталуы («Шығыс» кентінде орын алған оқиғаға байланысты Сергек бейнебақылау жүйесі орнатылды) сынды мәселелер шешімін тапты. 

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: әкімдіктің Facebook желісіндегі парақшасын жандандыру ұсынылады.

2. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.

Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 1089,4 баллмен екінші орынға жайғасты. Оның PR компаниясы әкімдіктің жұмысын көрсете алды. Аудан әкімінің жұмысынан бөлек ауданның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін жаңалықтарды желіде бөлісті. Шар қаласындағы аурухананың бос тұрған екі қабатын жөндеуден өткізіп, медициналық қызмет көрсетудің аясын арттырды. Кезіндегі әкімдер ат ізін салмаған Үшбиік ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Ауданның тазалығын қамтамасыз ету мақсатында «Таза Жұма» экологиялық акциясын қолға алды. 

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: азаматтарды жеке қабылдау кезінде салынған материалдарды бір сарында қайталай бермей, нақты қандай мәселелер шешімін тапқанын көрсету ұсынылады.

3. Нұржан Тоқсеитов – Үржар ауданының әкімі. 

 Үржар ауданының әкімі Тоқсеитов Нұржан Тлеужанұлы 909,8 баллмен үздік үштікті түйіндеп тұр. Аудан әкімдігінде жарияланған кейбір материалдар Президенттікке кандидат Қ. Тоқаевтың үгіт-насихатымен байланысты. Сондай-ақ, сайлауға қатысты материалдар күніне 10 реттен қайталанып салынған. Үржар ауданы әкімінің әлеуметтік желіде халықпен кері байланысы жоқ екенін, посттардың астында пікірлер көрсетілмегенін атап өткен жөн, бұл өз кезегінде аудан тұрғындары әкімнің ресми парақшасының бар екенін білмейді немесе қалдырылған пікірлер модерацияланады және жойылады дегенді білдіреді. Бірақ аудан тұрғындарын жеке қабылдау кезінде берілген өтініштер назардан тыс қалмайды. Аудан әкімі ұзақ жылдар бойы жырға айналған Қарабұта-Ақшоқы бағытындағы 22 шақырым жолға асфальт төседі, сонымен қатар ұзаққа созылған Үржар әуежайының құрылыс жұмыстарын аяқтады.

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданының әкіміне ұсыныс: әкімдіктің парақшаларында сайлау науқанынан бөлек, ауданның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін жаңалықтар, халықпен онлайн кері байланыс және әкімнің жеке қабылдау кезінде көтерілген мәселелер бойынша жазылатын ақпараттарды толықтыру ұсынылады.

4. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі. 

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 630,3 баллмен төртінші орында тұр. Тағайындалғанына небәрі 1 ай болған әкім өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын ашып, белсенділік таныта бастады. Қызметке келе салып аудандағы барлық ауылдарды аралап, халықпен кездесулер ұйымдастырды. Бозтал ауылындағы өзекті мәселелердің бірі су желісін тарту бойынша жұмыстарды назарға алды. Іргелес жатқан Курчатов қаласының әкімімен кездесіп, екі елді-мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жаңа жобаларды іске асыру мақсатында екіжақты келісімге отырды. Әлеуметтік желіде кері байланыс бар.

* Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданының әкіміне ұсыныс: әкімдіктің парақшасын керексіз артық ақпараттардан тазарту, халыққа қажетті пайдалы ақпараттарды беру ұсынылады.

5. Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы – Абай ауданының әкімі. 

Абай ауданының әкімі Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы 516,1 баллмен рейтингтің ортасында тұр. Аудан әкімі өзінің жұмыстарын мобилография форматында белсенді түрде көрсетуде. Алайда аудан әкімдігінің парақшасы артық ақпараттарға толы, ол тұрғындарға қызықсыз болуы мүмкін.Басқа көздерден алынған түпнұсқа емес ақпараттың шамадан тыс көп болуы парақшаның аудиториясын жоғалтады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданының әкіміне ұсыныс: әкімдіктің парақшасын жаңа форматта дамыту және әкімдіктің өзінің негізгі қызметіне желіде баса назар аудару, оның ішінде орынбасалар мен әкімдік қызметкерлерінің атқарған жұмысын белсенді көрсете білу ұсынылады.

6. Ысқақов Сеилбек Абұирұлы – Аягөз ауданының әкімі. 

Аягөз ауданының әкімі Ысқақов Сеилбек Абұирұлы 478,0 баллмен алтыншы орында тұр. Аудан әкімі біршама істер атқарса да, оны Facebook желісіндегі оқырмандарынан жасыруға тырысады немесе желіні пайдаланудың ережесін білмейді. Себебі оның Facebook желісінде жарияланған жазбалары тек оның достарына ғана арналған, посттарының басым көпшілігі барлық оқырманға қолжетімді емес. Достық қатарында жоқ адамдар әкімнің қандай жұмыс атқарып жатқанын білмеуі де мүмкін. Сол себепті де жасырын жарияланған жазбалары рейтинг шығару барысында есепке алынбады. Егер ол жазбалар барлық оқырманға қолжетімді болғанда бәлкім аудан әкімі үздік бестіктен көрінер ме еді?! Сондай-ақ, жазбалар астына қалдырылған өтініштер мен пікірлерге назар аударылмаған және кейбір желі қолданушыларының пікірлері өшірілген. Соңғы айлардағы жазбаларда облыстың ескі атауы (ШҚО) көрсетілген жазбалар жарияланған.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданының әкіміне ұсыныс: желіде халықпен кері байланыс орнатуды қолға алу және әлеуметтік желінің ережесін дұрыс пайдалану, сондай-ақ, оқырмандардың жазған пікірлерін өшірмей, оларға қажетті ақпарат беру ұсынылады.

7. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.

Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 296,5 баллмен жетінші орында тұр. Аудан әкімінің Facebook парақшасы Аягөз ауданы әкімінің парақшасына ұқсас. Себебі жазылған жазбалардың басым бөлігі кез-келген оқырманға қол жетімді емес. Аудан әкімдігінің Facebook желісіндегі парақшасы қараусыз қалған. Ал Instagram-дағы парақшасы белсенді емес, ағымдағы жылдың мамыр айынан кейінгі ұзақ үзілістен соң қазан айынан бастап онда тек сайлауға қатысты материалдар көптеп жарияланды. Әкімнің Instagram-дағы парақшасында халықпен кері байланыс жоқ. Сондай-ақ, аудан әкімі өзінің сүйікті суретін (жоғарыдағы сурет) желіде көбірек жариялап, мерекелермен құттықтаған.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: өзінің атқарып жатқан жұмысын әлеуметтік желілерде белсенді әрі ашық түрде көрсету мен аудан әкімдігінің ресми парақшасын жандандырып халыққа пайдалы ақпараттар беру және иммиджін қалыптастыру мақсатында фотосессия жасау ұсынылады.

8. Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Бородулиха ауданының әкімі Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы 283,4 баллмен сегізінші орында тұр. Аудан әкімінің Facebook желісіндегі парақшасы қараусыз қалған. Соңғы жазбасы 19 тамызда салынған. Аудан әкімдігінің ресми парақшаларында сайлауға қатысты жарияланған материалдар саны екі жүзден асады, олардың кейбіреу он реттен қайталанған. Халықпен желіде кері байланыс жоқ. Тұрғындар әкімдіктің direct-тегі хаттарға жауап бермейтінін атап өткен.  

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданының әкіміне ұсыныс: әлеуметтік желімен жұмыс жасауды үйрену, халықпен уақтылы кері байланыс орнату және парақшаларды жаңа форматта жандандыру ұсынылады.

9. Чугунков Олег Васильевич – Курчатов қаласының әкімі. 

Курчатов қаласының әкімі Чугунков Олег Васильевич 174,8 баллмен тоғызыншы орында тұр. Қала әкімінің Instagram және Facebook желісіндегі парақшалары тоқтап қалған. Ағымдағы жылдың 17 наурызынан кейін араға 7 ай салып 1 жазба ғана жарияланған. Ал әкімдіктің парақшасында қаланың тыныс-тіршілігі мен әкімдікке қатысы жоқ жазбалар көптеп жарияланған. Бірқатар жазбалардың қазақша нұсқасы орыс тілінен тікелей аударылған.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласының әкіміне ұсыныс: өзінің желідегі ресми парақшаларын жүргізуді қолға алу, оны жандандыру, желідегі оқырмандармен кері байланыс орнату және әкімдіктің парақшасына жаңашылдық енгізу мен мемлекеттік тілде жазылған жазбалардың аудармасына мұқият болу ұсынылады.

10. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі. 

 Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 159,7 баллмен көш соңына жайғасты. Аудан әкімі желілерде ресми парақшаларды жүргізу бойынша аутсайдер болып табылады. Әкімнің Instagram желісінде парақшасы жоқ. Facebook желсіндегі парақшасында өзінің жұмысы туралы жазбалар жарияламаған. Онда тек мерекелермен құттықтап ғана отырған. Ал аудан әкімдігінің парақшасы соңғы айда белсендірек болғанымен, желідегі оқырмандармен кері байланыс жоқ.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданының әкіміне ұсыныс: Instagram желісінен ресми парақша ашу және өзінің желідегі ресми парақшаларын жандандыру мен оны белсенді жүргізу, желіде халықпен тұрақты кері байланыс орнату ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив