Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
455.63 507.89 5.65

Семей орманы қайта түлейді: «Halyk Орманы» жобасы бизнес пен қоғамды біріктірді

Бүгін, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

2023 жылғы алапат өрттен зардап шеккен Семей орманын қалпына келтіру жұмыстарына енді кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері мен қайырымдылық ұйымдары да белсенді атсалысып жатыр. Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асырып жатқан «Halyk Орманы» экологиялық жобасы аясында биыл Алматы мен Семей өңірлерінде 3 миллионға жуық көшет отырғызылды. Ал Абай облысында өткен арнайы ақпараттық тур табиғатты қалпына келтіру жолында бизнес пен қоғам өкілдерінің басын қосты.

24 қазанда Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында «Halyk Орманы» жобасы аясында күзгі ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылды. Биыл құрылғанына 10 жыл толған Halyk қайырымдылық қоры бұл бастама арқылы орманды қалпына келтірумен қатар, экологиялық мәселелерді шешуге қоғамның назарын аударуды көздейді.

Бұған дейін жобаның күзгі ағаш отырғызу маусымы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде басталған болатын. Оған 500-ге жуық адам қатысып, 9 мыңға жуық шырша көшетін отырғызды. Ал Семей орманын қалпына келтірудің маңызы ерекше. 2023 жылғы алапат өрт салдарынан өңірдегі мыңдаған гектар орман алқабы зардап шекті. Табиғаттың осы байлығын қайта қалпына келтіру үшін қомақты қаржы ғана емес, ұзақ жылдарға созылатын жүйелі жұмыс қажет.

Кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері Семей орманындағы жұмыстарды өз көздерімен көрді

«Halyk Орманы» жобасы аясында Абай облысына арнайы ақпараттық тур ұйымдастырылды. Сапарға кәсіпкерлер, қайырымдылық қорларының өкілдері, қоғам қайраткерлері, экобелсенділер, журналистер мен блогерлерді қоса алғанда, 35-тен астам адам қатысты.

Олардың қатарында «Қағанат» асханалар желісінің негізін қалаушы Чинара Бүгімбаева, Lanzhou желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина, бұрынғы Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов, ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов, кәсіпкер Жұлдыз Ғафарова және өзге де қоғам белсенділері болды.

Ақпараттық тур барысында қатысушылар «Семей орманы» резерватының аумағын аралап, өрттен зардап шеккен орман алқаптарын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Олар орман тәлімбақтарында көшеттердің қалай өсірілетінін, суару жүйелерінің жұмысын, жас қарағайларды отырғызу және күтіп-баптау үдерісін көрді.

Сапардың негізгі мақсаты - орманды қалпына келтіру жұмыстарының нақты нәтижелерін көрсету, кәсіпкерлерді экологиялық бастамаларға тарту және табиғатты қорғау бағытындағы серіктестікті кеңейту.

«Орманды қалпына келтіру бір күнде аяқталатын жұмыс емес»

Ақпараттық турға қатысқан ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов орманды қалпына келтіруде жүйелі жұмыстың маңызы зор екенін атап өтті.

«Орманды қалпына келтіру бір күнде аяқталатын жұмыс емес. Көшет отырғызудан бұрын оны өсіретін жағдай жасау, кейін тұрақты күтім жүргізу маңызды. Бұл жобаның құндылығы осы жұмыстарға бизнес пен қоғамды біріктіріп, табиғатты қорғаудың жүйелі үлгісін қалыптастыруында. Бүгін атқарылған жұмыстың куәсі болдық», - деді Евгений Мухамеджанов.

Оның пікірінше, экологиялық бастамалардың нәтижелі болуы үшін бір реттік акциялармен шектелмей, ұзақмерзімді қолдау тетіктерін қалыптастыру қажет.

Семей орманындағы жұмыстармен танысқан кәсіпкерлердің бірі - «Қағанат» асханалар желісінің негізін қалаушы Чинара Бүгімбаева. Ол ақпараттық тур барысында өзге қатысушылармен бірге орман тәлімбақтарын аралап, көшет өсіру және өртенген аумақтарды қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Кәсіпкерлердің мұндай жобаларға қатысуы экологиялық бастамалардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Өйткені орманды қалпына келтіру үшін мемлекеттік құрылымдар мен қайырымдылық ұйымдарының күш-жігері ғана емес, бизнес өкілдерінің де қолдауы маңызды. Түрлі салада еңбек ететін азаматтардың ортақ мақсат жолында бірігуі табиғатты қорғау мәселесіне қоғамның назарын аударып, жаңа серіктестер тартуға жол ашады.

Орман тәлімбақтарын жаңғыртуға 146,5 миллион теңге бөлінді

«Halyk Орманы» жобасының маңызды бағыттарының бірі - орман шаруашылығының инфрақұрылымын дамыту. Қор тек ағаш отырғызуды қаржыландырып қоймай, көшеттерді өсіруге қажетті жағдай жасауға, орман тәлімбақтарын жаңғыртуға және олардың өндірістік мүмкіндігін арттыруға қолдау көрсетіп келеді.

Атап айтқанда, «Семей орманы» резерватына қарасты Морозов орман тәлімбағының суару жүйесін жаңартуға 146,5 миллион теңге бөлінді. Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде суарылатын аумақты 34 гектардан 46 гектарға дейін ұлғайту көзделген. Сонымен қатар бір гектардан өсірілетін көшет санын 800 мыңнан 1,1 миллионға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осындай жұмыстар Бөкебай филиалында да жүргізіліп жатыр. Қор Канонер филиалының жылыжай кешенін жаңғыртуға да қолдау көрсетті. Жалпы, 2029 жылдың соңына дейін «Семей орманы» резерватындағы тоғыз тәлімбақтың бесеуін жаңарту жоспарланған.

Бизнес пен қоғам біріксе, игі істің ауқымы кеңеймек

«Halyk Орманы» жобасын Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры бірлесіп жүзеге асырып келеді. Қазір бастаманы қолдайтын серіктестер саны артып отыр. Олардың қатарында «ЕВРОБАК» ұйымы, FlyArystan, Нұрлан Қаппаров қоғамдық қоры және «ROSSKO» компаниясы бар.

Экологиялық акция мен таныстыру сапарын ұйымдастыруға Qazaq Oil жанармай құю станциялары желісі, сондай-ақ, Halyk Bank-тің Абай облысындағы филиалы логистикалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Ал «Кипрос» компаниясы орманды қалпына келтіру жұмыстарына миллиондаған теңге көлемінде қаржы бөлуге ниет білдірді.

Осылайша, бір тарап қаржылай қолдау көрсетсе, екіншісі ұйымдастыру, тасымалдау және басқа да қажет жұмыстарға атсалысып жатыр. Мұндай серіктестік бизнестің мүмкіндіктерін қоғам игілігіне бағыттаудың нақты үлгісіне айналып келеді.

Жобаға ел азаматтары да шет қалмай қатысып жатыр. Halyk және Kaspi мобильді қосымшалары арқылы қайырымдылық жасауға мүмкіндік беретін QR-кодтар іске қосылған. Бүгінге дейін

Бүгінгі көшет – ертеңгі орман

2025 жылы басталған «Halyk Орманы» жобасы бес жылға жоспарланған. Бұл уақыт ішінде Іле-Алатау ұлттық паркінде, «Семей орманы» резерватында және Астананың жасыл белдеуінде 9 миллионға жуық көшет отырғызу көзделген. Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры бұл мақсатқа 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлді.

Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Бүгін Семей жеріне егілген әрбір қарағай – келер ұрпаққа қалатын жасыл мұра. Ал сол мұраны қалыптастыру жолында кәсіпкерлердің, қоғам белсенділерінің, орманшылар мен қарапайым тұрғындардың күш біріктіруі – ортақ жауапкершіліктің көрінісі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив