Облыс әкімі мердігерлерге Семей теміржол вокзалының құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласындағы теміржол вокзалын реконструкциялау жұмысын қадағалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту қолға алынған. Оның 10-ы Абай облысында орналасқан.
Семей теміржол вокзалын реконструкциялау жұмысы өткен жылдың шілде айында басталған. Жоба аясында ғимарат толық жаңартылып, нысанның аумағын кеңейту қарастырылған. Жөндеу жұмыстары кезінде жолаушыларға уақытша қызмет көрсету орындары ұйымдастырылған.
Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Құрылысқа 60 жұмысшы мен 8 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Нысанда екі ауысымды жұмыс режимі ұйымдастырылған. Бүгінде вокзал ғимаратының қасбетін қаптау, витраждық әйнектерді орнату, ішкі әрлеу және керамикалық плиткаларды төсеу жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар эскалаторларды орнату және вокзалдың перрон бөлігін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Аймақ басшысы теміржол вокзалындағы жаңғырту жұмыстарын мерзімінен кешіктіріп жатқан мердігердің жұмысын сынға алып, қатаң ескерту жасады. Оларға құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмысшылар санын арттыруды, салаға жауапты орынбасары мен тиісті басқарма басшысына құрылыс сапасын күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.
«Теміржол вокзалының ашылуын қаншама халық күтіп отыр. Ал сіздер өте баяу жұмыс істеп жатырсыздар. Жұмыс қарқыны төмен. Үш апта бұрын келгенде қалай тұр, сол күйі тұр. Ешқандай қозғалыс көрінбейді. Бұлай болмайды. Мердігер компания бізді халықтың алдында ұятқа қалдырып отырсыздар. Құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмысшылар санын бірнеше есеге арттырыңыздар. Ең бастысы, жұмыстың сапасына мән беріңіздер», – деді Берік Уәли.
Өңірде теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Биыл облыста бірқатар теміржол вокзалдары жаңартылып, пайдалануға берілді. Маусым айында Бородулиха ауданындағы Белағаш және Ауыл станцияларының, тамыз айында Жарма ауданындағы Шар, Үшбиік және Жарма станцияларының, Курчатов қаласындағы Дегелең станциясының, сондай-ақ, Мақаншы ауданындағы Жалаңашкөл станциясының вокзалдары іске қосылды.
Қазіргі уақытта Аягөз қаласындағы және Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.




