Абай облысында Дегелең теміржол вокзалы жаңадан салынып, пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзал, оның ішінде Абай облысында 10 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын. Бүгін Курчатов қаласындағы Дегелең теміржол вокзалы толық жаңартылып, қайтадан салынып, салтанатты түрде ашылды. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Теміржол вокзалын реконструкциялау бағдарламасы аясында толық жөндеуден өткен Дегелең вокзалының аумағы 85 шаршы метрден 300 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ішкі кеңістік толық жаңартылып, күту залдары мен жолаушыларға қызмет көрсету орындары заманауи талаптарға сай жабдықталды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін нысанның қолжетімді болуына ерекше көңіл бөлінді. Жалпы станцияда 190 адам еңбек етеді.
Аймақ басшысы жаңа кейіпке енген вокзалдардың тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Теміржолшылар жаңа нысанның ашылғанына ризашылықтарын білдірді.
Станция арқылы «Өскемен-Астана», «Семей-Астана», «Алматы-Павлодар» және «Семей-Ақтау» бағыттарындағы жолаушылар пойыздары қатынайды. Дегелең вокзалының жаңаруы Курчатов қаласын кешенді дамыту жұмыстарымен сабақтасып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала ғылым қалашығы ретінде дамып келеді. Соңғы жылдары қараусыз қалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру, көшелерді жөндеу, аулаларды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Школьная көшесіндегі қалпына келтірілген үйден әлеуметтік осал санаттағы 30 отбасы баспанамен қамтылды.
Қалада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен заманауи Жастар орталығы ашылып, №2 мектеп жаңартылды. Қалалық аурухана кезең-кезеңімен жөнделіп, жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар Курчатовтың инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында қуаты 700 мегаватт болатын жаңа конденсациялық электр станциясының құрылысы басталды.







