Облыс әкімі теміржол вокзалдарының жобасымен танысты
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Абай облысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы есебінен өңірдегі 10 теміржол вокзалы жаңғыртылады.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі теміржол вокзалына барып, нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Мердігер компания өкілдері аймақ басшысына жөндеуден өтетін вокзалдардың жобасын таныстырды.
Бас мердігер Дархан Шотабаевтың айтуынша, құрылыс-монтаждау жұмыстары Семей, Аягөз қалалары мен Ақтоғай, Жалаңашкөл, Шар, Дегелең, Үшбиік, Жарма, Белағаш және Ауыл станцияларындағы теміржол вокзалдарында жүргізіледі. Он жобаның ішіндегі ең ауқымдысы - Семей қаласындағы теміржол вокзалы. Нысанның сырты заманауи еуро панельдермен қапталып, аумағы кеңейтіледі. Вокзал жанынан жолаушылар мен қарсы алушылардың екінші, үшінші жолдарға жеңіл өтуі үшін эскалатор, мүгедектерге арналған лифт, шағын буфеттері бар қосымша ғимарат салынады. Сонымен қатар жүргіншілерге арналған 260 метрлік темір жол үсті көпірі жаңартылады.
Аймақ басшысы инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жобалардың маңызын атап өтіп, жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.