Cемей2°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
455 498.77 5.56

Облыс әкімдігінде кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін, 13:10

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында қысқы кезеңде автомобиль жолдарын күтіп ұстау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға дайындық барысы, 2025–2026 жылдары жүргізілген мемлекеттік аудиттердің қорытындылары қаралды.

Кеңеске облыстық басқармалардың басшылары мен өңірлік департаменттердің жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының басшысы Айбек Әнуарбеков, қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова, тексеру комиссиясының төрағасы Нариман Таушов баяндады.

Абай облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 044 шақырымды құрайды. Өңірде 210 көпір және 3329 су өткізгіш құбыр бар. Қыс мезгілінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы кезеңде күтіп ұстауға 91 арнайы техника жұмылдырылады. Биыл мердігер ұйымдар 30 техниканы жаңартты. Қажетті материалдық қор да әзірленген. Атап айтқанда, 200 тонна тұзды ерітінді, 3200 тонна құм, 2500 тонна елеу қалдығы, 2000 тонна бензин және 2000 тонна дизель отыны дайындалды.

Аудандық маңызы бар жолдарды қардан тазарту және күтіп ұстау жұмыстарына 242 арнайы техника тартылады. Бұл бағытта 9 ауданда және Курчатов қаласында коммуналдық мекемелер мен 29 қосымша ұйым жұмыс істейді. Семей қаласының көшелерін қысқы кезеңде күтіп ұстауға 131 арнайы техника жұмылдыру көзделген.

Облыстық маңызы бар жолдарда қар басу қаупі жоғары 10 учаске анықталған. Бұл учаскелерде ұзындығы 12 шақырымнан асатын қар тоқтатқыш қалқандар орнатылған. Алайда олардың шамамен 40 пайызы тозған және қалпына келтіруді немесе ауыстыруды қажет етеді. Биыл үш учаскеде жалпы ұзындығы 700 метр қалқан қалпына келтірілді. «Көкпекті – Преображенка – облыс шекарасы» автомобиль жолының қар жиі басатын бөлігінде тағы 200 метр қалқан орнату жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар «Қалбатау – Майқапшағай» автомобиль жолының 970-шақырымындағы «Байбура» асуында жылыту бекетін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жоба аясында жолаушыларға арналған жылыту орны, арнайы техникаға арналған ангар, санитарлық торап және төтенше жағдай кезінде тікұшақ қонатын алаң қарастырылған.

Аймақ басшысы қыс мезгілінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.

«Біздің басты міндетіміз – төтенше жағдай орын алғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Әсіресе, қар басу қаупі жоғары жол учаскелеріне, шалғай ауылдарға қатынайтын бағыттарға және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Сондықтан жолдарды қардан уақтылы тазарту, арнайы техниканың дайындығы, қажетті материалдық қорлардың жеткіліктілігі және төтенше жағдайлар кезінде тиісті қызметтердің үйлесімді жұмыс істеуі басты назарда болуы тиіс», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі жауапты басқармаларға, қала және аудан әкімдеріне қысқы кезеңде автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қардан уақтылы тазартуды, арнайы техниканың дайындығын және көктайғаққа қарсы материалдардың жеткілікті қорын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, қар басу қаупі жоғары жол учаскелерінде алдын алу шараларын күшейтіп, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарды бірінші кезекте тазартуды, мердігерлердің жұмысына бақылауды күшейтуді міндеттеді. Төтенше жағдайлар кезінде тиісті қызметтердің үйлесімді жұмысын ұйымдастырып, тұрғындарды жолдардың жай-күйі туралы жедел хабардар етуді және жол қозғалысының қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін айтты.

Кеңесте 2025–2026 жылдары жүргізілген мемлекеттік аудиттердің қорытындылары да қаралды. 

Аймақ басшысы жиында аудит нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою, бухгалтерлік есепті цифрландыру жұмыстарын жандандыру, бюджетті жоспарлау мен жұмсауға бақылауды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив