Cемей4°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
455 498.77 5.56

Қазақстанда бауыр обырын ерте анықтауға бағытталған жоба іске қосылды

Бүгін, 09:00 018.kz

Қазақстанда бауыр обырын ерте диагностикалау және онкологиялық ауруларды анықтау сапасын арттыруға бағытталған жаңа жоба жүзеге асырыла бастады. AstraZeneca компаниясы General Electric-пен бірлесіп, еліміздің төрт қаласындағы медициналық ұйымдарды заманауи ультрадыбыстық диагностикалық аппараттармен жабдықтауда.

Жоба Павлодар, Алматы, Астана және Өскемен қалаларын қамтиды. Медициналық мекемелерге орнатылатын жаңа құрылғылар халықаралық LI-RADS хаттамасымен, түрлі-түсті допплерлік карталау және бауыр тіндерінің серпімділігін анықтау функцияларымен жабдықталған.

Бастаманың негізгі мақсаты – бауыр обырының кең таралған түрі саналатын гепатоцеллюлярлық карциноманы (ГЦК) ерте кезеңде анықтау және науқастарды дер кезінде емдеуге бағыттау.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда бауыр обырын кеш анықтау мәселесі әлі де өзекті. Аурудың бастапқы кезеңдерінде айқын белгілердің болмауы салдарынан көптеген пациент дәрігерге дерт асқынған кезде ғана жүгінеді.

С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры, Бауырды зерттеу жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың төрағасы Александр Нерсесовтің айтуынша, гепатоцеллюлярлық карцинома әлемде онкологиялық аурулар арасында бесінші, ал Қазақстанда тоғызыншы орында тұр.

Маман бауыр фиброзы бар пациенттерді тұрақты медициналық бақылауға алудың және қатерлі ісікті ерте анықтауға ерекше назар аударудың маңыздылығын атап өтті.

Жоба аясында 200-ден астам ультрадыбыстық диагностика дәрігері арнайы оқытудан өтті. Бұл мамандардың біліктілігін арттырып, халықаралық диагностикалық стандарттарды күнделікті медициналық тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.

Жаңа технологиялардың тиімділігі Алматы қаласында жүргізілген пилоттық зерттеу барысында да бағаланды. 2026 жылдың маусым-қазан айлары аралығында тексерілген 100 пациенттің 25-інде бауыр тіндерінің тығыздығына қатысты өзгерістер анықталған.

Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының сәулелік диагностика дәрігері Айгүл Олжабаеваның айтуынша, заманауи жабдықтар күдікті өзгерістерді дер кезінде байқап, пациенттерді қосымша тексеруге жіберуге мүмкіндік берген. Растаушы диагностика барысында гепатоцеллюлярлық карцинома жағдайлары анықталған.

Жоба авторларының пікірінше, жаңа диагностикалық технологияларды енгізу ауруды анықтау мен емдеуді бастау арасындағы уақытты қысқартуға ықпал етеді.

Сонымен қатар бұл бастама Қазақстандағы онкологиялық диагностика сапасын жақсартуға, дәрігерлердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге және бауыр обырын емдеуге болатын ерте сатыларда анықтау көрсеткішін арттыруға бағытталған.

Анықтама: AstraZeneca – онкология, кардиология, нефрология, тыныс алу жүйесі және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған инновациялық дәрілік препараттарды зерттеу және әзірлеумен айналысатын халықаралық биофармацевтикалық компания.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив