Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
448.72 493.86 5.49

Еңбек адамын қорғауға арналған Қазақстан Кәсіподақтарының 25 жалпыұлттық бастамасы Халық Кеңесіне табысталды

Бүгін, 16:10

Кеше Павлодарда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин мен Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен «Еңбек адамы – Ел бірлігінің тірегі» республикалық кәсіподақтар форумының пленарлық отырысы өтті. Жиынға сондай-ақ салалық және аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшылары, еліміздің өңірлерінен келген еңбек ұжымдарының өкілдері мен әлеуметтік әріптестер қатысты.

Қатысушылар бір күн бұрынғы талқылаулардың нәтижесінде әзірленген «Еңбек адамының үні» атты 25 жалпыұлттық бастаманы таныстырды. Бұл ұсыныстар әділ еңбекақы төлеуге, жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуына, еңбек ететін отбасылардың әл-ауқатына, технологиялық өзгерістер кезеңінде жұмыс орындарын сақтауға және еңбек ұжымдарының қоғамдық өмірге араласуына қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өндірістік өңір үшін еңбек адамын құрметтеу, кәсіби шеберлік пен еңбек құқықтарын қорғау мәселелерінің айрықша маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин 25 жалпыұлттық бастаманың стратегиялық қырларын таныстырып, кәсіподақтардың ұстанымын жеткізді және еңбек ұжымдарының ұсыныстарын жалпыұлттық деңгейде ілгерілету жолдарын айқындады. Спикер мемлекеттің басты құндылығы – еңбек адамы екенін еске салды.

«Біз еңбек адамы - мемлекеттің тірегі деп жиі айтамыз. Бірақ осы сөздің тағы бір маңызды мәні бар.Мемлекет мықты болса, ол да еңбек адамына берік тірек болуы керек. Адал еңбек еткен адам лайықты өмір сүріп, отбасын асырап, бала-шағасын өсіріп, ертеңгі күніне сеніммен қарауға тиіс. Бұл - әр адамның қарапайым әрі заңды тілегі. Әлеуметтік әділеттілік туралы сөзді де осыдан бастағанымыз жөн.», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Төраға бірлескен Форумды өткізу бастамасын қолдағаны үшін Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановқа алғыс айтты.

Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының сөзінше, елдегі ірі индустриялық орталықтардың бірі саналатын Павлодардың еңбек адамының жағдайын талқылау орнына айналуы заңды құбылыс.

«Бұл өңірде металлургтің, энергетиктің, кеншінің, машина жасаушы маманның еңбегі қаншалықты ауыр әрі жауапты екенін жақсы біледі. Экономикадағы әрбір көрсеткіштің, өндірістегі әрбір жетістіктің артында адам еңбегі тұрғанын да жақсы түсінеді. Сондықтан бүгінгі форумның «Еңбек адамы - Ел бірлігінің тірегі» деген атауы басқосуымыздың мәнін айқын көрсетіп тұр», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Еске салайық, Кәсіподақтар федерациясы конституциялық өзгерістерді талқылауға қатысып, жұмыскерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға қатысты ұсыныстар енгізген болатын. Қоғамдық жаңа институт – Қазақстан Халық Кеңесінің Конституцияда бекітілуі кәсіподақ қозғалысы үшін қағидатты мәселелердің бірі болды.

 «Адамдар өз өміріне, елдің ертеңіне әсер ететін шешімдерді талқылауға тікелей қатыса алуы керек. Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан Халық Кеңесі - адамдармен тығыз байланыста жұмыс істейтін халықтық институттар. Міндетіміз де, өкілеттігіміз де әртүрлі. Бірақ бізді біріктіретін ортақ мақсат бар. Ол - адам мүддесін қорғау, елдің болашағына қызмет ету. Кәсіподақтар федерациясы екі миллионға жуық еңбек адамының мүддесін қорғайды.Ал Қазақстан Халық Кеңесі қоғамның әртүрлі топтарына ел дамуының маңызды мәселелерін талқылауға қатысуға жол ашады. Сондықтан біз Халық Кеңесімен бірлескен жұмысты еңбек адамдарының үнін елдік деңгейде естіртудің маңызды мүмкіндігі деп білеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы әр сала мен өңірдегі миллиондаған адамның еңбегі экономикалық өрлеу мен қоғамдық келісімнің тірегі екенін еске салды. Мемлекет басшысы белгілеген «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттары еңбек өмірінде де – жұмыскерлердің құқықтары мен қауіпсіздік талаптарын сақтауда, өз міндетіне жауапкершілікпен қарауда көрініс табады.

«Еңбек адамы ел дамуына күн сайын өз үлесін қосып жүр. Ал ел дамуы өз кезегінде оның өміріне нақты оң өзгеріс әкелгені әділ. Егер экономика өсіп, бірақ еңбек адамы мұны сезінбесе, демек біздің әлі де істейтін шаруамыз көп. Лайықты еңбек – әлеуметтік әділеттілік мәселесі ғана емес. Бұл – экономиканың өзін дамытудың басты шарты», – деді ол.

ҚРКФ Төрағасы жұмыскерлерге тікелей әсер ететін түйткілдерді атап өтті: баға өсуінен жалақының сатып алу қабілетінің төмендеуі, ұжымдық шарттардың орындалмауы және өндірістегі қауіпсіздік талаптарының бұзылуы.

«Баға өсіп, жалақы сол күйінде қалса, адам табысының бір бөлігінен айырылады. Ұжымдық шартқа қол қойылып, бірақ оның тармақтары орындалмаса, жұмыскерлердің әлеуметтік әріптестікке сенімі жоғалады. Адам ауысымға шығып, үйіне оралмаса, ешқандай өндірістік жетістік бұл қасіретті ақтай алмайды. Жұмыскер заңды құқығын талап еткенде қол жайып сұраушы болмауы керек», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

«Еңбек адамының үні. 25 жалпыұлттық бастама» құжаты жұмыскерлердің өтініштері, салалық және аумақтық кәсіподақтардың тәжірибесі мен еңбек құқықтарын қорғау тәжірибесі негізінде дайындалған. Ұсыныстар бес бағытқа топтастырылған: әділ табыс және әлеуметтік әріптестікті дамыту; еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік қорғау; жұмыс істейтін отбасының әл-ауқаты; технологиялық өзгерістер жағдайында адами әлеуетті дамыту; жұмыскерлердің қоғамдық өмірге қатысуы. Сатыбалды Дәулеталин әр бастаманың артында жалпыұлттық деңгейде қарауды қажет ететін еңбек ұжымдарының нақты сұраныстары тұрғанын атап өтті.

Халық табысы жайлы айта келе, ол 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімін кәсіподақтардың қолдайтынын жеткізді. ҚРКФ Төрағасының сөзінше, Кәсіподақтар федерациясы бұл мәселені көп жылдан бері дәйекті түрде көтеріп келеді.

«Бірақ біз үшін ең төменгі жалақыны көтеру – түпкі мақсат емес. Біздің міндетіміз – еңбек ететін адам отбасын лайықты асырап, ертеңгі күнге сенімді қарауы үшін нақты еңбек табысының тұрақты өсуіне қол жеткізу», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Сондай-ақ ҚРКФ халық табысын арттыру жөніндегі 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді жоспардың орындалуын мемлекеттік бағалаумен қатар, қоғамдық сараптамадан да өткізуді ұсынады. Бұл ретте нақты еңбек табысының өсімін, жұмыс орындарының сапасы мен еңбек ететін отбасылардың жағдайын ескеру қажет.

Тағы бір бағыт цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу кезінде жұмыспен қамтуды қорғауға байланысты. Технологиялық жаңғыру мамандықтарды, біліктілікке қойылатын талаптарды және еңбекті ұйымдастыруды өзгертеді. Сондықтан Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, жұмыспен қамту кепілдіктерін алдын ала айқындап, қызметкерлерді қайта даярлауды қамтамасыз ету және еңбек қатынастарында алгоритмдерді қолданудың түсінікті ережелерін бекіту қажет.

«Жаңа технологиялар бір топты алға сүйреп, екінші топты әлеуметтік жағынан қорғансыз қалдыруына жол бермеуіміз қажет. Қызметкерлерді қайта даярлауды кім қамтамасыз етеді? Жаңа технологиялар енгізілгенде олардың құқықтары қалай қорғалады? Еңбек қатынастарына әсер ететін алгоритм шешімдеріне кім жауап береді? Ал өнімділіктің артуынан түсетін пайда бизнес пен жұмыскерлер арасында қалай бөлінеді? Қазан айында Астанада ҚРКФ «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» халықаралық форумын өткізді. Оның қорытындысы бойынша технологиялық өзгерістер жағдайында адам мүддесін қорғау қағидаттарын бекіткен Кәсіподақтардың цифрлық хартиясы мен Астана үшжақты декларациясы қабылданды», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Үшінші бағыт – жұмыс істейтін отбасының әл-ауқаты. Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы әлеуметтік саясатты тек жалақы мөлшерімен ғана емес, баспана, азық-түлік, білім беру мен медициналық көмек шығындарын, балабақшалардың қолжетімділігін және кәсіби мен отбасылық міндеттерді қатар алып жүру мүмкіндігін ескере отырып бағалауды ұсынды.

«Жалақыны көтеруге болады, бірақ баспана, азық-түлік, білім алу және медициналық көмек шығындары өссе, отбасы жағдайының жақсарғанын әрдайым сезіне бермейді. Сондықтан жұмыс істейтін отбасының жағдайын тек жалақы деңгейінен кеңірек қарастыру қажет», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин және бұл міндеттерді «Лайықты еңбек – Әділетті Қазақстанның негізі» атты жалпыұлттық күн тәртібіне біріктіріп, Қазақстан Халық Кеңесінің алаңында қоғамдық талқылауға шығаруды ұсынды.

«Мәселе Үкіметтің, Парламенттің немесе әлеуметтік әріптестік жүйесінің өкілеттіктерін алмастыру туралы болып отырған жоқ. Біз Халық Кеңесінің мүмкіндіктерін мәселелерді қоғамдық талқылауға және жұмыскерлердің өз қатысуымен шешімдер әзірлеуге пайдалануды ұсынамыз. ҚРКФ талдау нәтижелерін, еңбек ұжымдарының ұсыныстары мен шешу жолдарын ұсынуға дайын», – деп мәлімдеді ҚРКФ Төрағасы.

Одан әрі жұмыс істеу үшін ол үш қағидатты ұсынды: еңбек ұжымдарымен тұрақты байланыс, бастамаларды бірлесіп пысықтау және олардың қаралу нәтижелері туралы кері байланыс. ҚРКФ әлеуметтік әріптестіктің қолданыстағы тетіктерін – ұжымдық келіссөздерді, салалық және өңірлік келісімдерді, үшжақты комиссияларды пайдалануға ниетті.

«Кәсіподақтардың күші тек сандық көрсеткішпен ғана емес, адамдар мүддесін қорғап, нақты өзгерістерге қол жеткізе алу қабілетімен де өлшенеді. Еңбек адамы – ең алдымен өз елінің болашағына бейжай қарамайтын азамат. Сондықтан оның үні жалақы, еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктер талқыланғанда ғана емес, мемлекеттің дамуы туралы сөз болғанда да естілуі тиіс», – деп мәлімдеді Сатыбалды Дәулеталин.

Форум күн тәртібін жалғастыра отырып, Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева цифрлық экономиканың жұмыспен қамту мен еңбек қатынастарына ықпалына тоқталды. Оның айтуынша, технологиялық өзгерістер еңбек мазмұнына біртіндеп әсер етуде: өндірістік үдерістерді автоматтандырудан бастап платформалық жұмыспен қамту мен жасанды интеллектіні қолдануға дейін жетті.

«Әрбір жаңа технологиялық кезең еңбек адамын қорғауға қатысты жаңа міндеттер қосады. Жасанды интеллект дәуірінде жұмыспен қамту, шешімдердің ашықтығы және адамның өзінің қатысуы бірінші орынға шығады», – деп атап өтті депутат.

Екатерина Смышляеваның пікірінше, әлеуметтік әріптестікті нығайтып, ұжымдық келіссөздердің мазмұнын кеңейту және оларға қатысушылардың біліктілігін арттыру қажет.

«Еңбек саласындағы бірлескен жұмыс нақты нәтиже береді: ол тәуекелдер мен заңнамадағы олқылықтарды алдын ала анықтауға, қоғамдық сараптама жүргізуге және өзара келісілген шешім табуға мүмкіндік береді», – деп баса айтты депутат.

Бастамалардың тәжірибелік мәнін салалық кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарының өкілдері тарқатып айтты.

«Серіктес» жергілікті кәсіподағының төрағасы Сабыржан Қали (Алматы) әділ еңбекақы төлеу, жалақыны индексациялау және әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Ол үшжақты келісімдер мен ұжымдық шарттардың талаптары әрдайым орындала бермейтінін атап өтті. Тараптардың жауапкершілігін күшейту үшін кәсіподақ Еңбек кодексінің нормаларын қайталамай, келісімдердің орындалуын реттейтін жеке заң қабылдау мәселесін қарастыруды ұсынды.

Тағы бір бастама тарифтік мөлшерлемелер мен лауазымдық жалақыны инфляция деңгейін ескере отырып жыл сайын индексациялауды көздейді. Бұл тетікті ұйымдардың қаржылық жағдайын, жұмыспен қамтуға әсерін және бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен енгізу ұсынылды.

Ең төменгі жалақыны айқындауда Сабыржан Қали ХЕҰ-ның № 131 Конвенциясын, өмір сүру құнын, медиандық жалақыны, еңбек өнімділігі мен жұмыс берушілердің мүмкіндігін ескеруге бағытталған кәсіподақ ұстанымын жеткізді. Бұл ретте есептеулер ашық әрі әлеуметтік әріптестердің қатысуымен жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ ол салалық келісімдер мен ұжымдық шарттарда өнімділік өсімінің нәтижесіне жұмыскерлердің сыйақы мен үстемақы арқылы қатысу тетіктерін бекітуді жақтады.

«Қағаз жүзінде ғана қалатын келісімдегі индексация – жай сөз, ал әділ жалақы белгіленбеген құжат – бос қағаз», – деп атап өтті «Серіктес» жергілікті кәсіподағының төрағасы.

Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева еңбекақы төлеу, бюджет саласының кадрлық әлеуетін сақтау және отбасылық міндеті бар қызметкерлерді қолдау жөнінде ұсыныс жасады.

Кәсіподақ 600 мыңнан астам қызметкердің басын қосады, олардың басым бөлігі – әйелдер. Спикердің дерегінше, білім беру саласында 902,2 мың әйел, денсаулық сақтауда 426,3 мың әйел еңбек етеді.

Айгүл Мұқашева бұл салалардағы еңбекақы деңгейі жұмыстың күрделілігі мен жауапкершілігіне әрдайым сай келе бермейтінін айтты. Екінші тоқсанда орташа айлық жалақы білім беруде 385 725 теңгені, денсаулық сақтауда 360 296 теңгені құраған. Сонымен қатар екі салада да медиандық жалақы бір жыл ішінде төмендеген.

Кәсіподақтар бюджет қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарап, оны ең төменгі жалақыға байланыстыруды және тәрбиешілердің, мамандардың, техникалық әрі қызмет көрсетуші қызметкерлердің еңбегін ескеруді ұсынады. Жас әріптестеріне кәсіби тәжірибесін беретін қызметкерлерге лауазымдық жалақысының кемінде 20 пайызы көлемінде тәлімгерлік үшін үстемақы белгілеу ұсынылуда.

«Жас педагог мектепте қала ма? Талантты түлек ғылым жолын таңдай ма? Тәжірибелі маман білімін келесі буынға бере ала ма? Мұның бәрі қызметкерлердің еңбегі қаншалықты әділ бағаланатынына және кәсіби дамуына қандай жағдай жасалатынына байланысты», – деп атап өтті Айгүл Мұқашева.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко жаңа кәсіпорындар мен инфрақұрылымдық нысандар үшін маман даярлау мәселесін көтерді. Ол мысал ретінде Қостанай облысындағы автомобиль зауыттарын келтірді: мұнда өндіріс орындары колледж түлектеріне жұмысқа орналасу мүмкіндігін береді, алайда бірқатар салада, атап айтқанда жол құрылысы мен энергетикада жастарды тарту түйткілі әлі де бар.

«Жұмыс беруші дайын маманды күтіп отырмай, оны даярлауға қатысуы керек», – деп баса айтты Дмитрий Павленко.

Тағы бір ұсыныс алдағы инфрақұрылымдық жобаларды ескере отырып, кадрға қажеттілікті үш-бес жылға алдын ала болжауға қатысты.

«КПО б.в. және мердігер ұйымдар жұмысшыларының Қарашығанақ жергілікті кәсіподағының» төрағасы Медет Үмбетғалиев (Батыс Қазақстан облысы) өндірісті цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу кезінде жұмыскерлерді қорғау бойынша ұсыныстарын жеткізді.

«Технологиялар өндіріске адамның ертеңгі күнге сенімі орныққаннан да тез келеді. Кәсіпорын цифрландырылғаннан кейін оның жұмыс орны сақтала ма? Кәсіподақтар ұжымдық шарттарда қызметкерлерді қысқартуға әкелуі мүмкін цифрландыру жоспарларын жұмыскерлер өкілдерімен міндетті түрде талқылауды бекітуді ұсынады. Жұмыстан шығармас бұрын жұмыс беруші қызметкерлерді басқа қызметке ауыстыру және қайта оқыту мүмкіндігін қарастыруы керек», – деп атап өтті Медет Үмбетғалиев.

Тағы бір бастама еңбек дауларын қарауда жасанды интеллектті қолдануға қатысты. Кәсіподақ жұмыс берушілерді мұндай жүйелерді пайдаланатыны туралы қызметкерлерге хабарлауға, алгоритм қабылдаған шешімдерді түсіндіруге және оларды адамның қайта қарау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндеттеуді ұсынады. Тәртіптік жазалар мен жұмыстан босату тек алгоритмнің қорытындысына ғана сүйенбеуі тиіс.

Сондай-ақ Медет Үмбетғалиев белгіленген уақыттан тыс кезде демалу және жұмыс байланыстарынан ажырау құқығын бекітуді жақтады. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер үшін демалыс кезеңінде шұғыл байланыс мүмкіндігін сақтай отырып, жұмыс аккаунттарын бұғаттау ұсынылады. Демалыс күндері жұмысқа тарту белгіленген тәртіппен ресімделіп, ақысы төленуі керек.

«Біз цифрландыру мен жасанды интеллектке қарсы емеспіз. Біз олардың еңбек адамын алмастырмай, керісінше көмектескенін қалаймыз. Еңбек құқықтарына әсер ететін шешімдер үшін жауапкершілік адамда қалуы тиіс», – деп баса айтты спикер.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ HR-департаментінің кадрлық әкімшілендіру және еңбекақы төлеу басқармасының қызметкерлермен жұмыс жөніндегі бас маманы Юлия Вишенкова өнеркәсіп кәсіпорындарында жас мамандарды тұрақтандыру бойынша ұсыныстарын ұсынды.

Ұсыныстар қатарында Отбасы банкімен, әкімдіктермен және жұмыс берушілермен бірлесіп, моноқалалардағы жас мамандарға тұрғын үй қолдауын дамыту бар. Мүмкін шаралар ретінде бастапқы жарнаға көмек және тұрғын үй сертификаттары аталды.

Сондай-ақ Юлия Вишенкова түлектерді жұмысқа орналастыру және біліктілігін анықтау кезінде дуалды оқыту нәтижелерін ескеруді, кәсіпорындағы тәжірибеден кейін жас мамандардың бейімделуін қарастыруды және тәлімгерлерге мөлшерлеменің немесе лауазымдық жалақының кемінде 20 пайызы көлемінде үстемақы белгілеуді ұсынды.

Бұдан бөлек, ол тұрғын үй, көлік, экология және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты өңірлік бағдарламаларды талқылауға еңбек ұжымдары мен кәсіподақтардың қатысуын жақтады.

«Жұмысшы мамандығын таңдайтын жастарға төрт шарт қажет – баспана, танылған біліктілік, тәжірибелі тәлімгер және өз қаласының болашағы туралы шешімдерге қатысу мүмкіндігі», – деп атап өтті Юлия Вишенкова.

«Қорғау» көміршілер кәсіподағы» ҚБ төрағасы Евгений Буслаев (Қарағанды) еңбек қауіпсіздігі, техникалық инспекторлардың өкілеттігін кеңейту, зиянды еңбек өтілін есепке алу және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау бастамаларын ортаға салды.

«Біз үшін бастысы – адам жұмысқа келіп, үйіне аман-сау оралуы. Ешқандай өндірістік көрсеткіш адам өмірінен қымбат емес», – деді спикер.

Ол сондай-ақ еңбек жөніндегі техникалық инспекторлардың өкілеттігіне тоқталды. Қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда жұмысты тоқтатуды талап ету құқығын заңда бекіту, заңбұзушылықтарды жою тәртібін айқындау және инспекторларды жұмыс берушілер тарапынан болатын қысымнан қорғау ұсынылады.

«Әріптестерінің өмірі мен денсаулығын қорғайтын адамның өзі заңмен қорғалуы тиіс», – деп атап өтті Евгений Буслаев.

Кәсіптік аурулардың алдын алу үшін кәсіподақ емдеу-сауықтыру, қалпына келтіруді, медициналық тексеру сапасын арттыруды және жұмыскерлерді сауықтыру бағдарламаларын әзірлеуге кәсіподақтардың қатысуын қолдады.

«Кенші табысы мен өз денсаулығының арасында таңдау жасамауы керек. Жұмыскер қауіп туралы айтудан қорықпауы тиіс. Ал өндірісте денсаулығынан айырылған адам өз мұңымен жалғыз қалмауы керек», – деп түйіндеді кәсіподақ төрағасы.

ЕҢБЕК АДАМЫН ҚОРҒАУДЫҢ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҚ КҮН ТӘРТІБІ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНДЕ

Еңбек ұжымдары өкілдерінің сөздерінен кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Еңбек адамының үні. Қазақстанның еңбек ұжымдары мен кәсіподақтарының 25 жалпыұлттық бастамасы» құжатын Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановқа табыстады.

Халық Кеңесінің Төрағасы еңбек заңнамасын жетілдіру, еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды күшейту және әлеуметтік әріптестікті дамыту жөніндегі кәсіподақ бастамаларын қолдады. Ерлан Қошанов жұмыскерлердің жағдайы мен кәсіпорындардағы мәселелерден хабардар болғандықтан, кәсіподақтар жалпыұлттық қоғамдық күн тәртібін қалыптастыруға қатысуы тиіс екенін атап өтті.

«Біз үшін кәсіподақтар – елдің жаңа қоғамдық күн тәртібін қалыптастырудағы маңызды әріптес. Сіздер орасан зор адамның мүддесін білдіресіздер, ұйымдар мен кәсіпорындардағы жағдайды жақсы білесіздер, мәселелерді іштен көресіздер және қандай шешімдер қажет екенін түсінесіздер», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Ол кәсіподақ қауымдастығының ұсыныстары Халық Кеңесі мүшелерінің, кәсіподақ өкілдері мен мемлекеттік органдардың қатысуымен пысықталатынын хабарлады.

«Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Халық Кеңесінің басты міндеті – адамдарға өз үнін жеткізуге және өзекті мәселелерінің шешілуіне қол жеткізуге мүмкіндік беру», – деп Кеңес Төрағасы.

Халық Кеңесінің Төрағасы ең төменгі жалақыны айқындаудың ашық тетігін әзірлеу бойынша кәсіподақтардың, жұмыс берушілер мен Үкіметтің бірлескен жұмысын жалғастыруды ұсынды. Оны мүдделі тараптардың қатысуымен Халық Кеңесінің отырыстарында талқылауға болады.

Кездесу барысында Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптестік туралы заң әзірлеу жөніндегі заңнамалық бастамасы да сөз болды. Халық Кеңесінің Төрағасы бұл жұмысқа қайта оралып, заң жобасын талқылауға Кеңес мүмкіндіктерін пайдалану ұсынысын қолдады.

«Бұл тақырыпқа қайта оралатын уақыт жетті деп ойлаймын, әсіресе Халық Кеңесінде заң шығару бастамасы құқығы сияқты салмақты тетік бар. Біз бұл заң жобасын Халық Кеңесінің алаңында талқылап, дөңгелек үстел өткізуге және жан-жақты талқылаудан кейін бұл мәселені ұлттық заңнама деңгейіне шығару туралы бірлесіп шешім қабылдауға дайынбыз», – деп мәлімдеді ол.

Ол республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі үшжақты комиссиялардың қызметіне талдау жүргізуді ұсынды.

«Олар жұмыскерлердің мәселелерін нақты шешіп, еңбек жанжалдарының алдын алуы тиіс. Біз бұл институтты түбегейлі жандандырып, үстірт қараудан керек», – деп баса айтты Халық Кеңесінің Төрағасы.

Ол Кәсіподақтар федерациясы мен мемлекеттік органдармен бірлесіп, еңбекті қорғаудың қолданыстағы нормаларының тікелей кәсіпорындарда қолданылуын талдап, оларды заңнамалық тұрғыда жетілдіру қажеттігін айқындауды ұсынды. Осыған байланысты Ерлан Қошанов еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің жұмысына назар аударды.

«Мемлекет басшысы қоғамдық бақылауды Халық Кеңесі жұмысының басты бағыттарының бірі деп атады, ал өндірістік кеңестер – дәл сол қоғамдық бақылау, әрі ол адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты жерде жүзеге асады. Сондықтан бұл мәселемен біз тығыз айналысамыз», – деп баса айтты ол.

Кездесуге қатысушылар зиянды жағдайда ұзақ уақыт жұмыс істеу салдарынан еңбекке қабілеттілігінен айырылған қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мәселесін көтерді. Ерлан Қошанов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевқа бұл түйткілді шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндіруді сұрап өтініш білдірді.

Ербол Тұяқбаев кәсіподақтардың, бизнестің және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып жатқанын хабарлады. Қолдау тетіктерін айқындау үшін әлеуетті алушылар саны мен қажетті қаржы көлемін анықтауға мүмкіндік беретін есептеулер дайындау қажет.

Ерлан Қошанов бұл мәселе Халық Кеңесінің бақылауында болатынын мәлімдеді. Есептеулер алынғаннан кейін ол бұл мәселені талқылауға Кәсіподақтар федерациясы мен мүдделі тараптардың қатысуымен қайта оралуды ұсынды.

Сондай-ақ Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығының мәселелері де қаралды. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі келесі жылы медициналық жабдық сатып алуға 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылғанын хабарлады. Сондай-ақ орталықтың филиалдарын ірі өндірістік өңірлерде, соның ішінде Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Ұлытау облысында ашу жоспарланып отыр.

Халық Кеңесінің Төрағасы еңбек үдерістерін басқаруда жасанды интеллектіні қолдануға да назар аударды. Цифрлық жүйелер қазірдің өзінде өнімділікті бағалап, еңбекақы мен кадрлық шешімдерге ықпал ете алады, сондықтан жұмыскерлерге мұндай тетіктердің ашықтық кепілдіктері қажет.

«Технологиялар адамға қызмет етуі керек. Олар негізсіз бақылау құралына айналмауы тиіс», – деді ол.

Ерлан Қошанов жасанды интеллектті қолдану кезінде жұмыскерлерді қорғау қағидаттарын заңнамада және ұжымдық шарттарда, соның ішінде қазан айында Астанада қол қойылған цифрлық еңбек туралы үшжақты декларация ережелеріне сүйене отырып бекітуді ұсынды.

Кездесуде айтылған ұсыныстар қатарында өнеркәсіптік және шағын қалаларда жұмыс істейтін жас мамандардың тұрғын үй мүмкіндіктерін кеңейту бар. Ерлан Қошанов тиісті бағдарламаларды іске асыру үшін жұмыс берушілердің, Отбасы банкі мен құрылыс компанияларының өзара іс-қимыл тетіктерін зерделеуді ұсынды.

Ол сондай-ақ өңірлік қоғамдық кеңестерге кәсіподақ өкілдерінің қатысуын кеңейту бастамасын қолдады. Оның пікірінше, өңірлерді дамыту мәселелерін талқылағанда кәсіподақ көшбасшыларының тәжірибесі мен еңбек ұжымдарының мәселелерін білуі пайдаланылуы керек.

«Еңбек адамдары өз құқығын өзі ғана емес, сіздердің көмектеріңізбен де қорғайды. Кәсіподақтар жұмыскердің мүддесін қорғаумен ғана шектелмей, шешім қабылдауға да тікелей араласқаны маңызды», – деп атап өтті Халық Кеңесінің Төрағасы.

Талқылауды қорытындылай келе, Ерлан Қошанов кездесу түрлі сала жұмыскерлерінің сұранысын көрсететін мазмұнды ұсыныстар алуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Сіздер айтқан барлық ұсыныс пен пікірді біз бүгін «аманат» ретінде қабылдаймыз. Бәрін бір арнаға тоғыстырып, мемлекеттік органдармен бірге мұқият пысықтаймыз. Атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттер бойынша әлі де оралып, нақты жауап береміз», – деп мәлімдеді Халық Кеңесінің Төрағасы.

«ЕҢБЕК ДАУЫСЫ»: ЕҢБЕК ҰЖЫМДАРЫНЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ НАҚТЫ ШЕШІМДЕРГЕ БАСТАЙДЫ

Жұмысты әрі қарай ұйымдастыру үшін Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесі жанынан «Еңбек дауысы» жұмыс тобын құруды ұсынды. Оны Халық Кеңесінің мүшелері мен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы басшылығының өкілдері басқарады деп жоспарлануда.

«Павлодардағы кездесу Қазақстан Халық Кеңесінің кәсіподақ қауымдастығымен осындай форматтағы алғашқы алаңы болды. Біз әр бастаманы, әр сөзді нақты шешімге айналдыруымыз керек. Бүгін бізге артылған сенімді бәріміз іспен ақтауға тиіспіз», – деп түйіндеді Ерлан Қошанов.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив