Абай облысында үшжақты меморандумға қол қойылды
Бүгін Семейде облыс әкімдігі, облыс прокуратурасы және Қазақстан Республикасындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Шараға аймақ басшысы Берік Уәли қатысты.
Құжат мүдделі тараптардың өзара іс-қимылын күшейтуге, отбасы институтын қолдауға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірлескен жұмысты жүйелеуге бағытталған.
Кездесу барысында облыс әкімі аталған бағыттағы жұмыстардың маңызына тоқталып, отбасы институтын сақтау мен әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта өңірде 4 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олар Семей және Курчатов қалаларында, сондай-ақ, Абай және Бородулиха аудандарында орналасқан. Алдағы уақытта орталықтар желісін кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2027–2028 жылдары облыстың қалған аудандарында да кезең-кезеңімен осындай орталықтар ашу көзделген.
Орталықтар жұмысын бастағалы бері көмек алу үшін 2 654 азамат жүгінген. Оның ішінде 2025 жылы 1 002 адам, ал 2026 жылдың басынан бері 1 652 адам өтініш білдірген. Бұл өткен жылдың толық кезеңімен салыстырғанда 64,9 пайызға жоғары.
Жалпы, үшжақты меморандум аясындағы бірлескен жұмыс азаматтардың құқықтарын қорғау, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.



