Cемей0°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
444.16 487.29 5.4

«Асыл бесік – Ақсуат»: туған өлке тарихын түгендейтін жаңа журналдың тұсауы кесілді

Бүгін, 13:10

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Асыл бесік – Ақсуат» тарихи-танымдық журналының салтанатты тұсаукесері өтті. Туған өлкенің тарихын зерделеп, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнегелі өмір жолын, Ақсуат өңірінің әдебиеті мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын насихаттауды мақсат еткен жаңа басылым оқырманға жол тартты.

2026 жылғы 1 сәуірде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетінде ресми тіркеуден өткен журнал – өңірдің тарихи мұрасын жинақтап, тарихи жадты жаңғыртуға және құнды деректерді келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды бастама. Салтанатты шараны жүргізуші Мерей Мейіртайұлы ашып, журналдың бас редакторы Ержан Кәрібайұлы Құттыбаев басылымның жарық көру тарихы, мақсаты мен алдағы міндеттері туралы баяндады.

Тұсаукесер рәсіміне қатысқан Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов аймақ басшысы Берік Уәлидің құттықтау хатын жеткізді. Облыс әкімі өз құттықтауында жаңа басылымның ұлттық руханият пен өңір тарихын жаңғыртудағы маңызына тоқталған.

«Құрметті «Асыл бесік – Ақсуат» журналының редакция ұжымы! Сіздерді журналдың жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын! Туған жердің тарихын зерделеп, ел жадындағы құнды деректерді жинақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – ұлттық руханият алдындағы маңызды міндет. Жаңа бастаманың жарық көруі – өңірдің бай шежіресін жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған игілікті іс. Журнал беттерінде қасиетті өлкенің тарихы, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнегесі, өңірдің мәдениеті мен жетістіктері кеңінен көрініс тауып, оқырманға рухани бағдар болады деп сенемін. Ақсуат ауданының құрылғанына 100 жыл толуы қарсаңында басылымның маңызы арта түсетіні сөзсіз. Жарияланатын зерттеулер мен тарихи деректер келер ұрпаққа құнды мұра болып қалмақ. Редакция ұжымына шығармашылық шабыт, толағай табыс пен тың ізденістер тілеймін! Жаңа басылымның ғұмыры ұзақ болып, оқырманы көбейіп, абыройы асқақтай берсін! Ақсуаттың асыл шежіресін таныту жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!» – делінген облыс әкімі Берік Уәлидің құттықтауында.

Сондай-ақ Ақсуат ауданы атынан сөз алған республикалық «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалін ұйымдастырушылардың бірі, меценат Қайырлы Амангелдіұлы Қасенов журналдың бас демеушісі Дулат Тұрсынұлы Тастекеевтің құттықтау хатын оқып берді. Жиында қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері де ізгі тілектерін білдірді. Олардың қатарында қоғам қайраткері, ардагер Мұрат Сейсенұлы Әлин, М. О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Алдамжарқызы, «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Майра Мұрсахан және Абай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Қайрат Қанатұлы Смағұлов болды.

Шараның ерекше сәті – журналдың тұсауын кесу рәсімі. Оған Мұратқазы Сейсенұлы, Жамбыл Бөдеуханұлы және Мұхтарбек Қарпықұлы қатысты. Ақсуаттың абыз ақсақалы Жамбыл Жұманбаев жаңа басылымға ақ батасын беріп, игі бастаманың ғұмырлы болуына тілектестік білдірді. Кездесу барысында журналдың алғашқы авторлары мен оқырмандары да сөз алып, басылымның мазмұны мен болашағына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Өлке тарихына қатысты тың деректерді жинақтау, тарихи тұлғалардың есімін жаңғырту және рухани мұраны кеңінен насихаттау жөнінде ұсыныстар айтылды.

«Асыл бесік – Ақсуат» журналының жарық көруі – туған өлкенің тарихын түгендеп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған тағылымды бастама. Әсіресе Ақсуат ауданының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында басылымның маңызы арта түспек. Журнал алдағы уақытта өңірдің шежірелі тарихын, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнегесін және рухани мұрасын насихаттайтын, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын маңызды ақпараттық-танымдық алаңға айналмақ.



Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив