Cемей0°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха-2°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
444.16 487.29 5.4

Берік Уәли Оқушылар сарайына баратын жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысын қадағалады

Бүгін, 14:22

Аймақ басшысы Берік Уәли Семейдегі Бозтаев көшесі мен Оқушылар сарайын байланыстыратын жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылыс барысын көрді.

Жоба Оқушылар сарайына келетін балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда. Осыған байланысты қаланың сол жағалауындағы айналма жолайрық аумағында жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып жатыр.

Өткелдің ұзындығы – 34 метр, биіктігі 6 метрге жуық. Құрылыс жұмыстары биыл қыркүйек айында басталған. Қазіргі уақытта нысандағы бетондау жұмыстары толық аяқталды. Жолдың екі жағында көпірдің металл конструкцияларын монтаждау жұмысы жүргізіліп жатыр. 

Келесі кезеңде нысанда жарықтандыру жүйесі орнатылып, екі лифт жабдықтары монтаждалады. Мердігерлердің айтуынша, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары желтоқсан айының ортасында аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоба BI Group компаниясының демеушілігімен қалаға сый ретінде жүзеге асырылуда. 

Облыс әкімі нысанды белгіленген мерзімде аяқтап, құрылыстың сапасына баса мән беру қажеттігін атап өтті.

«Жаяу жүргіншілер өткелі өте әдемі әрі заманауи үлгіде салынып жатыр. Ең бастысы, бұл нысан Оқушылар сарайына келетін балалар мен тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік береді. Аялдамалар да жақын орналасқан. Қала инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды әрі қажетті нысан деп айтуға болады», – деді Берік Уәли. 


Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив