Семейдегі жаңа көпірге асфальт төселіп жатыр
Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласында салынып жатқан жаңа автомобиль көпірінің құрылыс барысын көрді.
Көпір төрт жолақты қозғалысқа есептелген, ұзындығы – 810 метр, ені – 23 метр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жалпы салмағы 9 мың тонна, ұзындығы 810 метрді құрайтын металл аралық құрылымы толық орнатылды. Металл конструкцияның үстіне асфальтбетон жамылғысының астына төселетін «техноэласт» гидрооқшаулағыш материалын төсеу жұмысы аяқталды. Бүгінде көпірдің үстіңгі бөлігіне асфальттың бірінші жабынын төсеу басталған.
Сонымен қатар көпірге кіреберіс жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, Шәкәрім және Тәңірбергенов көшелерінің бойындағы ұзындығы 500 метрден астам автомобиль жолдары жаңартылуда.
Ерекше атап өтерлігі, бұл – аралық құрылысты алға жылжыту технологиясымен салынып жатқан еліміздегі алғашқы көпір.
Аймақ басшысы нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстап, қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жаңа көпір пайдалануға берілгеннен кейін ауыр жүк көліктерімен қатар, 11 бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл Аспалы көпірге түсетін көлік жүктемесін азайтып, қаладағы қозғалыс ағынын тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта қаладағы көлік қозғалысының тәуліктік ағыны 6 мыңнан астам автокөлікті құрайды. Жаңа көпір іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 12 мың автокөлікке дейін артады деп күтілуде. Осылайша, жаңа өткел көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, қаланың екі жағалауы арасындағы байланыстың өткізу мүмкіндігін арттырады.






