Семейдегі аспалы көпірдің бір бөлігінде асфальт төсеу жұмыстары аяқталды
Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейдегі Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпірде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі таңда көпірдің сол жағалаудан оң жағалауға бағытталған бөлігіндегі жолға асфалть төсеу жұмыстары толық аяқталды. Ескі асфальт, гидрооқшаулағыш қабаттар алынып, жаңа гидрооқшаулағыш материал және жаңа асфальтбетон жамылғысы төселді.
Аймақ басшысы жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап, көпірдің асфальт төселген бөлігінде қозғалысты жылдамдатып ашуды тапсырды. Облыс әкімі Семей қалалық полиция басқармасына көлік өткелінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көпірдің конструкциялық элементтерін сақтау мақсатында салмағы 8 тоннадан асатын көлік құралдарының қозғалысына шектеу қою қажеттігін айтты. Бұл үшін көпірдің екі жақ шетіне бекеттер қойылады.
Аспалы көпірдің жалпы ұзындығы 1100 метрді құрайды. Оның ішінде аспалы аралық – 750 метр, бетонды аралық – 350 метр. Ені – 26 метр. Асфальтты ауыстыру жұмыстарына 80-ге жуық жұмысшы мен 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылған.