Жолдаудағы басымдықтар: даму, тұрақтылық, әл-ауқат
Халықтың табысын арттыру, цифрлық экономиканы дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және мемлекеттік басқаруды жетілдіру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында осы бағыттарға басымдық берді. Мемлекет басшысы жаңа технологиялар нақты нәтиже көрсетіп, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі керектігін атап өтті.
Президент Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуда нақты нәтижеге қол жеткізуі қажет екенін айтты. Қазір елде екі суперкомпьютер іске қосылып, үшіншісін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту аяқталып, деректерді өңдеу орталықтарының құрылысы жүргізілуде.
Мемлекет басшысы цифрландыру жұмыстары тек автоматтандырумен немесе түрлі іс-шаралар өткізумен шектелмеуі керектігін ескертті. Ендігі міндет – цифрлық технологиялар арқылы азаматтардың табыс табуына және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуіне жағдай жасау.
Осы мақсатта Үкімет цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастырады. Сондай-ақ ауыл өндірушілеріне өнім өткізуге көмектесетін пилоттық жобалар іске қосылмақ. Ал активтерді токенизациялау азаматтарға компаниялар мен нысандардың ортақ иесі болуға, кәсіпкерлерге капитал тартуға мүмкіндік береді.
Жолдауда келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау ұсынылды. Бұл бастама аясында өңірлерде жолдар, әуежайлар, вокзалдар, ауруханалар, оңалту орталықтары мен тұрғын үйлер салу және жөндеу көзделген.
Сонымен қатар кітапханалар, спорт кешендері, шығармашылық үйлері мен ғылыми орталықтардың құрылысына көңіл бөлінеді. Президент халық санының өсуі мен ішкі көші-қон әлеуметтік нысандарға түсетін жүктемені арттырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы құрылыс жобаларын сапалы жоспарлап, мердігерлердің жұмысы мен әр кезеңнің орындалуын қатаң бақылау қажеттігін айтты. Президент экономикалық саясаттың негізгі нәтижесі азаматтардың әл-ауқатынан көрінуі тиіс екенін жеткізді. Осы ретте инфляцияны төмендету, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және халық табысын арттыру міндеттері белгіленді.
Жолдауда келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның, оның ішінде бюджет саласындағы 370 мыңнан астам қызметкердің табысына әсер етеді.
Сонымен бірге өндірістік әлеуетті арттыру, кәсіпкерліктің өнімділігін көтеру және бюджет-салық саясатын тиімді жүргізу қажеттігі айтылды.
Жалпы, Жолдауда белгіленген міндеттер цифрлық дамуды жеделдетуге, өңірлердің инфрақұрылымын жақсартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Ендігі маңызды мәселе – осы тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы.